Бұл мектеп әзірге төбесін әр жерден тіреуіш бағандармен лекерлеп бекітілгендігінің арқасында құламай тұр. Ол қанша шыдап тұрады? Мұнда оқу емес, жүрудің өзі қауіп.
Махамбет ауданы Жалғансай ауылының орта мектебі көптен бері апаттық жағдайда тұр.1978 жылдан бері мұнда бірде-бір күрделі жөндеу жүргізілмеген. Жаңа мектеп құрылысы туралы он жылдан бері айтылып келеді, бірақ, екі жүзден астам бала сабақтарын апаттық ғимаратта оқуды жалғастыруда.
Басында бұл кеңшардың жатақханасы болған. Кейін 90 балаға арналған мектеп ретінде пайдаланылуға беріліп, қайта жарақталды. Бала саны көбейгесін, ғимаратқа жалғама құрылысы салынып кеңейтілді.
Мектеп дәліздері әскери жолдар секілді, еден тақтайларының арасы ырсиып ашылып кеткен, ленолеумдері қырық жамаулы. Дұрыс жабылмайтын есіктер мен терезелер сынық. Шатыр да жарық.
Мектеп ұжымы өз күшімен жыл сайын жеңіл жөндеу жұмысын жүргізіп отырады. Алайда, еден жуушылар қанша жамаса да мектеп қабырғаларындағы сылақтар әрлі-берлі өткендердің жүрісінен түсе береді.
- Төбесі төмен түсіп, ағаш белдіктер майысып тұр, сондықтан, біз тіреуіштерді орнатқанбыз, -дейді Жалғансай орта мектебінің директоры Жексенбай ЕСЕНҒАЛИЕВ.– Қабырғалары шатырдың салмағынан қисайып кеткен. Төбе мен қабырғалар арасында ойықтар көрініп тұр. Бір күні төбеміз құлап кете ме қорқамыз.
Одан бөлек, мектепте спорт залының жоқтығына ешкім көңіл аударып отырған жоқ.
Қыста дене тәрбиесі пәні орнына балалар кабинеттерде шахмат пен дойбы ойнайды. Жаман емес, бірақ, бұл денені шынықтыру емес қой.
Мектептің апаттық жағдайда екендігі туралы акт 2011 жылы жасалған. Мектепті бірден жауып тастап, балаларды жақын маңдағы ауыл мектептеріне оқуға ауыстыруға болар еді. Бірақ, әзірге осылай.
Ал Махамбет ауданы әкімінің орынбасары Серік АРЫСТАНОВ 300 орынға арналған жаңа мектептің құрылысы келесі жылы басталады деп отыр.
Тезірек салынса игі еді.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА