23 қарашада «ПЕ-РЕ-МЕ-НА!» газетінің жас журналистерін салтанатты құттықтау шарасы өтті.
Бәрі осыдан бір жыл бұрын «Балалардың әлеуетін арттыру» жобасының аясында ұйымдастырылған жас тілшілер үйірмесінен басталған еді. Бастапқыда онда интернат мекемелерінің 20 шәкірті болды. Бірақ үйірме жаңа қатысушылармен үнемі толығып отырды. Сол кезде ұйымдастырушылар – «Қазақстанның жаңа ұрпағы» жастар бірлестігі оларға орта мектептердегі замандастарын қосуды ұйғарды.
Балалар бір-бірімен араласып, жаңа достарының жұмыстарын көре алатындай етіп топтастырылды. Отбасылық үлгідегі балалар ауылының шәкірттері Сәтпаев атындағы мектеп оқушыларымен (Геолог п.), «Ақ бота» балалар үйінің шәкірттері Ш. Уәлиханов атындағы мектеп оқушыларымен, ал интернат балалары №19 мектеп балаларымен бірге жұмыс істейді. Бұдан басқа, жобаға есту қабілеті бұзылған балаларға арналған мектеп-интернат, №12 мектеп, Кіші Өнер академиясы, Досмұхамедов атындағы лицей мен аудандардан бірнеше мектеп қатысады. Балалардың әуестенгені соншалық, тіпті жазғы демалыста да үйірмелер жұмысын үзбеді. «Тұлпар» лагерінде көшпелі сабақтар ұйымдастырылды.
Жобаны қолдаушы ТШО компаниясының ерікті қызметкерлері кеңестер мен шеберлік сыныптарын өткізді, балаларды баспа басылымдарын беттеу, фото және тележурналистика әдістеріне баулыды. Жас тілшілердің «ПЕ-РЕ-МЕ-НА!» газетіндегі мақалалар тақырыбы алуан түрлі, оларды барлық нәрсе: спорт, демалыс, еріктілер акциясы, жаңа жобалар, т.б. қызықтырып отырды.
№1 интернат балаларының осы мекеме жанында ашылған «Асырап алушы ата-аналар мектебі» туралы пікірін білу өте қызықты болды. Олардың бәрі бұл істің қажет екендігіне сенімді. Бірақ асырап алушы отбасыға бару - олар үшін үлкен мәселе. Біреулері бұған күмәнмен қарайды, ағайынды бауырларды бір отбасының алмайтындығына сенімді, ал олар бір-бірінен ажырамаулары керек. Енді біреулері тек туыстарына ғана сенеді, ал басқалары: «ал егер менің ағзам ғана керек болса ше?» деп, мүлдем ешкімге сенбейді. Таң қаларлығы, балалар үшін ең қиыны: «Неліктен балаға отбасы керек?» деген сұрақ болды. Дәлірек айтқанда, олар әкенің рөлін айтуға қиналды. Анаға қатысты бәрі түсінікті: ол еркелетіп, қамқорлап, қорғау үшін қажет. Олардың пікірінше, әке жұмысқа бару үшін керек екен.
Ұйымдастырушылар балаларға командада жұмыс істеуге, қарым-қатынас жасау дағдыларын үйренуге, өз ойын білдіруге, ой-өрісін кеңейтуге көмектесу мақсатына қол жеткізген. Қазір балалар ашылып, өз армандарын айтудан қысылмайды. Кейбіреуі - Мұхаммед ДЕМЕСБАЕВ, Өтеген БЕКЗАТ, Гүлмира ТАЛАСБАЕВА және басқалар өлең жаза бастапты.
– Маған әңгімелерімнің адамдарды таң қалдырып, қуантатыны ұнайды, - дейді №1 интернат шәкірті Айша КАРТАШОВА. – Журналист болмай-ақ қояйын, бәрібір осы курстардан көп нәрсені үйрендім. Басқалармен араласа білудің кез-келген мамандыққа көмегі бар ғой.
– Кей жағдайда балалар мен жасөспірімдерге ешқандай тренингтер мен кеңестер көмектеспейді. Ал қағаз бен қалам ғажап дүниелерді тудырады. Балаларға сұхбаттасушысының көзіне қарап айтуға қиналатын нәрсенің бәрін қағазға түсіру оңайырақ, - дейді сеніммен психолог Нелли КУЛИКОВСКИХ.
Жоба жасөспірімдердің өз ойларын білдіру құралы болғанын, өз өлеңдерін, мақалаларын, әңгімелерін жариялауды қалайтынын көрсетті. Сол үшін оларға тұрақты балалар басылымы қажет.
Зульфия ИСКАЛИЕВА