Атырау, 22 қараша 09:06
 ашықВ Атырау +6
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

Диқандар неге мазасыз

Сурет Бейнежазба
4 555 просмотра


Индер ауданындағы «Алғабас-Жорық» каналының бойындағы диқандар күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айрылып отырған жағдайы бар. Диқаншылар өткен жылдан бері егін егу емес, судың әлегінен өнім көлемі азайып кетті деп дабыл қағуда. Наразылық білдірген шаруа қожалық басшылары каналдың жанына кішігірім жиналыс ұйымдастырып, оған сушарлықтар мен «АЖ» тілшісін шақырған еді.

Жайық өзенімен жалғасып жатқан ұзындығы 65 шақырым болатын «Алғабас-Жорық» каналының бойында тек егін емес, мал шарауашылығымен айналысып отырған бірнеше шаруа қожалықтары бар. Оларды бүгінде су жайы қатты алаңдатып отыр. Өткен жылы бюджеттен 400 млн астам теңге бөлініп, каналды күрделі жөндеуден өткізуге «СұңқарҚұрылыс» ЖШС қолға алып, өз жұмысын бастап кетті. Биыл сәуір айында канал толық жөндеуден өтіп, пайдаланылуға берілуі тиіс. Бірақ бұл жерде басқа мәселе туындап отыр. Егінмен айналысушылар осыған дейін канал бойымен өздігінен ағатын ағыс суымен егіс алқаптарын суарып келген болатын. Енді былтырдан бастап әр егіншіге сорғы қою міндеттеліп отыр.

Қайрат ИСАЕВ

-Менің егін, мал шаруашылығымен айналысқаныма  20 жылдан асты. Біз аудан халқын арзан ет, сүт, қаймақ, май, құрт, т.б. өнімдермен қамтып отырмыз. Ал судың дауы жылдан жылға жалғасып келеді. Жергілікті «ҚазСушар» мекемесі лиман шөбін суаруға келісім шартқа отырмайды, бір-екі гектар егістікпен шектеледі. Сосын олар қолма-қол ақшамен есептесіп жүр, бұл қаншалықты заңды? – деп сұрайдыі «Төлеш» ШҚ иесі Қайрат ИСАЕВ.   

«Абылайхан» ШҚ басшысы Қамбар АБЫЛАЙХАННЫҢ айтуынша екі жылдан бері қосымша валға су жеткізе алмай, егін екпепті, ал малды құдықтан суғарып отыр.

-Мен 1998 жылдан бері осы жерде мал және егін шаруашылығымен айналысып келемін. 4-5 гектар жерге бау-бақша өнімдері мен жоңышқа егемін. Біз осыған дейін ың-шыңсыз каналдан өздігінен ағатын судан алып отырғанбыз. Енді сорғы қойыңдар дейді.  Оның құны арзан емес, 1 млн теңгедей - бұл біз үшін  күлдей шығын. Бізге каналдан су құбырын шығарып берсе, ақшасын уақтылы төлеп отырар едік, - дейді «Тоқбай» ШҚ Сағат САДЫҚОВ.

Сағат САДЫҚОВ

Егіншілердің даладағы бас қосуына «ҚазСушар» РМК-ның атырау филиалы Индер өндірістік учаскесінің бастығының м. а. Құмар ҚАСШАНОВ келіп, су берілетінін, тек сорғы қондыру қажеттігін айтса, іле-шала аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Саулет ЕСЕТОВ те екі полициямен жетті.

- Суды үнемдемесе болмайды, судың да сұрауы барын ұмытпайық. Сол себептен өздігінен ағатын су жүйесі енді болмайды, әркім насос қондырып, өзіне қажетті  көлемде алып отырады. Бұдан басқа келісім болмайды, - деп түсіндірді ол. Бірақ мұнымен келіспей, шаруалар аудандық әкімшілікке хат жазамыз деп шешті.

Кейін мақала даярлау кезінде еңбек демалысынан шыққан «ҚазСушар» РМК-ның Атырау филиалы Индер өндірістік учаскесінің бастығы Сайлау БАЙБОСЫНОВ редакцияға хабарласты:

- Жалпы аудан бойынша былтыр 334 гектар жерге 26 егінші түрлі дақылдар еккен болатын. Солардың барлығы сорғы арқылы сумен өздерін қамтып, қажетті көлемде суды алып отырды. Есесіне суды тұтынғаны үшін белгілі мөлшерде үкіметтен субсидия беріліп отыр. 2018 жылы өздігінен ағатын ағыс  арқылы үш ШҚ, оның ішінде «Әділет», «Тоқбай» ШҚ бар 4,7 гектарға егін егіп, суарған болатын. Су орынсыз жұмсалып, ысырап болды. Ал енді олар сорғы, солярка шығындарынан қашып, каналдан құбыр шығарып бер деп отыр. Оны біз жасай алмаймыз. Оның үстіне егістіктерге баратын валдар өте ескі, шұрқ-тесік, су далаға босқа кетеді.

-Қолма-қол ақшамен есептесу неден туындап отыр, жыл басында әрбір егіншімен келісім шарт жасалмай ма?

-Судың ақшасын төлейтін орын Атырауда. Оған науқан кезінде екінің бірі бара алмайды, сосын бізге өтініш жасайды. Ақшасын төлеп, түбіртегін  ШҚ иелеріне береміз. Енді биылдан бастап қалаға барып, әркім өзі төлейтін болды.


Ләззат ҚАРАЖАНОВА

Сурет пен бейнежазбаны түсірген автор

7 сәуір 2020, 18:26

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.