Атырау, 21 желтоқсан 19:59
 ашықВ Атырау -2
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

​Жаңаталап ауылы: «Коронавирустан емес, жерімізді қорғап өлгеніміз артық!

Сурет
4 452 просмотра

Карантинге қарамастан Атырау қаласы маңындағы Жанаталап ауылының ондаған тұрғындары ауыл жанынан жеке компанияның карьер жұмыстарын жүргізуіне қарсылық білдіріп, көшеге шықты. «Элитстрой» ЖШС ауыл іргесінен карьер қазу үшін 10 жылға жерді жалға алған. Жергілікті тұрғындар қарсы, ал әкімдік бәрі заңды дейді.  

«БҰЛ АТА-БАБАМЫЗДЫҢ ЖЕРІ!»

Жиналған жұрттың айтуынша, онсыз да  жайылымдық жер аз, енді карьер қазбақшы.

- Бұл ата-бабамыздан қалған жер, ешкімнің оған қол сұғуға құқы жоқ, - дейді ашуға берілген ауыл тұрғыны Зиба БАХИТОВА. Ауыл тұрғындары болып жерді қазғызбаймыз. Бір күрек топырақ бермейміз. Жерді қазса ертең көк-ала шаң болады, ал бізге таза ауа және малымызға жайылатын жайылым керек. Қазуға көліктер келетін болса, алдарына жатып алуға дайынбыз.

Атырау-Пешной тас жолы бойында орналасқан бұл ауылда 3000-нан астам тұрғын тұрады. Барлығы дерлік карьер қазу жұмыстарына қарсы болып отыр.

- Ертең ауылдан 3-4 шақырым жерден карьер қазылғанда, тұрғындардың мал жаятын орындары болмай, кейін қалалық қоқыс алаңына айналады, – дейді тұрғын Саумал ҚАБДЕЛОВ. Егер де халықтың зарын тыңдайтын әкім, министр болса, бұл жер берілмесін.

Сондай-ақ, жер жалға берілмес бұрын, әкімдік жергілікті тұрғындарды хабардар етпеген көрінеді. Олардың айтуынша, ешқандай қоғамдық тыңдау өткізілмеген.

- Билік өкілдері неге қоғамдық тыңдау өткізіп, біздің пікірімізді білмеді? Бұл біздің экологиямызға қауіпті. Әкімдер халықтың қауіпсіздігі мен денсаулығын мүлде ойлап жатқан жоқ, – дейді тұрғын Эльвира ҚАЛАУЛИЕВА.


БИЛІК: «БӘРІ ЗАҢДЫ»

 «Элитстрой» ЖШС директоры Қадырбек МАҒЗОМНЫҢ айтуынша, компания  тереңдігі 3 метрге дейін  карьер қазады екен. ЖШС жыл басында ресми құжатқа сәйкес әкімдіктен жерді жалға алып, мемлекетке 20 млн теңгеден астам қаржы төлеген.

- Барлық құжаттарымыз заңды және бұл  әкімдіктің ұсынған жері. Мал жайылатын жерге келетін болсақ, бізді қадағалайтын мекемелер бар. Жерді шұңқыр қылып, ешкім тастап кетпейді. 10 жылдан кейін жерді тапсырғанда қазіргідей күйдей тапсырмасақ, бізден оны қабылдамай қалады. Мен жұмыстарымды бастауым керек. Қарсы болсаңыздар, үкіметке айтыңыздар, - дейді Мағзом.

Атырау облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл ҚАЛИЕВА:

- Бұл жерді жалға беру облыс әкімінің қаулысымен бекітілді. Бұл компания барлық құжаттарын негізге ала отырып, жұмыстарына кіріседі. Жалға алу мерзімі аяқталғаннан кейін, жерді қайта қалпына келтіріп, бастапқы күйде тапсыруға міндетті.

Атырау ауылдық округінің әкімі Нұрлан ХАЛМУРЗИН:

- Бұл жерлерді заңға сәйкес берді. Себебі жерді бермес бұрын құзырлы орган зерделеп, тексереді. Компанияның қолында қажетті құжаттары бар.

Халық жиналған кезде полиция келіп, карантинге байланысты заңсыз жиналдыңдар деген желеумен таратпақ болған еді, халық одан сайын ызалана түсті. Олар:

- Біздің коронавирустан емес, жерімізді қорғап өлгеніміз артық! – деп шуласты.

Фархат ӘБІЛОВ 

Суреттерді түсірген автор

6 тамыз 2020, 17:13

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.