Ал Facebook-те «Бағбандар, мал өсірушілер – керемет» деген топ кеңінен қолданылады. Бұл топта көшет сатушылар толып тұр. Олар атызда өсіп тұрған, климатқа бейімделген, көп өнімді сұрыптарды ұсынады, кеңестерімен бөліседі. Жергілікті саяжай иелерінің қатарын тал сататын басқа жақтың саудагерлері толықтырған. Парақшада көзіме бірінші ілінген телефон нөмірін тердім. Оңтүстікше диалектімен сөйлеген ер адам жеміс ағаштарының кез-келген түрінің бір көшетін 800 теңгеден ұсынды. Ол «Дина» базарында сауда жасайды екен.
- Бүгін дүйсенбі. «Дина» санитарлық күнге жабық қой.
- Біз қоймадан сатамыз. Базарға келсең, күтіп аламыз. Қалаған талыңды таңдап береміз, Сарыағаштан әкелінген. Алмадан «Апорт», «Белый налив» деген сұрыптар бар. Дәмі тіл үйіреді...
Саудагердің «Дина» маңындағы жеке үйде тұратыны белгілі болды. Ал «Көктем» базарында қалай екен? Көшет сатушылар тұратын жердегі дуалға олардың телефон нөмірлері жазылған маңдайшалар ілініпті. Олар да енді үйден жұмыс жасайды екен.
- Осы маусымда ешқайсысы бұл жерге келген жоқ. карантинге байланысты алыстан жұмыс жасауға көшті, - дейді бөлке сатушы.
Телефондардың біріне қоңырау шалып, Рүстеммен таныстым. Оның айтуынша, базарда оларға сауда жасауға рұқсат бермейді екен. Ол Жұмыскердегі «қоймадан» түрлі көшеттердің бір данасын 700 теңгеден ұсынды. Тараздан әкелінген екен.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