Бір аптадан кейін бүкіл елімізде мектеп оқушылары қашықтан оқи бастайды. Бұл процесс баршамызға: балалар, мұғалімдер және ата-аналар үшін тың нәрсе. Үнемі өзгеріп тұратын осы жағдайға амалсыздан бейімделуге тура келеді.
Оқушылардың демалысы аяқтала қойған жоқ, бірақ ата-аналар чатында сынып жетекшілерінің хабарламалары қызу талқылануда. Осы аптада Атырауда мұғалімдердің жалпы жиналысы өтеді деп жоспарланды, оларға қашықтан оқыту кезінде қандай платформада жұмыс істеу керектігі айтылады. Әзірге балалар уақытын бос өткізбей, «Zoom» бағдарламасын жүктеп алып, онымен жұмыс істеуді үйрене беруі керек: тіркеліп, қосылып, оқушылар конференциясын ашу қажет.
Осыдан бір апта бұрын ата-аналардан балалар үшін (кімде жоқ болса) электронды пошта ашып, сынып жетекшілеріне логинін жіберуді өтінген болатын. Сонымен қатар, балалардың смартфоны бар ма, Интернетке қосылу мүмкіндігі бар ма, отбасында қанша компьютер, планшет бар, мектепке қанша бала баратынын хабарлап, оқу орындары мен сыныптарын көрсету сұралды.
БАЛАНЫҢ КӨЗІМЕН...
Өз отбасымда екі оқушы бар - үлкені 11-сыныпта, ортаншым 5-сыныпта оқиды. Кенжеміз, бағымызға орай, мектеп жасына жеткен жоқ. Балаларым, барлық сыныптастары сияқты, «Zoom» бағдарламасын оңай жүктеп алып, каникул басталғалы бері көрмеген достарымен жазысып, бағдарламаны орната алмағандарға вотсап арқылы көмектесіп жүр.
Кейбір балалар шағын роликтер мен чатқа қосылуды үйрететін аудио нұсқаулықтар жасап үлгерген. Әрқайсысы өз конференциясын ашқысы келеді. Бір конференцияға 3-4 адамнан жиналады. Ал бүгінде Атырау мектептеріндегі әр сыныпта 30-40 оқушыдан оқиды. Егер бүкіл сынып бірден конференцияға қосылса, бағдарламаның қалай жұмыс істейтінін анықтау мүмкін болмады.
Ешқашан пошта пайдаланбайтын бесінші сыныптағы қызым аккаунтына кіретін құпиясөзін ұмытып қалды. Қайтадан жаңа пошта ашып, мұғаліміне хабарладық. Олар баланың бұрынғы аккаунты қалалық білім бөліміне жіберілгенін айтты. Мұның қаншалықты маңызды екенін және аккаунттың өзгеруі не нәрсеге әсер ететінін білмеймін, бірақ бұрынғы поштасын қалпына келтіруге тырыстық.
Сәтін салса, 24 сағаттан соң белгілі болады. Оқу материалын қашықтан үйрену қаншалықты ыңғайлы болатынын балалардың көбі ойлап жатқан жоқ. Оқушылар қашықтан оқытуды іш пыстыратын карантин кезіндегі қызықты жаңа тәжірибе ретінде қабылдады.
...АТА-АНА КӨЗІМЕН
Мектеп оқушыларына қарағанда, ата-аналар қашықтан оқытудың сапасына алаңдаулы. Ата-аналар чатында Ресейдегі туыстарының балалары онлайн-білімді қалай алып жатқанын талқылайды. Ол жақта да сабақтар «Zoom» платформасында оқытылады екен. Мұғалімдер вотсаптағы сынып сағатына сілтеме жібереді. Ол арқылы балалар «Zoom» бағдарламасын ашып, мұғалімдердің жаңа тақырыпты түсіндірген сабағын көреді. Сабақтар 35 минуттан болады. Өйткені бұл уақыттан асып кетсе, бағдарламаны пайдаланғаны үшін төлем есептеледі.
Бастауыш сынып оқушыларының ата-аналарында сұрақ көп. Бесінші сынып оқушылары компьютерлік бағдарламаларды игеріп алса, бірінші сынып оқушыларына, тіпті, «нөл» сыныбына баратын бүлдіршіндерге ата-аналарының қолдауы қажет.
Осы жерде қиындықтар туындайды. Қалада карантиннің енгізілуіне байланысты ересектер қашықтан жұмыс істеу режиміне көшеді. Демек, бұрын күндіз балаларына тиесілі болған компьютерді енді ата-аналары қолдана бастайды. Төменгі сынып оқушыларының бәрінде бірдей смартфон жоқ. Кейбір отбасылар интернетке тек телефон арқылы шыға алады. Егер баланың интернетке шығуға, онлайн сабаққа қатысуға мүмкіндігі болмаса ше? Ата-аналардың көбі қазір осы сұрақты мұғалімдерге қояды, алайда оған жауап жоқ.
- Менің балам «Zoom» бағдарламасы арқылы ағылшын тілін оқиды. Мұғалім конференцияда әрі кеткенде 6 қатысушы болу керектігін айтады. Егер олардың саны көп болса, бағдарлама ашылмай қалады екен. Біз сынап көру үшін ата-аналар боп, бір конференцияға кіріп көрмек болдық. 20 адам едік, мен кіре алмадым. Шақыртуда көрсетілген сілтемені басып едім, бірақ бағдарлама менің құпиясөзімді қабылдамады. Осыдан кейін ата-аналар конференцияға 13 адамның қатысқанын айтты, - дейді бірінші сынып оқушысының анасы Анель. - Айтпақшы, қазір Instagram-да тікелей эфир беру кең тараған, Skype арқылы да байланысуға болады. Неге Білім министрлігі осы платформаларды пайдаланбайды? Сайып келгенде, мұғалімдер үй тапсырмаларын вотсап арқылы жіберіп, балалар оларды дәптерлеріне орындаған соң суретке түсіріп, мұғалімге кері жіберетін шығар деп ойлаймын. «Күнделік» электронды күнделігін қалыпты режимде де ашу қиынға соғатын еді, енді тіптен ашылмайтын шығар.
