Атырау, 27 желтоқсан 06:49
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Даланың дарабоз ақыны

7 656 просмотра

...Біз түгілі құтылмаған алып Абай,
Білмеймін о дүниенің қалі қалай?!
Табылдың бір кездегі әні екен деп,
Соңымнан зарлап жүрсін қалың адай!..

Бұл - қазақтың тұңғыш бард ақыны, сазгер, ҚР мәдениет қайраткері, Индербор поселкесінің тумасы, марқұм Табылды ДОСЫМОВТЫҢ (суретте) жыр шумағынан үзінді. Табылдының қиын тағдыры жайлы оның жұбайы Қарлығаш ИБАТОВА әңгімелейді.  

ЖЕЛТОҚСАН ЖЕЛІ ЫЗҒАРЛЫ

- Табыл (оны көпшілік осылай атап кеткен. - Л. Қ.) Желтоқсанның ызғарын басынан кешкенін екінің бірі біле бермейді. Бұл туралы өзі не айтатын еді?

- Табыл ол кезде Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың журналистика факультетінде оқитын. Сол күні бір жолдасының үйлену тойында күйеу жігіттің қасына еретін болды. Бірақ, бәрі жан-жақтан жастар жаппай орталық алаңға жиналады деген хабар тарады. Ол да не болып жатыр екен деп сонда барған. Әскерилер алаңдағы жастарды қызыл ала қан қылып, тепкінің астына алып жатқанда Табыл да соққыдан бет-аузын түгел қан басып, қатты таяқ жейді. Ал қашқанда арқасынан ломға ұқсас үшкір темірді сұғып алыпты. Денесіндегі тыртық сол күннің белгісіндей болып мәңгіге қалып қойды ғой.

- Оны қудалады ма?

- Алаңда болған студенттер жаппай оқудан шығарылғанда, байқаусызда фотографтың кадрына түсіп қалған Табылды да оқудан шеттетті. Ол өзінің туған жері - Индерборға оралып, мәдениет саласында жұмыс жасады. 1987 жылы қайтадан университетке қабылданды. Табыл «Қазақтың даласы кең, бірақ Дендерім - мен үшін бір төбе» деп айтатын. Ол отбасындағы жалғыз бала болғандықтан, қарт әке-шешесін қалдырып кете алмай, Индербор поселкесінде қалып қойды.

 

ӘКІМ МЕН АҚЫН

- Табыл билікпен жиі жанжалдасқан дейді?

- Ол ішіндегісін тұмшалап қалмайтын, сол турашылдығынан көп таяқ жеді. Қай кезде де ойын ашық айтатын. Мұнысы кейбіреулерге ұнамады. Жергілікті билік басындағылар оның өнерін де, өзін де бағалаған жоқ. Табылдың достары көп болды. Олар Қазақстанның барлық қалаларынан келіп жататын. Бұл биліктегілерге жақпады. 

- Дау немен байланысты еді? Оның сол кездегі аудандық билікпен арасы аса жақсы болмағаны мәлім ғой...

- Әкім сол кезде аудандық мәдениет бөлімін басқарып отырған Табылдың соңынан түсіп алды десем де болады. Оны жиі тексерулердің өзі әбден шаршатты. Табылдың өнердегі достары көп болды. Бірақ, олар келгенде Табыл ешқайда аттап баса алмайтын, осылайша тұсаулы аттың күйін бастан кешті. Осының бәрі ұсақтықты ұнатпайтын, ірілікті сүйетін оның даладай кең жүрегіне ауыр салмақ түсірді. Табыл кей түндерді ұйқысыз өткізетін. Анасы қайтыс болғанда оның қызметтік көлігін басқа біреуге беруі де үлкен соққы болды. 

2010 жылы облыс орталығын-дағы аудан өнерпаздарының күндерінде Индер ауданы екінші орынды иеленеді. Бұл жетістік Табылдың да еңбегінің арқасында келген. Тіпті, осы үлкен шарада «Дендерім менің» әнін гитарасымен шырқап, шараның шымылдығын жапқанда риза болмаған адам кемде-кем деседі.

Бір аптадан соң Индербор поселкесінде концерт өтетін болды. Бірақ, әкім Табылды сахнаға шығармай, оның нөмірін сызып тастайды. Екеуі сол жерде келісе алмай қалады. Әкім сол бойда полиция шақырып, оны бөлімшеге алып кеткен.

Табылдың ішкенін анықтау үшін медициналық тексеруден өткізген, алайда қорытынды оң нәтиже бермеген, сөйтіп, оны үйге жібереді.

