Композитор, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Кеңес Дүйсекеев қайтыс болды. Қайғылы хабарды Мәдениет министрлігінің баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Азаттық рухы.
Елге белгілі композитордың нақты неден және қай қалада қайтыс болғаны әзірге айтылған жоқ.
«Ия, қайғылы хабарды естідік. Мәдениет министрі атынан көңіл айту хатын дайындап жатырмыз. Бірақ, неден қайтыс болғаны туралы ақпарат жоқ», - деді телефон арқылы баспасөз хатшы Нұрбол Қапешов.
Кеңес Дүйсекеев 1946 жылы Қызылорда облысы Қазалы ауданында дүниеге келген. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген өнер қайраткері.
Ол – “Толғау” симфониясының (1984), “Жалаңтөс батыр” симфония поэма-картинасының (1996), “О, дүние” кантатасының (1997), “Жыл мезгілдері” романстар циклінің (1991), “Мәди”, “Аққу Жібек” мюзиклінің, “Алдар көсе” опереттасының, симфония-концерттер, аспаптарға арналған концерттер, камералық оркестрге шығармалар, соната, рапсодия, вариациялар және 200-ден астам әндердің авторы.