Атырау, 27 желтоқсан 06:06
 бұлттыВ Атырау -3
$ 515.25
€ 535.91
₽ 5.18

Таңдай қақтырған жомарттық

2 696 просмотра

Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі 2010 жылдың басынан бастап ағымдағы жылдың мамырына дейін элиталық Самал және Нұрсая ықшамаудандарынан жеке тұрғын үй салуға 1015 жер телімін бөлген. Мұндағы 70 пайыздан астам жер телімі кезек сақтамай берілген.

ҚАЗАНШЫНЫҢ ӨЗ ЕРКІ

Бұл фактілер 23 қарашада облыстық прокуратура алқасында мәлім болды.

– Жер учаскелерінің бөлінуі, соның ішінде жеке тұрғын үй құрылысына жердің бөлінуі әкімдіктердің қалауымен, кезектілік сақталмай жүзеге асырылған. Жерді белгіленген мөлшерден артық беру, су қорынан, көлік жолдары қорынан ұсыну, жерге орналастыру құжаттары жоқ бола отырып, жерді ұсыну анағұрлым кең тараған заң бұзушылықтар боп табылады,  –деп атап өтті облыс прокурорының көмекшісі Рүстем ҒАПУ (суретте).

Кейбір елді мекендердің бас жоспары ескірген немесе мүлдем жоқ. Мәселен, облыс орталығының бас жоспары 2002 жылы бекітілген, күні бүгінге дейін ресми түрде 2007 жылы дайындалған түзетулер де қабылданбаған. Заманауи құрылыстарды ескерсек, оның енді өзектілігі жоғалды. Түзетулерді енді қабылдаудың мәні жоқ, ал кезінде оны жасақтауға көптеген бюджет қаржылары жұмсалған болатын.

Толық жоспарланған жобалар тек Атырау қаласы аумағының 10 пайызында ғана бар. Жылыой, Құрманғазы, Исатай, Қызылқоға және Махамбет аудандарының бас жоспары немесе сызбалары жоқ немесе олар кеңес дәуірінде қабылданған. Бұл мәселе облыста мәслихатпен бекітілген қалалар мен аудандар салу ережесінің жоқтығымен де ушығып отыр. Соның салдарынан бүгінде жерлер заңсыз бөлініп, құрылыстар бейберекет салынуда. Прокуратура пікірінше, әкімдіктер осы құжаттарды дайындауға «жорта» асықпай отырған көрінеді. Сөйтіп биылғы жылы Жылыой ауданының бас жоспарын дайындауға 45 млн теңге бөлу ұйғарылған. Тағы екі елді мекеннің бас жоспарына қаржы бөлу келесі жылға жоспарланған.

 

КАРЬЕР КІМГЕ КЕРЕК?

Жер телімдерін алу туралы азаматтар өтінішінің басым бөлігі (олардың саны 50 мыңнан астам) Атырауда тіркелген. Халық өз кезектерінің жылжыған-жылжымағаны туралы шынайы ақпарат ала алмайды, ал бұл шенеуніктер үшін жерге қатысты қулық жасауға мүмкіндік береді. Мәселен, әлдебір жолы болғыш жанның 2012 жылдың 16 наурызында жазған өтініші шұғыл қаралып, 3 сәуірде оған Нұрсаядан жер бөлінген. Қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі жаңа аудандарға 17 құрылыс жобасын (жер бөлу) жасаған, олардың тек 14-і ғана бекітіліпті. Айта кетерлігі, Өркен, Самал және Нұрсая-3 ықшамаудандары бойынша жобалар бекітілмей қалған. Нәтижесінде Нұрсаяда жеке құрылыс салу үшін бас жоспарда жасыл желектер аумағы ретінде қарастырылған жалпы қолданыстағы жер телімдері үлестірілген. Ал Самал ықшамауданының көп бөлігі құрылыс салуға жарамсыз, өйткені бұл бұрынғы карьерлердің орны болатын. Дегенмен жеке құрылыстар салуға ол жерден мыңнан астам гектар жер бөлінген.

 

АЛ ЖАҒАЛАУ ШЕ?

Әсіресе, Атырауда жер бөлу мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Облыс орталығында үстіміздегі жылдың тамызынан бастап 250-ден астам өтініш түскен. Бірақ жер комиссиясының жұмысы тоқтатылғандықтан, адамдар тиісті жауаптарын ала алмай отыр. Қалалық прокуратура қалалық әкімдік тарапына тиісті ұйғарым енгізді.

Қазір заңсыз бөлінген жерді қайтару жұмыстары жүріп жатыр. Мәселен, «Трианон» ЖШС қала орталығынан тұрғын үй кешенін салу үшін 4,1 га жер мен оған қоса Жилгородоктың жағалау бөлігінен, Жеңіс саябағы маңы мен Балықшыдан бірнеше учаске алған. Осы өтімді жерлердің барлығы да жақсы аудандарда орналасқан. Сот оларды мемлекет меншігіне қайтаруға қаулы шығарды, бірақ шешім әлі күшіне енген жоқ.

2010 жылы Атырау әкімдігі «УС-99» ЖШС-не көппәтерлі үй салу үшін жер телімін бөліпті. Бұл жер мемлекеттік пайдаланушы – тілдерінде мүкісі бар балаларға арналған №3 интернаттан заңсыз алынған. Сөйтіп балалар спорт алаңдарынсыз қалды, ал оның орнына тұрғын үй бой көтерген.

Лауазымды тұлғаларға қатысты осы іс бойынша тексеру материалдары қаржы полициясына жолданды, қазір тергеуге дейінгі тексеру жұмыстары жүргізілуде. Ал келесі факт бойынша қаржы полициясы қылмыстық іс қозғады: тексеру барысында әкімдіктердің жер телімдерін кадастрлық құны бойынша әдейі сатып, кейін оларды меншіктеріне бастапқы бағасынан бірнеше есе жоғары  нарықтық баға бойынша сатып алғандығы туралы факт анықталды. 2004 жылы әкімдік «Жумас и К» ЖШС-не кадастрлық құны 43 млн теңге болатын 28,6 гектар алаңдағы жер телімін сатқан. Содан соң мемлекет осы учаскені нарықтық баға бойынша 340 млн теңгеден асатын сомаға сатып алған. ЖШС мен әкімдіктің лауазымды тұлғаларына қатысты қылмыстық іс қозғалды.

Су қорғау белдеуінде орналасқан учаскелерді жеке меншікке беруге болмайды. Бірақ заңды белден басқандығына көптеген фактілер дәлел болады. Су шаруашылығы инспекциясының мақұлдауынсыз қалалық әкімдік өткен жылы көппәтерлі үй салу үшін «Вест Энерджи» компаниясына 3,7 гектар жер бөлген. Бұл шешім сот тәртібімен жойылып, ал жер мемлекеттің меншігіне қайтарылды.

 

ФРАНЦУЗ БАЗАСЫНА ҚҰШТАРЛЫҚ

Сөйтсек, жерді тек су қорғау белдеуінен ғана емес, ерекше қорғалатын және аумақтардан және аң аулайтын жерлерден де алуға болады екен. Биылғы жылдың қыркүйегінде табиғат қорғау прокуратурасының наразылығы бойынша облыстық орман және аң шаруашылығы инспекциясының Құрманғазы ауданында өткізген тендер қорытындылары жойылды. Ол қорытынды бойынша жалпы алаңы 50 гектар жер «ТМК» компаниясының меншігіне тиген болатын. Сонымен қатар бір уақытта облыс әкімдігінің осы аңшылық құратын жерлерді мемлекет мұқтаждығы үшін алып қою және оларды «ТМК»-ге бекіту туралы 2 қаулысы жойылды. Бұл жер «француздық база» деген атауға ие және шетелдіктердің демалатын сүйікті орнына айналған. Нәтижесінде жерді аңшылар мен балықшылар қоғамына қайтарды. Индер көлінің аумағынан ас тұзын өндіру үшін «Каспий Салт» компаниясына 186 гектар жер бөлу туралы Индер аудандық әкімдігінің қаулысына қатысты прокурорлық наразылық қанағаттандырылды. Бұл көл республикалық маңыздағы өзгеше су нысаны ретінде ерекше қорғалатын аумаққа жатады.

 

БЮДЖЕТКЕ ЖАНЫ АШЫМАУ

Жер кодексінің талаптарына сәйкес, мемлекеттің уақытша пайдалануға ұсынған учаскелерін пайдалану үшін ақы алынады. Автотұраққа арналған жерлер үшін базалық мөлшерлеме 10 есе жоғары соманы құрайды. Салық қызметкерлерінің қалалық жер қатынастары бөлімін ішінара тексеру жұмыстары кей жағдайларда жердің белгіленген мөлшерден төмен мөлшерлеме бойынша берілгендігін көрсетті. Нәтижесінде қала қомақты соманы кем алған. Жалға алу және сату-сатып алу келісім-шарты 10 күн ішінде жасалуы тиіс, бірақ заңның бұл талабы жаппай ескерілмеген. Бұл тұрғыда, әсіресе, қалалық жер қатынастары бөлімі ерекшеленді. Мәселен, АМАНБАЕВ деген біреу жер телімін жалға беру туралы шешімді 2009 жылдың тамызында алған, ал онымен келісім-шарт тек 2012 жылдың тамызында ғана жасалған. Осылайша, фирма үш жыл жалға алу ақысын төлемеген. Ішінара тексеру барысында осындай 110 факт анықталды.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ

28 қараша 2012, 16:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.