Бұл жағдай Табылдың жүрегіне аяусыз жара салды. Қалың көпшіліктің ішінен полицияның машинасымен әкету ауыр соққы болды, маған осыны айтқанда көзінде мөлдіреп жас тұрды. Осы озбырлық оның жанын жегідей жеді, әсіресе, ауыл ақсақалдарының «жә, қойыңдар» деп басу айта алмауы оны қатты қынжылтты. Тамақ ішпей, томаға тұйық қалың ойда жүрді. Атыраудың төріне барып, ән шырқауы оның соңғы рет сахнамен қоштасуы екен. 2010 жылдың 16 қазанында Табыл дүние салды. Оның жасы бар болғаны 45-те еді.  

 

Табылды Досымовтың жанұясы«ОЛ ОЯНБАЙ ҚАЛАТЫНЫН БІЛДІ»

- Табылдың  өлеңдерінде мұң басым. Ол неге қайғыратын, нені армандайтын?

- Оның арманы көп болатын. Үш қыздың ішіндегі ұлы Абылын ерекше жақсы көрді, қасынан қалдырмайтын. Және өзінің ерте кететінін алдын ала сезгендей, өмір сүруге асығатын. Соған қарағанда, ол бір күні өзінің ұйықтап кетіп, оянбай қалатынын білген ғой. Ол тіпті сол туралы өлең де жазған.

- Ол отбасында қандай болып еді?

- Ол жақсы әке болды. Төрт баласын бірінен бірін алалаған жоқ, бірдей жақсы көрді. Қарт әкесін балаша мәпелейтін. Ол не шаруа болса да, балаларымен үлкендерше ақылдасатын. Сосын бір тоқтамға келіп, жүзеге асырып жататын. Оның ірі денесіне қарап, қолынан түк келмейді деп ойлайтындар болар, палауды жақсы дайындайтын. Тазалықты ұнататын.

- Ақынның жары болу оңай емес дейді...

- Түсінісе білсең, түк те қиындығы жоқ. Мен қолымнан келгенше Табылдың қабағына кірбің түсірмеуге тырыстым. Біз таныспас бұрын Табыл екі рет үйленген болатын. Екінші, әйелімен жеті ай ғана тұрып, аяқ астынан ауырып қайтыс болғанда, екі айлық қызын құшақтап қалу ер жігітке оңай болған жоқ. Табыл әйелінің өліміне қайғырып, қатты күйзеліп кетті, жұмыстан бір сағаттық түстікке келгенде анасы Нағимаға көмектесіп, бесік тербетіп, кейде ас ішуге мұршасы болмайтын көрінеді. Түнде бөбектерді уатумен, ауыра қалса, ұйқы көрмей таң атыратын кездерді бастан кешірген. Сөйтіп жүріп өлең жазды, сөйтіп жүріп, Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ, Фариза ОҢҒАРСЫНОВАНЫҢ, Светқали НҰРЖАННЫҢ, Тұманбай МОЛДАҒАЛИЕВТЫҢ, т. б. ақындардың өлеңдеріне ән шығарды. Оның гитара сатып алуға да жағдайы көтермеді, әріптесі Зәмзәм ДӘУІТОВТЕН уақытша сұрап алатын.

2000 жылдары Иманғали ТАСМАҒАМБЕТОВ Табылға қаржылай көмектесіп, біраз көтермеледі. Соның көмегімен алғашқы «Жанарымның жарқылы», кейін «Ұнатамын мен сені» жыр жинақтары жарық көрді.

- Бүгінде «прокатка» алған өмірінен қайтпасқа кеткен Табылды жаңа танығандай күй кешіп жатқандар жетерлік.

- Шынымен де солай. Бірде балам Абыл «апа, әкем өмірден өтпесе, осылай қадір тұтар ма еді. Мұқағалиды да солай танып еді ғой» дегенде мен шынымен де ойланып қалдым. Бірақ Табыл дүниеден озғанда қалың қазақ қатты қайғырды. Жақында Табылдың өлеңдер жинағының дискісі шықты. Бұл да - жұбаныш. Десек те, оның шығармашылығын толыққанды зерттеуді әзірге ешкім қолға ала қоймады. 

- Балалардың ішінде өнерге, өлеңге жақындары бар ма?

- Ақбаян аздап өлең жазушы еді, Атырауға тұрмысқа шыққаннан кейін қояйын депті. Айнамкөз Оралда колледждің соңғы курсында. Ал Абыл 11-сыныпты, Әйгерім 9-сыныпты бітірмек. Абыл бала кезінде құрылыс инженері болам дейтін, қазір бұл ойын өзгерткенге ұқсайды. Ол қазір әкесі секілді ән шырқап жүр сахналарда. Менің одан күтер үмітім көп.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

13 желтоқсан 2012, 00:00

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.