Ашығын айтсам, осы бір кездесуге мен қатты толқып бардым. Гүл сататын дүкен ішінде де айналсоқтап жүріп алдым. «Ер адамға қызыл раушан гүлдерін сыйлауға болмайды, одан да ағын алыңыз», деп кеңес берді сатушы. Мен аппақ қардай бақыт гүлін таңдап алдым. Бұл гүлдер шынайылық пен ризашылықтың белгісі... Міне, Әбдірахманов көшесінде орналасқан шағын ғана үйге келдім. Жүзі күлімдеп мені Ұлы Отан соғысының ардагері Матвей Степанович КРЮКОВТЫҢ (суретте) өзі қарсы алды. Ардагер бүгінгі күні өзінің ЖҮЗ ЖЫЛДЫҚ мерейтойын атап өтуде.
СТАЛИНГРАД ТОЗАҒЫ
Матвей Степанович 1912 жылы Курск облысының Лозное селосында дүниеге келген. Ол жас күнінен бастап ұстаз болуды арман етті және сол мақсатына жету үшін бар күшін салды. Педагогикалық техникумды, мұғалімдер институтын тәмамдады. Еңбек жолын Курск облысының Горшеченский ауданында математика пәнінің мұғалімі болып бастады. Кейін мектеп директоры, аудандық халыққа білім беру бөлімінің меңгерушісі болды.
Қызыл әскер қатарына Матвей Крюковты соғысқа дейін 40-шы жылдың тамызында шақырды, ол кезде оның жасы 28-де еді. Үйінде жұбайы мен үш баласы қалды. Соғыс басталғанда оның әскердегі бір жылы да өтпеген болатын...
Матвей Степановичті 60-шы атқыштар полкі атқыштар бригадасының саяси жетекшісінің орынбасары етіп тағайындады. 1942 жылдың мамыр айынан бастап ол 83-ші гвардиялық миномет полкінің зеңбірек командирі болды. Полкті жедел түрде Сталинград майданына жіберді.
– Сталинградқа біз теміржолмен жетуге тиісті болдық. Повориново стансасынан жаудың әуеден жаудырған үздіксіз шабуылынан жүріп отыру аса қиынға соқты. Сталинградқа таяу маңда полк пойыздан түсіп, бірнеше тәулік жаяу жүрді.
1942 жылдың 1-тамызында біз Сталинград облысының Калач қаласына таяу маңдағы Зеленый қыстағына келіп жеттік. Сол уақыт ішінде немістер Донға жетіп үлгерген екен. Бізге басқа да әскери бөлімшелермен бірге олардың шабуылына тойтарыс беріп, қарсы шабуылға шығу міндеті жүктелді. Бұл тапсырма орындалды. Клетский бағытындағы кескілескен ұрыспен біз 30 шақырымдай алға жылжыдық. Немістер болса, шұғыл түрде жаңа мотомеханикаландырылған бөлімшелерін ұрысқа қосып, біздің майдан шебімізге шабуылды бастады. Сол кезде майданның жағдайы өте ауыр болатын. Бұл шайқаста біздің батарея жиырмадан аса жау танкісінің көзін құртты, бірақ, дұшпан ұрысқа барлық жаңа танк колоннасын жұмылдырды. Олар бір мезгілде минометпен біздің тойтарыс беріп отырған бөлімшелерімізге үздіксіз оқ жаудырды.
Біз оқ-дәріміз біткеннен соң кері шегініп, Калач қаласынан қорғаныс бекінісін құруға мәжбүр болдық. Песковатка ауданында немістер соғыса отырып Донға жетіп, бізді қоршап алуға тырысты. Сол кезде бізге Калачты тастап шығуға бұйрық берілді, сөйтіп, біз Сталинградқа дейін шайқаса отырып шегіне бердік, - деп әңгімеледі ардагер.
Сталинград үшін болған шайқастардың бірінде Матвей Степанович ауыр жарақат алады. 42-ші жылдың қарашасында мәскеулік эвакуациялық госпитальда емделіп шыққаннан соң аға сержант Крюковты 442-ші жеке гвардиялық минометтік полктің атыс взводы командирінің көмекшісі етіп тағайындайды.
ТАҒЫ ДА МАЙДАНҒА
– 1943-ші жылдың шілдесінде біз Барвенково қаласының ауданында жаудың мықты бекінісімен болған ұрысқа қатыстық. Бір аптаға созылған шайқаста күн-түн демей қарсы тұрдық. Бірде дивизионның командалық қосынынан немістер қарсы шабуыл үшін өздерінің жаңа әскери күштерін жұмылдырады деген хабар келді. Сол сәтте шұғыл арада біздің «Катюша» батареясы майдан шебіне жетіп, дұшпанға тойтарыс берді. Содан кейін біз немістердің біздің әскерге оқ жаудырып отырған нысана нүктесін басып алдық, – деп жалғастырады өз әңгімесін Матвей Степанович. Одан әрі Матвей Крюков әскери борышын өтеген дивизия 23-ші танк корпусының құрамымен Донбассты, Украинаның сол жағалауын, Румыния, Венгрия, Австрия және Чехословакияны азат етуге қатысты. Ерлігі мен батылдығы үшін Матвей Степанович «Қызыл жұлдыз» орденімен, көптеген медальдармен марапатталды. Жоғары бас қолбасшының бұйрығымен оған 11 алғыс жарияланды.
МАМАНДЫҒЫ - ҰСТАЗ
Соғыс кезінде оның отбасы эвакуацияға ілікті, сол кезде қыздары қайтыс болды. Соғыстан кейін Матвей Степанович жұбайы Пелагея Кузьминичнамен және екі ұлымен бірге Тульск облысының Узловая қаласына қоныстанды. Сәл кейінірек өмірге үшінші ұлдары келді. Матвей Степанович өз өмірін отбасына және ұстаздық еңбек жолына арнады. Мұғалім болды, мектептің оқу бөлімінің меңгерушісі қызметін атқарды.
Ол өз ұлдарын жақсы азамат етіп тәрбиеледі және жүздеген талантты деген шәкірттерін мектеп ұясынан ұшырды. Олар, тіпті, өздерінің сүйікті ұстаздары туралы кітап та жазған.
Соғыс жара салмай кетпеді. Сол уақыттағы көрген бейнет Матвей Степановичтың жұбайы Пелагея Кузьминичнаның денсаулығына залалын тигізбей қоймады. Ол небәрі 45 жасында өмірден озды.
2006 жылы Матвей Степанович Атырауға баласының қолына көшіп келді. Владимир Матвеевич Крюков та облысқа танымал ұстаздардың бірі болды. Көп уақыт өтпей-ақ ол да ауыр науқастан көз жұмды. Енді ардагер туған қызындай болып кеткен келіні Маргарита Константиновнаның қолында. Оның 4 немересі мен 6 шөбересі бар.
«МЫРЗАЛАР, КҮЛІП ЖҮРІҢІЗДЕР!»
Соғыс және өмірдің қиындығы туралы ауыр әңгімелерден соң мен Матвей Степановичтен өзінің осынша жасқа жету құпиясын сұрағанымда, жүзі жайнаң ете түсті: жазып алыңыз!
- Мен өмір бойына аузыма бір рет болса да темекі алған адам емеспін. Ішімдікпен де достығым жоқ. Әрбір күнімді жаттығумен бастаймын. Күн сайын төбемнен бастап саусағыма дейін массаж жасап отырамын. Сен қалай ойладың? Ұзақ жасау – бұл жай ғана құдайдың берген сыйы емес, үлкен бір жұмыс! – деп күледі Матвей Степанович менің таңданысыма қарап. – Дәріхананың дәрумендерін мойындамаймын. Барлық дәрумен жеміс-жидек пен көкөністе ғой. Кептірілген жемістерді - өрік, мейіз, қара өрікті көп жеймін. Және қатаң түрде тәртіп бойынша тамақтанған дұрыс, көпшілік әдеттенгендей, күніне екі-үш рет емес, аз-аздан 5-6 рет тамақтану керек. Ағза сағат секілді жұмыс жасайтын болады. Алайда, ең бастысы- бұл күлкі! Көбірек күлген жөн. Күлкіден айналаңдағы әлем өзгергендей болады.
Мерейтой иесінің үйінен мен жүзім жадырай шықтым. Матвей Степанович, сізге мықты денсаулық тілеймін! Сіздің ерліктеріңіз бен табандылығыңыз біздер үшін үлгі!
Тамара СУХОМЛИНОВА
Сурет Крюковтардың отбасылық мұрағатынан алынды