Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Атырау облысы бойынша департаменті «Дина» базарындағы бағаларға мониторинг жүргізген кезде ТЖ режимінде әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын көтеру жағдайларын анықтады. Бөлшек және көтерме сауда нүктелері тексерілді.
Тексеру барысында картоптың бағасы– 160 теңге (бөлшек саудада) және 115 теңгеге (көтерме саудада) көтерілгені анықталды. Ал 2020 жылдың І тоқсанына үкімет бекіткен әлеуметтік маңызы бар тауарларға шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшеріне сәйкес картоптың бағасы бөлшек саудада 99 теңгеден аспауы тиіс.
Шекті рұқсат етілген бөлшек сауда бағаларының мөлшеріне сәйкес, 1 келе макарон өнімдерінің құны 268 теңгеден аспауы тиіс, ал 5 кг макаронды кәсіпкерлер 1355 теңгеден сатады. Пияз 120 теңгеден (96-дан артық болмауы тиіс еді), жұмыртқаның он данасы - 280 теңгеден (252-ден артық болмауы тиіс) сатылуда.
25 кг ұнның құны 4575 теңгеден, 1 кг ұн 183 теңгеден аспау керек, ал кәсіпкерлер 25 келе ұнды 5500 теңгеден сатып жатыр.
ҚР үкіметінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №137 қаулысына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарлар тізбесіне 19 азық-түліктің атауы кіреді, атап айтқанда: 1-сұрыпты бидай ұны, 1-сұрыпты ұннан (формалық) бидай наны, макарон, қарақұмық жармасы, ажарланған күріш, картоп, сәбіз, пияз, ақ қауданды қырыққабат, қант, күнбағыс майы, сиыр еті (сүйекті жауырын-кеуде бөлігі), тауық еті, майлылығы 2,5% пастерленген жұмсақ орамадағы сүт, жұмсақ орамадағы майлылығы 2,5% айран, сары май (тұздалмаған, 72,5 пайыздан кем емес, толтылғыш және өсімдік майы қосылмаған), 1-санатты тауық жұмыртқасы, ас тұзы ("Экстрадан" басқа), майлылығы 5-9% сүзбе.
Кәсіпкерлер бағаның өсуін тауардың өзі қымбат бағамен келіп отырғанынан деп түсіндірді. Мысалы, егер бұрын "Сәлем" фирмасының макарон өнімдерінің 5 келесі 800 теңгеден сатылса, қазір тауар жеткізушілер 5 келесін 1155 теңгеден әкелуде.
Жүргізілген мониторинг қорытындысы бойынша бағаларды егжей-тегжейлі талдау, оларды салыстыру мақсатында қаланың басқа сауда нүктелерінде қайта тексеру жүргізу жоспарлануда. Ауқымды әрі кең көлемде жүргізген мониторинг бөлшек сауда бағаларының орташа бағасы мен қозғалыс серпінін анықтауға мүмкіндік береді. Алынған деректер жинақталып, уәкілетті мемлекеттік органға жіберіледі.
Бұған дейін сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтановтың қатысуымен өткен баспасөз мәслихатында кәсіпкерлер әлеуметтік маңызы бар тауарларға бағаны негізсіз көтергені үшін жауапкершілікке тартылатыны туралы ескертілді.
- Басты міндет – азық-түлікпен және бірінші қажеттіліктегі тауарлармен үздіксіз қамтамасыз ету, - деді ол. Алайда, іс жүзінде кәсіпкерлер Үкіметтің тапсырмасын жүзеге асырмайды, деп атап өтті Департаментте.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттер мен бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰГЫМАНОВ