Тұмса табиғат, аң-құстың алуан түрі, саф ауа. Құрманғазы ауданындағы Қиғаш өзенінің сағасында осы кереметтің бәрі бар. Әсіресе, тұңғиықгүл алқабының көркі көз тойғысыз.
Катерге мініп, канал бойымен Каспий теңізін бетке алсаң, екі жақтан алып теректер иіліп тұр, қамыс қопасы шетсіз-шексіз созылып жатыр, мотор дыбысынан әр бұтадан құстар – аққұтан мен көкқұтантар, суқұзғындар дүр ете ұша жөнеледі. Ал ағаш басына қонақтаған жыртқыш құстар жоғарыдан бәрін бақылап отыр. Айдында аққулар жүзсе, төбеде бірқазандар ұшып жүр, ал қиқулаған шағаланың көптігінен көзің бұлдырайды.
Біраз жүргеннен кейін тұңғиықгүл алқабының ғажайып көрінісі ашылады. Шілденің ортасы – қыркүйек айларында осы сұлулықты өз көзіңізбен көре аласыз.
Жалпы, Құрманғазы ауданының табиғаты өзеннің, арнаның, жасыл-желектің көптігімен облыстың басқа аудандарынан ерекшеленеді. Құрманғазы ауданына келіңіз, өкінбейсіз!
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген автор