Атырау, 18 мамыр 09:27
 бұлыңғыр боладыВ Атырау +20
$ 443.44
€ 480.51
₽ 4.88

Облыстық аурухана карантиннен ашылды – оған не себеп болды

4 427 просмотра

Атырау облыстық ауруханасы карантиннен ашылып, жұмысын қайта жандандырды. Естеріңізге сала кетсек, бұған дейін ол бас санитарлық дәрігер Темірбек МҰСАҒАЛИЕВТІҢ айтуынша  «инфекция ошағы» болып белгіленген еді. Себебі онда бірнеше адам, ішінде медицина қызметкерлері бар, коронавирус жұқтырған.

Сайын Шомиров. Суретті ТЖ қамту жедел штабы ұсынды
Нәтижесінде стационарды дезинфекциялау үшін жауып, қызметкерлер мен емделушілерді  карантинге жіберуді ұйғарды. Ауруханада карантин қай күні басталғанын көпке дейін ешкім хабарлай алмады, сондықтан оның қашан аяқталатыны да белгісіз болды. Айқын ақпараттың жоқтығы,  карантинді қайда өткізетіні,  талабы қандай болатыны белгісіз болғандықтан әдетте сабырлы келетін медицина қызметкерлері әбден мазасызданып, наразылық білдірді. Олар журналистерді шақырып, оның соңы үлкен дауға айналып, хабар республика деңгейіне дейін жетті.  Осы жағдайдан кейін апта өтпей, облыстық денсаулық сақтау басқармасының бастығы Байтолла ҒАЗИЗОВ өз орнын тастап кетті. Енді қиын кезде облыстық аурухананы басқарған Сайын ШОМИРОВҚА қатысты қызметтік тергеу басталғаны белгілі болды.

-Қазір Сайын Шомиров уақытша қызметінен шеттетілді, арнайы комиссия қызметтік тексеру жүргізуде, оның қорытындысымен тиісті шешім қабылданады. Тексеруге коронавирус жұқтырған науқастың дер кезінде оқшауланбағаны себеп болып отыр. 31 наурыздан бастап ауруханада індетті жұқтырған 10 жағдай қызметкерлерден және 12 жағдай емделушілерден тіркелген. Қазір комиссия Covid -19 жұқтырған алғашқы және кейінгі фактілері тіркелгенде аурухана басшылығы қандай іс-әрекет қолданғанын тексереді, - деген хабарлама берді ТЖ режимін қамту жөніндегі жедел штаб.

3 сәуірде «АЖ» облыстық аурухананың карантинге жабылатыны туралы хабар алғаннан кейін бізде сұрақ көп болды.  Науқастың Covid-19 жұқтырғаны 3 сәуір күні таңертең анықталды, ал жұмыстан шаршаған және сол күні нәр татпаған дәрігерлерді ештеңе түсіндірместен кешке дейін ұстаған. Аурухананы карантинге жабу туралы қаулы неге ұзақ дайындалды? Медицина қызметкерлерін неліктен тәуекел санатына (жақын байланыста болған, байланыста болуы мүмкін) іріктемеген, ал дәрігерлер емделушілерді қарап, бір-бірімен өзара кеңесіп жүруді неге жалғастыра берген? Сол уақытта емделуші мен дәрігерлердің көбінен сынама алмаған. Неге жансақтау бөлімі жұмысын жалғастырды, ал аурухана науқастарды қабылдауды тоқтатпады? Аурухана қызметкерлері инфекция жұқтырып алғанына кім жауап береді? Осы сұрақтарды  «АЖ» ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне жолдаған еді. Сол кезде әлі Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау комитетінің төрағасы болған Людмила Бюрабекованың қолымен сауалдарымызға жауап та келді: «Мұндай көп бейінді аурухананы карантинге жабу туралы қаулыны дайындау хирургиялық, травматологиялық, реанимациялық науқастарды одан әрі емдеуге жатқызу, басқа медициналық ұйымдардың басшыларымен және денсаулық сақтау басқармасымен келісу және т.б. сияқты бірқатар мәселелерді шешуді талап етеді. Мұның бәрі түпкілікті шешім қабылдау үшін уақыт алды. Коронавирус инфекциясын жұқтырған науқастармен жақын байланыста және қатынасуы мүмкін деген адамдар дер кезінде анықталды, сол күні медицина қызметкерлеріне ПЦР-тестілеу ұйымдастырылды. ҚР бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің 2020 жылғы 1 сәуірдегі қаулысына сәйкес (9-тармақ, 5-тармақша) оң нәтиже шыққан жағдайда медицина қызметкерлері жұмыстан шеттетілуі және емделуге жіберілуі тиіс, ал егер расталмаса, өз міндетін орындауды жалғастыру керек. Бірінші тестілеу нәтижесі бойынша медицина қызметкерлерінде оң нәтиже анықталған жоқ, сосын олар жұмысын жалғастырды. Аталған қаулыға сәйкес, тестілеу тек жақын байланыста болған адамдарға ғана жасалады. Сондықтан тексеруден барлығы өткен жоқ. Жансақтау бөлімшесі тасымалдауға келмейтін науқастарға шұғыл көмек көрсету қажеттігіне байланысты жұмысын жалғастырды. Бұл ретте санитарлық-дезинфекциялық және эпидемияға қарсы режим күшейтілді. Хирург пен басқа да дәрігерлер жағдайы ауыр науқастарға көмек көрсетуді жалғастырды, себебі оларға жасалған сынама-тест теріс нәтиже көрсеткен болатын. Аурухана ауыр халдегі науқастарды мәжбүрлі түрде, жаңадан келген науқастар үшін арнайы дайындалған жеке бөлімшеде қабылдады. Аурухана қызметкерлерінің инфекция жұқтырғаны үшін стационар басшылығы жауап береді».

Қазір аурухана бас дәрігерінің міндетін Бауыржан АХМЕТҚАЛИЕВ атқаруда. Оның айтуынша, карантин аяқталғаннан кейінгі алғашқы күнде 160 медицина қызметкері жұмысқа шықты. Олардың әрқайсысында коронавирус инфекциясына екі рет тапсырған сынама-тест нәтижелері расталмады. Науқастардың түсуіне байланысты басқа да қызметкерлер кезең кезеңімен жұмысқа тартылады. Заңгерлер еңбек ақысын төлеу және жұмыс уақытына байланысты мәселелерді талқылауда. 22 сәуірден бастап ауыр науқастарды қабылдай бастады, ал жоспарлы операциялардың уақыты кейінге шегерілді. Қазір медициналық мекемеде жеті бөлім мен жансақтау бөлімі жұмыс істеп тұр – бәрі толықтай дезинфекцияланып, дәрігер, медбике мен санитарлар қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етілген.  Қабылдау бөлімінің өзі Covid-19 инфекциясының айқын белгілері бар емделушілер қабылданатын провизорлық және басқа науқастар қабылданатын таза аумақ болып екіге бөлінді.

Қазір ауруханадағы санитарлық және эпидемиологиялық қорғаныс шаралары бұрынғыдай емес, күшейтілді деп сендірді Б.Ахметқалиев.

Зульфия ИСКАЛИЕВА 

24 сәуір 2020, 19:21

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.