Қазір бүкіл адамзатқа коронавирус деген қауіп төнді. «АЖ» тілшісі басқа елдердегі таныс әріптес журналистерден, жай ғана таныс жандардан ол жақтағы жағдай қандай екенін, вирустың таралуымен қалай күресіп жатқанын білуді ұйғарды. Кейбірі біздің Қазақстандағы жағдай секілді, бірақ айырмашылығы да бар.
ТУНИС
«Радио Культура» арнасының журналисі Саида 6 сәуірде 574 жағдайдың расталып, 22 өлімнің тіркелгенін айтты.
«Бүкіл республика аумағында коронавирус тіркелгеннен кейін Тунис үкіметі әр заң бұзушыға қатысты қолданылатын бірқатар құқықтық шешімдер мен процедураларды қабылдады. Ішкі істер министрлігі таңғы сағат 6-дан 18-ге дейін қолданылатын коменданттық сағатты сақтамайтындарға қатысты қатаң шаралар алды», - деп жазады ол.
Үкімет кедейлік шегіндегі 60 мың отбасына 150 миллион динар (50 миллион доллар) қаржылай көмек берді. Бұдан басқа, азаматтардың тағы бір санаты – табысы төмен отбасылар (Тунисте олардың саны 623 мың) «Сары емделу кітабын» (200 динар) алады.
Медициналық маскалар мен басқа да қорғаныс құралдарына келетін болсақ, сұхбаттасушым қазір тапшылық жоқ деп жауап берді, өйткені қажетті көлемде фабрикалар мен тігін компаниялары жұмылдырылған.
Тунисте карантин 4 сәуірге дейін енгізілді, бірақ эпидемияның таралуына байланысты ұзартылды. Коменданттық сағат басталғаннан кейін полицияның жазбаша рұқсаты бар адамдар ғана үйден шыға алады.
«Үкімет 50 динар мөлшерінде грант төлеп, жұмыссыздарға қатысты шұғыл шара алды. ШОБ субъектілеріне несиені жарты жылдан кейін төлеуге мүмкіндік берді», - деп жазады Саида.
Әрине, карантиннен жалыққан халық мұның бәрі қашан аяқталып, қалыпты өмірге қашан ораламыз дейді. Айтпақшы, жастар қауіпсіздік режимін сақтамай жатады, сәйкесінше заң бұзушылықтар көбейіп, әкімшілік қамауға алынуда.
ӘЗІРБАЙЖАН
Бұл жақтағы әріптесім 6 сәуірде елде 641 жағдай тіркеліп, 7 адам қайтыс болды деп жазды. «Министрлер Кабинеті жанындағы шұғыл штаб елде 5 сәуірден 20 сәуірге дейін қозғалысқа шектеулер енгізу туралы шешім қабылдады». Бұл кезеңде сыртқа шығу үшін арнайы электронды рұқсат қажет. Оны SMS арқылы алуға болады (әрі кеткенде 3 сағатқа қолданылады).
Әзірбайжанда, біздің еліміздегі сияқты, медициналық маскалар жетіспейді, оған сұраныстың күрт артуы себеп болып отыр. «Азық-түлік бағасы онша қымбаттаған жоқ. Рас, карантин басталғанда супермаркеттерде сатып алушылар көп болды, бірақ содан кейін бәрі тұрақталды. Азық-түлік дүкендері ашық, тәулік бойы супермаркеттер желісі жұмыс істейді».
Оның айтуынша, жалпы елдегі жағдай қалыпты, адамдардың басым көпшілігі карантин тәртібін сақтайды. Қауіпсіздік мақсатында Бакуге және Апшерон түбегіне кіруге және шығуға жол жабылған.
САУД АРАБИЯСЫ
Меккелік журналист Ахмед Салех ХАЛАБИ 22 қаңтардан бастап Корольдікке кіру нүктелерінде бақылау күшейтілгенін жазады. Денсаулық сақтау министрлігі барлығын алдын-алу шараларын ұстануға шақырады. Атап айтқанда, қол беріп амандаспау, қолды үнемі сабынмен жуып тұру, аса қажет болған жағдайда ғана үйден шығу. Қазіргі уақытта инфекция жұқтырған 2463 адам тіркелген; 34 адам қайтыс болған, 488 адам жазылып шыққан. «27 ақпаннан бастап Корольдік кіші қажылықты (Умра) және Пайғамбар мешітіне баруды тоқтата тұру туралы шешім қабылдады. Ал 5 наурыздан бастап Қағбаға кіретін жол жабылды», - деп жазады Ахмед бей. 23 наурызда сағат 15-тен таңғы 6-ға дейін коменданттық сағат енгізілді, оны бұзғаны үшін - 2650 доллар айыппұл, қайталап бұзса, түрмеге қамау жазасы белгіленген. Бірінші кезекте қажет емес бүкіл дүкендер мен кәсіпорындар жабылды. Мейрамханалар мен кафелер тек жеткізу үшін жұмыс істейді. Той жасауға тыйым салынған, келушілер үшін мешіттер жабылды. Мектеп, колледж және университеттер қашықтан оқытуға көшті. Компаниялар мен мемлекеттік ведомстволардың кеңсесі жабылды, ал қызметкерлерге жалақысы сақталатын демалыс берілді. Мемлекет барлық азаматтар үшін коммуналдық төлемге жеңілдік енгізген.
Мемлекет зейнеткерлерге, аз қамтылған және көп балалы отбасыларға да көмектеседі, үкіметтен басқа, «Меккеге әділеттілік» науқаны аясында жеке бизнес те қол ұшын беруде.
«Медициналық маскаларды, дезинфекциялық және залалсыздандыру құралдарын үкіметтен тегін аламыз, олар көшеде, жол бойында таратылады, біз ешқандай тапшылық көрмедік», - дейді Ахмед бей. Оның айтуынша, азық-түлік бағасы көтерілмеген, өйткені билік тарапынан қатаң бақылау бар.
ШВЕЦИЯ
Бұл елде әр азаматтың жеке жауапкершілігі - пандемиямен күрестің негізгі құралы. SVT ұлттық телеарнасының тілшісі Эллин ЙОНССОННЫҢ айтуынша, билік тыйымдар мен айыппұлдарды тиімсіз деп санайды, сондықтан халықты ақпараттандыруға, ұсыныстар мен түсіндірулерге басты назар аударады.
«Осы қиын-қыстау кезеңде барлық саяси партиялар (бізде үлкенді, кішілі партия көп) бірлесе жұмыс істейді, ешкім осы қиыншылықты пайдаланып қалып, саяси дивидендтер алуға тырыспайды. Барлығы елдің бас эпидемиологы Андерс Тегнеллді тыңдайды, ол күн сайын елдегі ахуал туралы хабарлап отырады», - дейді Эллин.
Мектеп мен балабақшалар әлі жабылған жоқ. «Эпидемия ұзақ уақытқа созылады, сондықтан бұл уақытта қоғамды тоқтатып қоюға болмайды, тепе-теңдік табу керек - бізге осылай түсіндіреді. Егер балалар үйде қалса, онда дәрігерлер, өрт сөндірушілер және басқа да әлеуметтік маңызды қызметтер жұмыс істей алмайды. Оның үстіне, Швеция мектептерінде балалардың жағдайы жақсы ұйымдастырылған, олар бақылауда, бұл жерде арнайы режим құрылған» деп санайды. Ал жоғарғы оқу орындары қашықтан оқытуға көшкен.
Эллиннің айтуынша, вирустан қашып құтыла алмайсың, көп адам ауырып шығады, сондықтан басты міндеттердің бірі - ерекше қауіп тобындағы қарттарды сақтау. Балабақша мен мектепті жаппаудың тағы бір себебі осы, өйткені бұл жағдайда балаларды ата-әжелерімен қалдыруға тура келеді.
Шағын ғана (10 миллионнан астам халқы бар) Швецияда бүгінде 70 мың адам инфекция жұқтырып, 477 адам қайтыс болды.
"Әрине, бәрі де өлімнің көбейгеніне алаңдайды. Жағдайға байланысты іс-шаралар өзгеруі мүмкін деп ескертті. Орындар дайындалып жатыр, мысалы, Экспо павильоны госпиталь ретінде қайта жабдықталуда. Бізде, қазір барлық жердегідей, медицина қызметкерлері жетіспейді, сондықтан медициналық көмек көрсете алатын дағдысы бар жандардың барлығын жұмылдыру керек деп жариялады».
ИНДОНЕЗИЯ
Бүгінде бұл жерде 2500-ге жуық жағдай тіркелген. 209 адам қайтыс болды, 192 адам сауығып шықты. Танысым Рима СЯРАСВАТИДІҢ айтуынша, коронавирусқа қатысты ахуал туралы үкімет күн сайын жариялап отырады. Қорғаныс маскалары тапшы, олардың бағасы біздегідей шарықтап тұр екен.