МҰҒАЛІМДЕРДІҢ ҚОРҚАТЫНЫ
Әңгіме барысында мұғалімдердің өзі абыржып жүргендерін жасырмайды. Өткен аптада мектептің көбінде сол «Zoom» бағдарламасы арқылы педагогикалық кеңес өтті. Мұғалімдердің басым көпшілігі Анель сияқты өз әріптестеріне ілесе алмады. Педкеңеске қашықтан қатысқандардың өздерінің де көңілі толмады. Суреті мен дауысы түсініксіз, бір кезде басшы сөйлеп жатқанда, аяқ астынан байланыс та үзіліп кетті.
- Біздің мектепте мыңнан астам оқушы бар. Шамамен 400-дей ата-ана сауалнамада үйлерінде компьютер және интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігі жоқ деп көрсетті. Ал мектептегі компьютер саны бұдан он есе аз және бәрі ескі, сымсыз интернет жүйесіне қосылу мүмкіндігі жоқ. Маған ата-аналар соғып, компьютермен көмектесуімді өтінді, оның үстіне сыммен қосылатын интернет байланысы жоқ деп ескертті. Интернетке тариф арқылы, бірлік салып қосылып отырғандарын айтады. Мектеп әкімшілігі ондаған компьютерді оны қажетсініп отырған жүздеген оқушыға қалай бөліп беретінін білмеймін. Интернет жоқ болса, балаларға ол неге керек? Қолымнан келгенше ата-аналарға түсіндіріп, мәселе шешіліп жатыр деп сабырға шақырып отырмын, енді қайтемін? – дейді өзін таныстырғысы келмеген оқытушы. Жалпы, бұл жерде оның есімі мен мектептің номері маңызды емес – қазір елдегі барлық мектептің жағдайы осындай. Жергілікті мұғалімдер вотсап арқылы басқа өңірдегі әріптестерімен байланысып, жағдайды біліп отырған шығар. Олардың ойынша, білім министрі Асхат АЙМАҒАМБЕТОВТЫҢ әлеуметтік желідегі өз парақшасында айтып отырған «Балапан» және «Ел Арна» телеарналарынан көрсетуге дайындалып жатқан 2 мың бейне-сабақ сол мұғалімдерді онлайн режимде көре алмайтын оқушыларға арналған. Олардың айтуынша, барлық мектептің бастауыш сынып оқытушыларына белгілі бір тақырыптарға бейне-сабақ дайындауға тапсырма берген. Осылай бір мұғалімге екі тақырып беріледі, ол сәйкесінше екі сабақ. Сол бейнежазбаны тақтаның алдында тұрып жазу керек. Үйінде тақта жоқ болса, сатып алып, сұрай тұрып немесе бірігіп сатып алып, кезекпен (әсіресе карантин уақытында!) пайдалану керек – бір сөзбен айтқанда, қалайда жасау қажет. Ал мұғалімдерде сапалы бейнежазба жазу мүмкіндігі бар ма – ол да ешкімді қызықтырмайды. Дайын бейнесабақты мұғалімдер мектеп директорына, ал олар қалалық білім бөліміне жібереді.
«ШАРАЛАР ҚОЛҒА АЛЫНУДА»
Бұл сұрақтардың бәріне қала әкімдігінің баспасөз қызметі онлайн режимде қашықтан оқыту бірнеше білім беру платформасы негізінде жүзеге асырылады деп жауап берді. Соның ішінде тегін «zoom us» бағдарламасы. Бір де бір мектеп директоры мұғалімдерге тақта алуға тапсырма берген жоқ. Егер ондай жағдай орын алып жатса, 35 57 23 телефон номеріне қоңырау шалуыңызға болады. Қазір қашықтан оқытуды ұйымдастыру мақсатында оқушыларды компьютер және ноутбукпен қамту шараларын қолға алып жатыр. Сондай-ақ, сабақ кестесі сыныптар бойынша уақыты есепке алынып, құрастырылады.
Білеуімше, бұл номерге мұғалімдердің ешқайсысы телефон шалған жоқ.
Қазір оқытушылар электронды журнал толтырумен айналысуда. Балалар үй тапсырмасын өздерінің электронды күнделігі арқылы алады. Қашықтан оқу жүйесіне арналған үй тапсырмалары әлі дайындалуда. Мұғалімдердің түсіндіргенінен ұққаным, бұл «бағыт парағы» секілді, яғни оқушылар тек тапсырмаларды ғана емес, бейнежазбаларға сілтемені де қоса алады. Ал оқушылар үй тапсырмасын бұрынғы әдетпен дәптерге жазады. Жасаған жұмысын суретке түсіреді де, электронды пошта немесе вотсап арқылы жібереді. Бұл тапсырма қағаздарын ата-анасы баласына түсіндіруге көмектесу үшін басып шығаруға да болады. Үнемі пайдаланушылардың көп сұрағын туғызатын бұл электронды күнделіктің жұмысын ескере отырып, мұғалімдер үй тапсырмаларын вотсаптағы ата-аналар чатында қайталап отыру керек болып қалатынына қазірден дайын.
Зульфия ИСКАЛИЕВА