Атырау облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінде 14 күндік карантинде жатқан «Амстердам-Атырау» рейсінің 20-ға жуық жолаушысы карантиннен шыққаннан кейін қайда барып тұратындарын білмейді. Олар Қазақстанның басқа өңірінің тұрғындары. 19 наурызда оқшауланған олардан ауру анықталмады. Енді 1 сәуірде карантин бөлімшесінен шығады. Ал келесі күні қала толықтай жабылады.
- Бізді әуежайдан алып кеткенде, карантиннен шығар кезде уақытша баспанамен немесе үйге қайтатын көлікпен қамтамасыз етеміз деп уәде берген еді. Алайда уақыт жақындаған сайын, құзырлы органдар жауап бермей, қашқақтайды, - дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Айнұр. – Біз тіпті Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік ШАПКЕНОВКЕ де қоңырау шалдық. Бірақ ол жартымды жауап бермеді. Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Байтолла ҒАЗИЗОВ бірнеше рет қоңырау соққаннан кейін біздің нөмірімізді бұғаттап тастады. Ешкім нақты жауап бермейді. Ешкімнен ештеңе сұрамай үйімізге кеткіміз келген, бірақ қалай?
«АЖ» тілшісі осы сауалдарды Атырау облысы әкімдігіне жолдады.
– Карантиннен шыққаннан кейін біз оларға анықтама жазып береміз. Ол арқылы үйлеріне жете алады, - деді ішкі саясат басқармасының басшысы Жасұлан БИСЕМБИЕВ.
– Немен кете алады, мысалы?
– Білмеймін. Біз тек анықтама береміз.
Айнұр бұл жауапты естіген соң қатты қынжылды:
- Жергілікті такси жүргізушілерінің қайсысы Нұр-Сұлтанға дейін апаруға келіседі? Ешкім. Әрі кері қайтарда Атырауға кіргізбейді ғой. Менің және карантинде жатқан көпшілігінің бұл жерде туысымыз жоқ, ал енді билік уақытша баспана туралы жақ ашпай отыр. Ертең көшеде қаламыз ғой. Не істейміз?!
Фархат ӘБІЛОВ