О дүниелік жан үшін Сапура ҚАБДЕНОВА өте белсенді өмір сүруде: жақында ұлын үйлендірді, өзі шетелге барып келді, жалпы бұл жағдайға ол әжуамен қарайды. Жалғыз ғана мазалайтыны – о дүниеден оралу ұзақ уақыт алады екен.
Өзінің «кенеттен қайтыс болғаны» туралы ол кездейсоқ білген. Таң қалған нотариус Сапура апаның жеке бас куәлігін мұқият тексеріп, содан соң қайтадан апаға қарап: «Бұл дәл Сіз бе?» деп сұрапты. Содан кейін компьютердің мониторын апаға бұрып көрсеткен. Экранда: «2012 жылдың 12 мамырында қайтыс болуына байланысты дерекқордан шығарылған» деген жазу тұр екен. Нотаруистың айтуынша, ол мұндай жағдайлар туралы естіпті, бірақ өз басы алғаш рет бетпе-бет келіп отырған көрінеді. Бұл тамыз айында орын алған. Сапура апа сол сәтте жағдайды анықтау үшін өкілетті органдарға барады. Ол жердегілер кеңес бергендей, СТН мен жеке бас куәлігінің көшірмесін тапсырыпты.
- Маған бәрін 15 күн ішінде жасауға уәде берді. Көші-қон қызметі АХАЖ-ға сұраныс жіберіп, ондағылар маған қайтыс болғандығы туралы куәліктің рәсімделмегенін растап, содан соң бүкіл мәліметтерді Астанаға жіберіп, ол жерде дерекқорға қайтадан енгізетіндігін түсіндірді. Үш ай өтті, ешқандай өзгеріс жоқ. Учаскелік инспектор таяуда хабарласып, уақыты келгендіктен жеке бас куәлігін ауыстыру керектігін айтты. Тек мұны қалай жасамақпын? Ал Түркияға мені еш кедергісіз өткізіп жіберді. Әуежайда тұрғанда, кенет тоқтатып: «Азаматша, сіздің құжатыңыз дұрыс емес» деп айтса, не істеймін деп ойлаумен болдым. Бәрі өтті-ау, - деп әңгімелейді Сапура апа.
Болаттың отбасы дін аман әжесінің «өлімі» туралы халыққа қызмет көрсету орталығынан (ХҚО) біліпті. Әжесінің егде тартқан жасы мен сезімталдығын ескеріп, оған бұл туралы айтпаған, отбасымен кеңесіп, мұны өз араларында сақтауды жөн көрген. Ақиқат болмаса да, бұл жағымсыз жаңалық болатын.
- Қазақстан азаматтарына ЖИН беру процесі 2007 жылы басталды, ол кезде құжаттау әділет министрлігінің құзырында болатын. 2011 жылдың мамырынан бастап құжаттауды ІІМ жүйесі жүргізіп келеді. Бәлкім, жүйедегі ақау және бүкіл осыған байланысты қателіктер 2007 жылы басталған болар. Қазір көші-қон полициясы өз күштерімен осындай жағдайларды анықтауда. Кейде адамдар кездейсоқ біліп, өздері келіп жатады. Біз оларды тезірек дерекқорға қайта енгізуге тырысамыз, - дейді облыстық көші-қон полициясы басқармасы бастығының орынбасары Болат ДОСҚАЛИЕВ.
Оның сөзін Халыққа қызмет көрсету орталығындағылар да жанама түрде растады:
- Қазіргі уақытта бізге Атырау қаласы бойынша осындай 7 факті белгілі болып отыр, бәлкім, іс жүзінде бұдан да көп болуы мүмкін. Әдеттегідей, бұл жағдайлар адамдар мобильді ХҚО-на хабарласқан кезде анықталған (ХҚО қызметкерлері мүгедектерге, науқас және егде жастағы адамдарға барады) – олардың бәрі дерлік жасы ұлғайған адамдар. Осыған қатысты талаптарды бізге жаудырады, алайда біз бар болғаны «Халықты құжаттау және тіркеу» тіркеу пунктінің дерекқорын пайдаланушылар ғанамыз және қандай да болмасын өзгерістер мен толықтырулар енгізуге мүмкіндігіміз жоқ, - дейді облыстық ХҚО бастығының орынбасары Тұрлан НҰРЖАНОВ.
Жүйенің қашан қателескені туралы сұраққа ол жауап бере алмады. Бірақ осындай жағдайға душар болғандардың барлығына көші-қон полициясына жүгінуге кеңес берді. Ол жерден АХАЖ-ға сұраныс жіберіп, құжаттарды ІІМ-не жіберуге тиіс. Былай алып қарағанда алгоритм күрделі емес сияқты, алайда тәжірибе көрсетіп отырғандай, Сапура апаның күткеніне үш айдан асып кеткен, соған қарағанда бұл жағдайдың соңғы нүктесі әзір қойылмайтын секілді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА