Атырау, 26 желтоқсан 18:43
 ашықВ Атырау -3
$ 514.93
€ 536.04
₽ 5.18

Ойнақтаған ортекенің жүлдесі – Дендерде

3 115 просмотра

Алматыда «Ортеке-2012» ІІ Халықаралық дәстүрлі қуыршақ өнерінің фестивалі өткен болатын. Оған Ресей, Эстония, Қырғызстан және Қазақстан шеберлері қатысты. Индер ауданынан барған екі қатысушы (суретте) фестиваль жүлдесімен оралды. Ғизат СЕЙТҚАЛИЕВ 1-орынға ие болып, 500 мың теңге көлеміндегі сыйақы жеңіп алды, ал Серік НЫСАНОВ 3-орын иеленді.

Ата-бабамыз балалардың таным-талғамын қалыптастырып, қиялын шыңдап, өнерге баулу мақсатында осы ортекені ойлап тапқан. Қазақ балаларының алғашқы ойыншығы болған туындының жасалуы мен домбырада ойналуы ерекше. Туындыны ағаштан жонып, аяқтарын бөлек жасайды. Аяғының бөлек жасалуының мәнісі оның үнемі қозғалыста болуы үшін қажет. Және ортекені жіппен жалғастырып, бір ұшын қолға іліп домбыра тартқанда ортеке секіріп билеп, ойнай жөнеледі.

- Мен тораңғы ағашын таңдаған едім. Жеміс ағашын да пайдалануға болады, ең бастысы қатты болуы керек. Сонда дыбыс қатты шығады. Ағаш кебе бастағанда қуыршақты ойып жасауға кірістім. Қуыршақтың төрт аяғы, басы, құйрығының үнемі қозғалыста болуына мән беріп, оны әдемі моншақтармен көмкердім. Бұған бір ай көлемінде тер сіңірдім. Қазылар алқасының назары осы еңбегіме түсіп, менің ортекем басқалардан озық көрінді,- дейді шебер әрі суретші Ғ.Сейтқалиев.

Сол ортекені жасап шығару бір басқа да, оны билете білу де қажет. Домбырашы Серік Нысанов Ғизаттың жасаған ортекесін Құрманғазының «Ақсақ киік», «Қызыл қайың», «Серпер» және халықтың «Қаражорға» күйлерінде шебер ойната білді. Серіктің айтуынша, ақтөбелік шебердің туындысы домбырашының әлсіздігінен көріне алмапты.

Ғизат Индербор поселкесіндегі «Көктем» ықшам ауданының орта мектебінде жұмыс істейді. Қосымша Индер аудандық өнер мектебінде балаларды өнерге баулиды. Ал Серік те сол өнер мектебінде ұстаздық етеді. Екеуі де жұмыстан бос уақыттарында ұлттық өнерді қайта тірілтуге атсалысып, оны оқушыларға үйретуден еш жалыққан емес.

- Біз осы ұлттық өнерді Жайық бойына кеңінен насихаттап, жастардың бойына сіңіруді ойлап отырмыз. Егер біз ортеке өнерін ЮНЕСКО ұйымының қамқорлығына енгізсек, онда бұған бюджеттен қаржы қаралып, зор көңіл бөлінер еді. Және жылма-жыл осындай жарыстар өтсе деп тілейміз,- дейді қос өнерпаз.

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

28 қараша 2012, 16:38

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.