БҚО-да полиция басшысының ұлы көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған

506 рет қаралды

Батыс Қазақстан облысы полиция басшысының ұлы көлікті жүргізуші куәлігінсіз басқарған. Бұл мәліметті облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растады, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Полиция мәліметінше, әлеуметтік желілерді бақылау барысында кәмелетке толмаған баланың рөлде отырып, өзін түсіріп, оны Instagram желісіне жариялап жатқаны анықталған. Полицейлер тексеріс жүргізген. Кейінірек видеоның Ақтау мен Оралда түсірілгені белгілі болды.

"Көлікті кәмелетке толмаған адам басқарған. Бұл жағдай бойынша кәмелетке толмаған баланың 1967 жылғы анасына қатысты әкімшілік хаттама толтырылды.

Ол Ақтауда ӘҚБтК-нің 442-бабының 2-бөлігі, ал Оралда ӘҚБтК-нің 128-бабы бойынша жауапкершілікке тартылды", - делінген полицияның хабарламасында.

Полицияның баспасөз қызметі кәмелетке толмаған баланың анасының БҚО полиция департаменті басшысы Махсұдхан Аблазимовтің бұрынғы әйелі екенін және бұл баланың оның туған баласы екенін айтып өтті.

Полиция мәліметінше, әйел адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

13 тамыз, 14:16

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 707 37 300 37 нөміріне және editors@azh.kz поштасына жібере аласыз.