Әзірге пандемия салдарынан жұмыссыз қалғандарға үкімет тарапынан ешқандай көмек жоқ. Коммуналдық қызметтерді төлеуді де кейінге қалдырмаған. Ал Индонезия халық саны бойынша әлемдегі төртінші ел және бұл жердегі басты проблема - кедейлік. Азық-түлік бағасы қалыпты, адамдар үнемдеуге тырысуда.
«Бәріміз вирустың таралуынан қорқамыз, әсіресе Джакартада, бірақ провинцияларда көбі әлі де үкіметтің нұсқауларын елемейді, өйткені олар бұл үлкен қалалардың ғана проблемасы деп санайды», - дейді Рима. - Басында бәрі дүрбелеңге түсті, тауарларды жаппай сатып алды, бірақ қазір сауда орталықтары мен базарлар шектеу енгізді. Мысалы, бір қолға күніне 3 бөтелкеден артық сүт сатпайды». Оның айтуынша, барлық халықаралық рейстер жабылған. Арнайы техника көше бойымен дезинфекциялық құралдарды шашып жүреді.
НИДЕРЛАНДЫ
Амстердамдағы Марк былай деп жазады: үкімет «ақылға қонымды блок» енгізді - бұл сыртқа шығуға болады, бірақ шығуға кеңес берілмейді деген сөз. Көшеде 2 адамнан көп топталып жүруге рұқсат етілмеген, әйтпесе айыппұл салынады. Бүгінде елде 18 мыңнан астам адам инфекция жұқтырған және 1867 адам қайтыс болған.
Қазіргі ахуалға байланысты жұмыс істей алмағандар мемлекеттен қаржылай көмек (белгіленген сомасыз) және 0%-бен несие алуға құқығы бар.
«Вирустың таралуына байланысты бұрынғы дәрігерлерден уақытша өз кәсібіне оралуды өтінеді», - деп жазады Марк. Басқа да көптеген елдердегідей, маскалар, қарқынды терапия үшін кереует орындар жеткіліксіз. Ауруханалар кереуеттер мен ресурстардың санын көбейту үшін бар күшін салуда (респираторларға үкімет тапсырыс береді, бірақ қазіргі уақытта оларды алу қиын).
Азық-түлік бағасы өзгермеген, дүкендерде жеткілікті. Марктың айтуынша, Нидерланд Корольдігінің халқы жағдайды өте маңызды деп санайды. Көпшілігі үйден жұмыс істейді. Дәрігерлердің, полиция қызметкерлерінің және басқа да төтенше жағдайлар қызметінде жұмыс істейтіндердің балаларынан басқаларға мектеп жабық.
ӨЗБЕКСТАН
Намангандық әріптесім Дилмурод ЖУМАБОЕВ 30 наурыздан 20 сәуірге дейін мемлекеттік қызмет көрсету орталықтары берген арнайы рұқсаты бар адамдарды қоспағанда, Ташкент, Нөкіс, облыс орталықтары мен облыстар арасында көлік құралдарының қозғалысына шектеулер қойылғанын айтты. Азаматтарды аса қажет болмаса, көшеге шықпауға кеңес береді. Ташкент, Нөкіс және облыс орталықтарындағы патрульдік қызметтер сізді тоқтатып, неге үйден шыққаныңызды сұрауға құқылы. Егер жақын туысыңыз болмаса, 3 адамнан көп жиналуға болмайды; көшеде жаяу жүргенде немесе көлік ішінде медициналық маска тағып жүру керек. Карантин ережелерін бұзушылар 1 миллион 100 мың сомнан 11 миллионға дейін айыппұлмен жазаланады (1 теңге 22 сомға тең).
Мемлекет жазалаудан басқа не істейді? Оның бұйрығымен коммерциялық банктер 1 қазанға дейін қаржылық қиындықтарға тап болған заңды және жеке тұлғаларға несиелер бойынша төлемдерін кейінге қалдыру мүмкіндігін берген; коронавирус инфекциясын жұқтырған немесе карантинге орналастырылған, сондай-ақ 14 жасқа дейінгі баласы бар қызметкермен еңбек шартын бұзуға тыйым салынады.
Бүгінде көрші республикада 472 адам инфекция жұқтырған.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА