3 сәуірде Атырау облыстық ауруханасының жансақтау бөлімшесінде жатқан коронавирусқа шалдыққан жүкті әйелден екі пациент пен екі медицина қызметкерінің ауру жұқтырғаны белгілі болғаннан кейін стационар жұмысына шектеу қойылды. Бірнеше бөлімшенің қызметкері карантинге алынды. Алайда облыстық ауруханаға карантин енгізілгені туралы ресми хабарлама болмады. Бұл қызметкерлер мен олардың туыстары тарапынан алаңдаушылық пен наразылық туғызған еді.
Олардың сауалын ТЖ режимін қамтамасыз ету жөніндегі облыстық жедел штабқа жолдадық. Штаб өкілі Жасұлан БИСЕНБИЕВ бізге осы сауалдардың жауабын ұсынды.
- Неліктен облыстық аурухана қызметкерлерін аурухананың карантниге жабылғаны туралы қаулымен ресми таныстырмаған? Неліктен бұл қаулы ұзақ әзірленді?
- Аурухананың медицина қызметкерлері карантин туралы бұйрықпен бөлімше меңгерушілері арқылы ауызша таныстырылды. Қаулыны Атырау облысының Бас санитарлық дәрігері шығарады. Тиісінше, бізге ресми құжатты күтуге тура келді.
- Медицина қызметкерлерін ауру жұқтыру қаупі санаты бойынша: жақын байланыста болған, ықтимал байланыста болған және т.б. деп оқшаулап бөлген жоқ. Неліктен? Олардың бәрі бірнеше тәуліктен бері бірге жүр, бір палатада жатыр, бірге тамақтанады. Дәрігерлер емделушілерді емдеп, бір-біріне кеңес беруді жалғастыруда.
- Қызметкерлердің бәрі өз бөлімшелері бойынша өз өзін оқшаулау қағидаты бойынша оқшауландырылды. Олар өздерінің міндетін атқаруды жалғастыруда, өйткені емделушілерге медициналық қызмет көрсетуді ешкім тоқтатқан жоқ.
- Тамақ медиктер үшін ауруханадан тыс жерден жеткізіледі. Қоғамдық тамақтану қызметкерлері мен курьерлердің дені сау екеніне және ауру жұқтырушы еместігіне кепілдік бар ма? Тамақ осылай жеткізіліп тұрса, мұны карантин деуге келе ме?
- Қызметкерлердің бәріне ауруханадан тамақтану ұсынылды. Одан бас тартқандарға ерікті түрде медицина қызметкерлеріне қолдау көрсетіп отырған кәсіпкерлер арқылы дайын тамақ жеткізу ұйымдастырылды.
- Коронавирусқа шалдыққан науқастар жансақтау және урология бөлімшелерінен шыққан болса, 6 бөлімше қандай негізде жабылған? Ал жансақтау бөлімі әлі жұмысын жалғастырып жатыр ғой.
- Карантинге алынатын бөлімшені санитарлық дәрігер белгілейді. Байланыста болғандардың барлығы ҚР санитарлық Бас дәрігерінің №20 қаулысының нормаларына сәйкес келді.
- Емделушіде коронавирус инфекциясына күдік болған жағдайда қолданылатын дәрігердің іс-қимыл алгоритмі неліктен әлі күнге дейін жасалмаған? ЖРВИ-дің айқын белгілері бар жүкті әйел жұқпалы аурулар ауруханасына емес, қалайша облыстық аурухананың жансақтау бөліміне жатқызылған және неліктен дәрігерлер онымен жеке қорғаныс құралынсыз байланыста болған? 3 сәуірде ауруханада қорғаныс құралдары болған жоқ.
- Коронавирус кезіндегі іс-қимыл алгоритмі әзірленді және оны медицина қызметкерлерінің бәрі сақтайды. Коронавирусқа шалдыққан жүкті әйел клиникалық көрсеткіштер бойынша жансақтау бөлімшесінің изоляторына жатқызылды. Ауруханада жеке қорғаныс құралдары жеткілікті.
- Осындай салдыр-салақтықтың салдарынан облыстық аурухананың дәрігері мен медбикесінің ауру жұқтырғаны үшін кім жауап береді?
- Қазіргі уақытта инфекцияны кімнің бірінші жұқтырғаны әлі анықталған жоқ. Тергеу жұмыстары жүріп жатыр. Қауіпсіздік шараларын сақтау - әр медицина қызметкерінің міндеті. Оған әкімшілік назар аударады, індетке қарсы іс-шаралар бойынша сабақтар, тренингтер өткізеді.
- Карантинге алынған медиктерге жалақы қалай есептеледі?
- Бұл мәселе облыстық аурухана әкімшілігінің, заңгердің, кәсіподақ ұйымының бақылауында. Барлық төлем заң аясында төленеді.
- Неліктен облыстық ауруханаға провизорлық стационар мәртебесі берілмейді? Бір апта ішінде бірнеше пациент пен медиктер қатар анықталды. Облыстық ауруханаға емделуші көп келеді, сондықтан да байланыста болу қаупі жоғары.
- Провизорлық стационар мәртебесі денсаулық сақтау басқармасының шешімімен белгіленеді. Бұл мәселе қарастырылуда.
Өз атымнан қосарым. Өкінішке орай, сұрақтарға жалпылама жауап берілді. Мұны бір жағынан жағдайдың төтеншелігімен және штаб қызметкерлеріндегі уақыттың тапшылығымен түсіндіруге болатын шығар. Айтылған проблемалар дер кезінде шешіледі деп үміттенеміз. Облыстық аурухана қызметкерлері менімен телефон арқылы сөйлескен кезде, ешқандай бұйрықты көрмегендерін, құжаттың нөмірін де, шыққан уақытын да білмейтіндіктерін айтумен болды.
Әрине, олар толықтай өз-өздерін оқшаулай алмайды. Емделушілерді емдеп, өзара байланыста болуды жалғастыра береді. Егер дәрігер қашықтықты сақтап, уақытша тұрып жатқан палатаға жиналмауға және асханаға бірнеше адамнан ғана кіруге тырысса, қалған қызметкерлер (дені әйел) көбінесе бұл сақтық шараларын сақтамай жатады. Оларды түсінуге де болады: қатты алаңдап жүрген жандар шер тарқатып, бір-бірін қолдау үшін ой бөлісіп тұруға тырысады. Бәрі де коронавирусқа шалдыққан емделушілер мен әріптестерінің сауығып кетуін күтіп жүр.
Зульфия ИСКАЛИЕВА