12 сәуірде Атырау облысында коронавирусқа шалдыққан 59 науқас ем алуда. Олардың 16-сы – медицина қызметкерлері (3 дәрігер, 8 медбике және 5 санитар қызметкері). Бұл туралы облыстың бас санитарлық дәрігері Темірбек МҰСАҒАЛИЕВ онлайн-брифинг барысында мәлімдеді. Бүгінде өңіріміздегі инфекция ошақтары - облыстық аурухана мен Теңіздегі «Ватернас» жатақханасы.
- Облыстық ауруханада жүргізілген эпидемиологиялық тексеру жұмыстары инфекцияның аурухана ішінде таралу себептерін анықтады: бұл жеке гигиенаның сақталмауы, арнайы киімнің болмауы; медицина персоналы мен науқастар ғимарат ішінде әрлі-берлі жүріп, инфекцияны бөлімшелерге «таратқан», - деді Т. Мұсағалиев. - Біз инфекцияны өршітпеу үшін аурухананы карантинге жаптық. Біздің тағы бір міндетіміз – қызметкерлер мен емделушілердің бір-бірімен байланысын шектеу, біз бәрін түрлі орындарға көшіру арқылы осылай жасадық. Көбі шағымданып, неге үйге карантинге жібермейді деп сұрайды. Бұлай жасауға мүлдем болмайды. Олардың жақындары мен тума-туыстарына жұқтырып, одан әрі тізбектеліп басқа азаматтарға жұғу қаупі бар.
Әрине, облыстық ауруханаға қатысты мұндай түсініксіз жағдай қалай пайда болған деген сұрақ әркімді алаңдатады: алдымен бірнеше бөлім карантинге жабылды, содан кейін карантин туралы ақпарат жоққа шығарылды, науқастарды қабылдау бөлімшесі жұмысын жалғастырды. Соның салдарынан коронавирусқа шалдыққандар саны көбейді. Қызметкерлер мен емделушілерді көшіру, аурухананың бүкіл орынжайын дезинфекциялау қажет болды. Мұның бәрі медицина қызметкерлерінің наразылығын тудырды.
- Кейбір бөлімшелерді карантинге жабу арқылы инфекцияны өршітпеуге әрекет жасалды. Бірақ аурухананың бір бөлігін карантинге жабу мүмкін болмады. Мамандар, мысалы, реаниматологтар бөлімшелерге барды, басқалары да бұзды. Сондықтан кезең-кезеңмен түрлі шешімдер қабылданды. Содан соң бүкіл аурухананы толықтай карантинге жабу туралы шешім қабылдадым, - деді бас санитарлық дәрігер.
КТК арнасындағы әріптестеріміз ұсталған облыстық аурухана ауласындағы жанжалдың себебін облыс әкімінің орынбасары Бақтыгүл ХАМЕНОВА «түсінбестік» деп санайды.
Егер аурухана ауласы карантиндік аумақ болса, неліктен журналистер ол жерге оп-оңай кірген, неліктен дәрігерлер сыртқа еш кедергісіз шыққан деген сұрақтарға келер болсақ, оның айтуынша, бұл жағдайлар бөлек нақтылауды қажет етеді. Бұл үшін медицина қызметкерлері жұмыстан шығарылмайды немесе басқа жазалау әдістері қолданылмайды, деді Хаменова журналистердің нақты сұрағынан кейін.
- 10 күн ішінде облыстық ауруханада 18 адам ауырып қалды. Біз дәрігерлерге жан-жақты, соның ішінде, психологиялық қолдау көрсетіп, оларды жайлы жерге орналастыруымыз қажет. Бірақ бәрі ойлағанымыздай бола бермейді. Жіберілген қателіктер үшін кешірім сұраймын, бұл бізге сабақ болады. Қазіргі уақытта біз оларды басқа жерге орналастыру мүмкіндігін іздестіріп жатырмыз. Осыған байланысты демеушілерге, қонақ үй бизнесінің өкілдеріне жүгінеміз. «Берекеде» де жағдай жасауға тырысудамыз, бұл толық жабдықталмаған жаңа әлі ешкім тұрмаған үйлер, - дейді Хаменова.
Облыстық аурухананың медицина қызметкерлері карантинде болған уақыттары үшін қалай төленетінін сұрады.
- Заң бойынша карантин еңбекке жарамсыздық деп саналады, - деді денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВ.
- Бірақ біз медицина қызметкерлеріне жалақыларын толықтай төлеу үшін қаржы табуға тырысамыз, - деп толықтырды Хаменова.
Медицина қызметкерлері өздері үшін карантин қай уақыттан бастап есептелетінін сұрайды, өйткені кейбір бөлімшелердің қызметкерлері 3 сәуірден бастап ауруханадан шықпаған.
Мұсағалиевтің айтуынша, ауруханада вирус шыққан соңғы жағдай анықталған уақыттан бастап жүргізіледі. Соңғы жағдай 10 сәуірде тіркелген.
Жұқпалы аурулар ауруханасында бүгінде 59 адам ем алуда. Провизорлық стационарда 17 адам, карантинде 333, үй карантинінде 664 адам жатыр. Жұқпалы аурулар ауруханасының бір емделушісі ауыр жағдайда: бұл 82 жастағы ер адам, ал тағы бір науқас орташа ауыр жағдайда. Қызылқоға ауданынан келген жүкті әйелдің жағдайын дәрігерлер «қанағаттанарлық» деп бағалап отыр. Ол алдымен облыстық аурухананың гинекологиялық бөлімшесіне түсіп, содан кейін жансақтау бөліміне жатқызылды. Содан кейін ғана оның диагнозы анықталып, жұқпалы аурулар ауруханасына ауыстырылған еді.
8 сәуірде 15 эпидемиологтың Атырауға оралғаны туралы хабарланды. Олар 20 наурыздан 7 сәуірге дейін Алматыдағы әріптестеріне көмек көрсеткен болатын. Т.Мұсағалиевтың айтуынша, олар ең алғашқылардың бірі болып алғы шепте жұмыс істеді. Эпидемиологтар коронавирустың бар-жоғына қатысты анализ тапсырып (барлығы теріс нәтиже берді), жұмыстарын бастаған.
- Карантиннен кейін олар дереу жұмысқа шықты, ешкім еңбек демалысын немесе бірнеше күнге демалыс сұрамады, өйткені олар өз тәжірибелері қазір қаншалықты құнды екенін түсінеді. Облыста вирусологтар жеткіліксіз, СПИД орталығының бір маманы және обамен күрес станциясының екі маманы біздің жұмысымызға қосылды. Ұлттық сараптама орталығы Атырау филиалының зертханасы тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді, біздің қызметкерлер бұл инфекцияны, тікелей мағынада, күнделікті қолдарында ұстайды. Вирусқа жедел тестілер әзірге жеткілікті - 8600 дана.
Соңғы күндері перзентхана емделушілерінен туыстарына үйлерінен сәлем-сауқат беруге тыйым салынғандығына көп шағым түсті.
Б.Ғазизовтың айтуынша, мұндай шара қауіпсіздік мақсатында қабылданған. Өйткені вирус осы стационарларға да кіруі мүмкін. Оның есесіне науқастар қазір күніне 3 емес, 4 рет тамақтандырылады.
Облыстық аурухананың карантиніне байланысты пациенттер перзентханаға, перинаталды орталыққа, теміржол ауруханасына, кардиоорталыққа жіберіледі. Ал №7 қалалық емхана жанынан травматологиялық науқастар үшін амбулаториялық хирургия орталығы ашылды.
Зульфия ИСКАЛИЕВА