Облыстық соттың кассациялық алқасы «Realty Invest Holding» ЖШС жүргізушілерінің ісін сотқа қайта қарауға жолдады. Таң атқаннан күн батқанға дейін жұмыс істейтін отағаларының жалақылары бар болғаны 25 мың теңгені құрап отыр.
ҚАРСЫ ЖАУАП
Жұмыс берушінің еңбек келісім-шартын сақтамай отырғандығына қатысты компанияның сегіз жүргізушісі оны сотқа берген. Келісім-шарт бойынша жұмыс күні таңертең 9-да басталып, сағат 18-де аяқталуы, ал еңбекақы 54 мыңнан 97 мың теңгеге дейін болуы тиіс.
– Іс жүзінде жұмыс күні бізде ерте басталады. Әуежайдан таңғы рейсті күтіп алу үшін біз таңертеңгі 5-те жұмысқа шығамыз, ал ұшатын қызметкерлерді апару үшін кешкі тоғызға дейін аялдауға тура келеді, - дейді жүргізушілер.
Осылайша, олардың әрбіреуі күн сайын орташа алғанда 3 сағаттан артық жұмыс істеген. Оларға, сондай-ақ, демалыс және мереке күндері де жұмысқа шығуға тура келіпті. Мұның бәрі жүргізушілер толтыруға тиісті тайм-есеп деп аталатын автокөлік жүрісінің есебі кестесінде бейнеленген. Құжаттың түпнұсқасына тапсырыс беруші – «Акер Квернер» компаниясының өкілі қол қойып, содан соң жұмыс берушіге жіберіледі, жүргізуші өзіне көшірмелерін қалдырады. Артық жұмыс істеген уақыттары үшін жүргізушілер ақша алмаған. Биылғы жылдың наурызында жүргізушілер қалалық, содан соң облыстық прокуратураға ұжымдық шағым жазған. Қадағалау органы оларға сотқа шағымдануға кеңес беріпті, ал жұмыс беруші олардан бұрын қимылдаған. Сол кезде кәсіпорында қалған бес жүргізушіге еңбекақы төлеу бойынша өзгерістер енгендігі туралы хабарлама беріледі. Олардың жалақысы содан бері 25 мың теңге құрапты. Олардың пікірінше, бұл прокуратураға жүгінгендері үшін жазалау шаралары ретіндегі жауап екен. Жұмыстан шығарамыз деп қоқан-лоққымен олар жаңа келісім-шартқа қол қоюға мәжбүр болған.
– Жұмыс беруші еңбекақының төмендеуін жұмыс көлемінің азайғандығымен түсіндіріп отыр. Алайда бұл шындыққа сай келмейді. Бізде жұмыс азайған жоқ, керісінше: адамдар санының қысқартылуына байланысты қалғандарына бөлінген жұмыс мөлшері көбейді. Мұны біздің табельдеріміз бойынша оңай тексеруге болады, -дейді жүргізуші Рафаиль АКЧУНОВ.
«ЕШҚАНДАЙ ТАЙМ-ЕСЕПТІ БІЛМЕЙМІЗ»
Биылғы жылдың сәуірінде жүргізушілер өз жұмыс берушісін сотқа беріп, еңбекақы бойынша айырмашылықтарды, артық жұмыс мөлшері үшін еңбекақыны өтеуді, сондай-ақ, моральдық зиян үшін өтемақы төлеуді талап етті. Олардың өтініші бойынша, тәжірибелі есепші олардың демалыс және мереке күндері жұмыс істегендері үшін қанша алу керектігін есептеп, сондай-ақ, уақытында төлемегендігі үшін өсімді есептеп шығарған. Олардың әрбіреуі миллион теңгеден алмаған боп шықты.
– Бейресми әңгіме кезінде бізге 200-500 мың теңгеге талаптарымыздан бас тартуды ұсынды, - дейді жүргізушілер.
Бірінші тараптағы сотта жұмыс беруші өкілі талап-арыз берушілердің талаптарын жоққа шығарып, еңбек шарттарындағы өзгерістер туралы келісім-шарттарға өздерінің қол қойғандығын, оның үстіне фирманың жұмыс көлемінің азайғандығын тапсырыс беруші құжат түрінде растайтынын айтты. Тайм-есепті тараптық мекеменің (тапсырыс берушінің – З. И.) жасағандығын және жұмыс берушінің бекітпегенін көрсетіп, оны мойындаудан мүлдем бас тартты.
Сот жүргізушілердің талап-арызын қанағаттандырмады. Ал жүргізушілер шағым арыз берді. Облыстық соттың кассациялық алқасы бірінші тараптағы соттың шешімін жойып, істі қайта қарауға жолдау туралы шешім қабылдады.
Зульфия ИСКАЛИЕВА