Атырау, 22 қараша 16:12
 ашықВ Атырау +4
$ 494.87
€ 520.65
₽ 4.91

"Балаларымды сағындым"

21 785 просмотра

Нұрфия ҚИЗАТОВА (сол жақта)

- Коронавирустан сауыққан соңғы емделуші ауруханадан шыққанша жұмыста боламыз, - дейді №2 облыстық аурухананың жедел ішек инфекциясы бөлімінің меңгерушісі Нұрфия ҚИЗАТОВА. Онымен телефон арқылы сөйлестік. Көңілін аулау үшін қала тұрғындарының карантин кезіндегі күнделікті өмірі қалай өтіп жатқанын, көбіне үйден шықпайтынымызды әңгімеледім. «Сізге сондай қызығып отырмын. Жолдасыңыз, балаларыңыз, бәрі қасыңызда, үйіңізде!» - деп күлді ол.

Ол аурухананың басқа қызметкерлері сияқты, өңірімізде коронавирусқа шалдыққан алғашқы науқас анықталғалы бері үйіне бармаған. Covid-19 жұқтырған соңғы науқасқа карантин аяқталып, анализ нәтижесі вирустың жоқ екенін екі рет көрсеткеннен кейін ғана жұмыс орындарынан кете алады. Ал мұның қанша уақытқа созылары белгісіз. Стационарда қазір тоғыз маман жұмыс істейді екен: алты инфекционист және үш реаниматолог. Нұрфия Қизатова –диагнозы расталған науқастарды емдейтін «негізгі госпитальда» алдыңғы шепте жұмыс істеп жатқан төрт инфекционистің бірі. Басқа инфекционист дәрігерлер - стационардың провизор орталығында. Олар диагноз қойып, коронавирусқа күдіктелген емделушіге бақылау жасайды. Екінші провизорлық орталық Сарыөзекте туберкулезге қарсы күрес ауруханасында орналасқан. Ол жаққа А санатындағы елдерден келгендер жіберілген еді.  

Жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері де жүйелі түрде анализ тапсыруы тиіс. Науқастармен тікелей байланыста болатын олар арнайы қорғаныс костюмін кисе де, денсаулықтарына қауіп төніп тұрғаны анық. Бір орында тапжылмай үнемі стресспен жұмыс жасаудың, жақындарының жанында бола алмаудың өзі үлкен сынақ. Тәжірибелі дәрігерлер бұл қиындыққа төтеп бере алады. Ал жас медбикелерге, санитар қыздарға ауырлау, үйін, әке-шешесін сағынады. Сондықтан да медиктер және емделушілермен психологтар жұмыс істейді.

- Қорғаныс киімін шешпей, қанша уақыт жұмыс істейсіздер?

- Негізінен госпитальда, яғни, жұқпалы ауру аймағында жұмыс істегендіктен, барлық сақтық шараларын алуға тура келеді. Қорғаныс костюмін, арнайы маска, көзілдірік, қолғап, резіңке аяқ киім киеміз. Бұлар жақсы қорғайтын арнайы материалдан жасалған, бірақ ауа өткізбейді. Әрине, мұндай жағдайда бір жұтым су да іше алмаймыз. Бұған шыдай алмағандар ауысымын ертерек аяқтап, оны басқа адам алмастырады. Бірақ біздің қызметкерлер үйреніп кетті, көбіне ауысым аяқталғанша шыдап шығады.

Медиктер қолданатын нәрселердің барлығы бір рет қолданылған соң жойылады. Жұмыстан соң душ қабылдап, беті-қолын залалсыздандырады. Демалу үшін стационарда барлық жағдай жасалған: аурухананың екі бөлімшесін демалыс аймағы мен жатын орындарына айналдырған.

- Бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасы да, демеушілер де көп қолдау көрсетіп отыр. Жұмыс жасап, демалу үшін бар жағдай жасалған. Аурухана басшылығы – бас дәрігер мен орынбасары да үнемі жұмыста, туындаған мәселелердің барлығы жедел шешіледі. Осының арқасында әлемнен жырақ қалғандай сезінбейміз, - дейді Нұрфия.

- Бос уақытыңызда немен айналысасыздар?

- Сырқатнама толтырамыз, басқа қалалардағы әріптестерімізбен бейнеконференция, телекөпір өткіземіз, үнемі жаңарып отыратын клиникалық хаттамалармен танысамыз. Жаңадан бесінші хаттама шықты. Туыстарымызбен бейнебайланыс арқылы сөйлесеміз. Күйеуім де дәрігер, бірақ инфекционист емес. Әйтеуір, жұмыстан кейін балалардың жанында бола алады, оған да шүкір. 17 жаста қызымыз бен 13 жасар ұлымыз бар. Ол жұмысқа кеткенде, балаларға әжелері, тәтелері қарайды. Қатты сағындым өздерін, олар да сағыныпты... – деген Нұрфияның дауысынан діріл сезілді.

Курьерлер бақылау-өткізу пункті арқылы қызметкерлерге жеке заттары мен үйлерінен келген сәлем-сауқаттарын береді. Ауруханада жақсы тамақтандырса да, үйдегілер дәмін татсын деп, үйдің тамағын беріп жібереді. Ал ауруханадан бірдеңе беріп жіберуге үзілді-кесілді тыйым салынған. Бағына қарай, аурухананың бүкіл пациенті өздерін жақсы сезінеді. Сондықтан да дәрігерлер ауысым арасында йогамен немесе өзіне ұнайтын іспен айналысуға уақыт табады.  

- Ал науқастарды емдеу хаттамасы қандай? Оларда вирустың бар-жоғын қаншалықты жиі тексереді? Анализ вирустың жоқ екенін көрсетсе, олар үйлеріне жіберіле ме?

- Хаттама бойынша 14 күн бойына емдейміз. 15-16-күн болғанда мұрыннан және жұтқыншақтан анализге жұғынды алынады. Тағы 15 күннен кейін қайтадан анализ алынады. Екі мәрте теріс нәтиже шықса, емделушіні сауықты деп қуантуға болады.

- Науқастар негізгі стационарда. Ал олардың отбасы мүшелері ше?

- Егер сынама теріс нәтиже көрсетсе,  жағдайына қарай олар үй карантинінде болады. Дәрігерлер олардың хал-жағдайын үнемі бақылап, вирустың бар-жоғын тексеріп тұрады. Егер оқшаулануға жағдай болмаса, оларды карантиндік стационарға жіберуі мүмкін.

Инфекционист дәрігерлер ережені сақтауға кеңес береді. Үйден сирек шығып, қоғамдық орындарда адамдардан 2 метр алшақ жүріп, екі адамнан көп жиналмаған жөн дейді олар. Бұл өз денсаулығыңыздың кепілі болса, ал дәрігерлерге тезірек тума-туыстарымен қауышуға мүмкіндік береді.

Зульфия ИСКАЛИЕВА

3 сәуір 2020, 23:54

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.