Атырау, 18 желтоқсан 18:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау -3
$ 524.66
€ 550.21
₽ 5.09

Коронавирус Теңіздің түбіне жетпесін

4 931 просмотра

Коронавирус елдегі әлеуметтік-экономикалық жағдайға теріс әсер етіп, барлық салаларға кесірін тигізуде. Әсіресе, бұл он мыңдаған қазақстандықтар мен шетелдіктер жұмыс істейтін Теңіз кенішіне қатты соққы болды. Бүгінде кеніште инфекция жұқтырған 80-нен астам жұмысшы және олармен байланыста болған 1500-ден астам адам анықталды. 

Қазір бұл жерде құрылыс жұмыстары тоқтады. ККЖ-да ең қажетті жұмыстар жасалуда. ТШО басшылығы «мұнай өндіру штаттық режимде жалғасып жатыр» деп мәлімдесе де, шығынсыз болмайын деп тұр.

Хроникаға тоқтала кетсек. Теңізде коронавирус анықталған алғашқы жағдай 8 сәуірде анықталды. Вирус жұқтырған  әйел Ватернас вахталық поселкесіндегі «Аспар Қашаған» мердігерлік компаниясында жұмыс істейді. Науқас әйелмен байланыста болған 50 адам оқшауланды. Ал 11 сәуірде 9 адамда диагноз расталып, вахталық поселкеге 14 күндік карантин енгізілді. Бұл жұмысшылар арасында наразылық тудырды.

14 сәуірде «Теңізшевройл» ауру жұқтыру қаупін азайту мақсатында кеніштен тікелей өндіріске қатыспайтын қызметкерлерді шығара бастағанын хабарлады. Бұл негізгі өндірістік бөлімшелерді де, ККЖ-ны да қамтыды. Ал 19 сәуірде «Болашақ» поселкесінде  жұмысшылар қайтадан жаппай наразылыққа шықты. Олар сол жерде науқастармен байланыста болған жұмысшылардың бір түнге болса да қалуына қарсы болды.

Бұл жерден ауру жұқтырған жұмысшылар әлі анықталып жатыр. Қазіргі уақытта Теңіз өңірдегі ең ірі ауру ошағы болып отыр.

Қызметкерлерді өндіріс аумағынан шығару жалғасуда. Жалпы Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау облыстарынан келген 17 мың адам үйлеріне оралады деп жоспарланған. Штабтың хабарлауынша, қазіргі уақытта 10 мыңнан астам қызметкер, оның ішінде, 4 мыңға жуығы әуе қатынасы, 3 мыңға жуығы теміржол қатынасы, 3 мыңнан астамы автобус арқылы шығып кетті. Олардың барлығы коронавирусқа тест арқылы тексеріліп, теріс нәтиже шыққан жағдайда үйлеріне жіберілді.

Қалған жұмысшыларды 5 мамырға дейін шығару жоспарланған. Ал бұл 17 мың адам емес, одан бес есе көп адам табыссыз қалады деген сөз. Өйткені көбінің отбасы бар. «Теңізшевройл» өз мердігерлерінен жұмысшылардың жалақысын сақтауды «өтінді», бірақ іс жүзінде мұның орындалуы екіталай.

Мұнайсервис компаниялары одағы президиумының төрағасы Рашид ЖАКСЫЛЫҚОВТЫҢ айтуынша, құны 38 млрд доллар болатын ККЖ іске қосылғаннан кейін 10 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылуы тиіс.

Бірақ құрылыс жұмыстарының тоқтауына байланысты жобаны жүзеге асыру мерзімі белгісіз болып тұр. Қазсервис болжамы бойынша, 180 мың адам жұмыс істейтін мұнайсервис саласында жұмысшылардың 25%-ы қысқарады.

Осы тұрғыда ОПЕК+ елдері мұнай өндірісін азайтуға әзер келісім жасады. Қазақстан тәулігіне 390 мың баррельге қысқартуға міндеттеме алды. Энергетика министрлігі Үкімет қаулысының жобасы әзірленгенін хабарлады. Онда ағымдағы жылдың мамыр-маусым айларында мұнай өндіру шектелетін жер қойнауының жекелеген учаскелерінің тізбесі берілген. Өндірісті шектеу орташа, ірі және алып кен орындарына жататын кеніштерге қолданылады. Хабарламада айтылғандай, бұл қаулы «барлық өндіруші компанияларға Қазақстан Республикасының ішкі нарығының мұнай өнімдерінің қажетті көлеміне сұранысты ескере отырып, өндірістің табиғи құлдырау кезеңінде  мұнай өндіруді азайту бойынша міндеттемелерді әділ бөлуді қамтамасыз етуді» көздейді. Өндіріс қысқарғанда Ұлттық қорға түсетін қаржы көлемі триллионнан астам теңгеге кемиді. 

Жақында «АЖ» сұхбатында журналист, мұнайгаз саласының сарапшысы Олег ЧЕРВИНСКИЙ болжам бойынша алдағы үш айда мұнайсервис саласында 30 мыңдай жұмысшы жұмыссыз қалады деген еді. Демек, жеке тұлғалардың жеке табыс салығы бойынша салық базасы азаяды. Әлеуметтік бағдарламалар есебінен бюджеттік шығындарды азайтуға тура келеді, бюджеттен төленетін жалақының, зейнетақының, әлеуметтік төлемдердің индексациясы тоқтатылады.

Қазір Қазақстан өте қиын экономикалық жағдайда қалуы мүмкін. Әлде қиын жағдайда қалды ма.

Нұргүл ХАЙРУЛИНА

2 мамыр 2020, 09:30

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.