29 қарашада «Атамекен» ұлттық экономикалық палатасының облыстық филиалы мәжілісмендер Асхат БЕКЕНОВ пен Құттықожа ІДІРІСОВТІҢ (екеуі де «Нұр Отан» ХДП партиялық тізімі бойынша дауысқа түскен болатын) кәсіпкерлермен кездесуін ұйымдастырды.
МӘЖІЛІСМЕН ЖӘНЕ ҚЫТАЙ ЕСІКТЕРІ
Ұйымдастырушылық тұрғыда қиыспаушылықтар да орын алды. Облыстық жұмыс берушілер мен кәсіпкерлер одағы факс бойынша таратылған шақыртуларға кездесу өткізілетін орын ретінде, неліктен екені белгісіз, өз кеңселерін көрсетіпті. Алайда бастапқыда-ақ шара «Жайық-Ақпарат» баспасөз клубында болады деп жоспарланған болатын және сол жерде өткізілді де. Мәселен, кәсіпкер Георгий ЩЕРБАКОВТЫҢ айтуынша, іс жүзінде қай жерде болатындығын ол кездейсоқ білген екен.
Кездесу басталғанда кәсіпкерлер, неліктен шетелдік фирмаларда қазақстандық қамтуды сақтауды талап етіп отырған мемлекеттің, жергілікті құрылыс компанияларға да осындай талаптар қоймайтындығын сұрады. Олар нарықта сапалы қазақстандық өндірушілердің құрылыс материалдары бар екендігіне қарамастан, арзан әрі сапасыз қытайлық материалды сатып алғанды жөн көреді екен. Әсіресе бұл мемлекеттік нысандардағы мердігерлерге қатысты болып отыр.
Мәжілісмендер бастапқыда «құрылысшыларды күштеудің қажеті жоқ, біз әкімшілік ресурстарды қолдануға қарсымыз, нарықтың өз заңы бар» дегенді айтты. Бірақ содан соң талқылау барысында, өз пікірлерін өзгертті:
- Мен бүгін Жұмыспен қамту-2020 бағдарламасы бойынша салынып жатқан нысандарға барып, қытайлық өндірістен шығарылған есіктердің қондырылып жатқанын көрдім. Олардың сапасыз екені көрініп тұр. Құрылыс стандарттары және құрылыс нормалары мен ережелеріне есіктердің, едендердің, шамшырақтардың сапалық сипаттары бойынша талаптар енгізген жөн деп ойлаймын. Өз ұсыныстарыңызды жазбаша түрде жазып беріңіздер, ал біз оларды парламентте оқитын боламыз, - деді А. Бекенов.
ПРЕМЬЕР-МИНИСТР АЛЫСТА
Кәсіпкер Жәмилә ТӨКЕЕВА салмақты проблемаларды тілге тиек етті. Бірнеше жыл бұрын ол аукционда банктердің бірінен несиеге «аяқты үйлерден» («Рауан» ССК артында) бірнеше пәтер сатып алыпты. Ол жерден мейманхана кешенін ұйымдастыруды, ал нөлдік қабаттан балабақша жасауды жоспарлаған екен. Оның айтуынша, кепілзат ретінде ол банкке қала орталығындағы облыстық филармония ғимаратына қарсы жер телімін ұсынған. Бірақ ол жерде қазір бюджет қаржысына салынған тұрғын үй бой көтерген. Кәсіпкердің айтуынша, осы құрылыс үшін қалалық әкімдік жер телімін одан заңсыз алған. Екі жыл бұрын ол барлық тараптардың табалдырығын тоздырып, сот істі өзінің пайдасына шешіп берген. Бұдан бөлек, премьер-министрдің блогына хат жазғаннан кейін ол сол кездегі облыс әкімі Б. Рысқалиевқа проблеманы шешуге тапсырма берген. Ақыр аяғында қалалық әкімдік өтемақы ретінде Төкееваға Мұз сарайының артындағы жер телімін бөліпті.
- Сот шешімі заңды күшіне баяғыда енді, бірақ әлі күнге дейін мен оның орындалуына қол жеткізе алмай отырмын. Осының салдарынан менде проблемалар туындады: банк кепілзаттың орнын өтеуді талап етіп отыр, ал мен коммерциялық жобаны жүзеге асыруды жалғастыра алмаймын. Кәсіпкерлерді қолдау туралы айтылып жатқан нәрсенің бәрі ұрандату ғана. Мұнда бізге бәрі қарсы. Егер сот шешімі мен премьер-министрдің бұйрығы еленбейтін болса, бизнес-қауымдастықтар не істей алады! – деді эмоцияға ерік берген Төкеева.
Бекенов бұл жағдайға ашуланып, ол туралы қала әкімі Серік АЙДАРБЕКОВПЕН алдағы кездесу кезінде сөйлесуге уәде берді.
САРАҢ ДА, МЫРЗА ДА ЕКІ РЕТ ТӨЛЕЙДІ
Г. Щербаков пен басқа кәсіпкерлер Кедендік Одақтың кемшіліктерін атап өтті:
- Ол енгізілгенге дейін біз қазақстандық кедендік заңнаманың ресейлік заңнамадан анағұрлым озық екенін айтқан едік. КО енгізілгенде 20 жылға артта қалғандай болдық. Онда проблемалар көп, ақыр аяғында келіп тауардың құнына әсерін тигізеді. Біз Еуропамен жұмыс істейміз, онда анағұрлым жеңіл, қосымша құн салығын сатып алатын елде төлейсің. Ал Кедендік Одақ болған соң ҚҚС-ын екі рет төлеуге тура келді. Басқа тұрғыда да қиыншылықтар туындады. Мәселен, егер бұрын біз шымтезек субстраттарын еркін әкелетін болсақ, енді бір кедендік декларация үшін 6 мың доллар төлеуге тура келеді.
Мәжілісмен Ідірісов облыста болған 8 күн ішінде екі мәрте ҚҚС салу проблемасы туралы әлденеше рет естігенін атап өтіп, оны жоғары жақтағыларға жеткізуге уәде берді.
ФРАНЦУЗ ЕТІ АМАЛ ЕМЕС
Кәсіпкерлердің бірі ет және шұжық өнімдерін өндіретін шикізаттың тапшылығы туралы сөз қозғады. Атап айтқанда, оның жобасы күніне 3-4 тонна ет өңдеуді жоспарлап отыр, ал жергілікті нарық өндіріс тиімді болуы мұншама шикізатты осындай бағамен ұсына алмайды. Ол бұдан шығар жол Қазақстанға Франция мен Италиядан импортталған 3-сұрыпты мұздатылған ет әкелу екендігін айтты. Бұған Ідірісов мемлекеттің бұл жағдайға көмектесуге дәрменсіз екенін мәлімдеді:
- Президент 2015 жылдан бастап Қазақстанның 60 мың тонна етті экспорттайтынын мәлім етті. Ал таяуда облыс әкімдерімен болған кеңесте ол барлық нәрсені сырттан әкелуді тоқтату керектігін айтты. Біз қазір 5-6 мың басқа дейінгі ірі мал өсіру шаруашылығына қолдау көрсетіп отырмыз, ал жалпы қарапайым ауыл тұрғындарын қолдауымыз керек. Егер оларды қолдамасақ ештеңе де болмайды. Сондықтан бір жерде отырмай, ауылға барып, дайындаушыларды іздеңіздер.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА
Суретті түсірген автор