Қазақстандағы соңғы ресми мәліметтерге сәйкес, коронавирус жұқтырған 97 жағдай расталды. Объективті тест-жүйелері жеткіліксіз болып отырғанда, статистика қалай жасалады? Тек ауру белгілері бойынша: ауырады – тест тапсырады - расталады. Ал мыңдаған (немесе он мыңдаған, ешкім нақты ештеңе айта алмайды) ауру тасымалдаушылар, тіпті ақысын төлесе де, жағдайы қалай екенін біле алмайды - үкімет тек дәрігер ғана көрсеткіштер бойынша, яғни, науқастың барлық белгілері бойынша диагноз қоя алады деп қаулы шығарды.
Миллиардтаған бюджет пен мұнай алыптарының әлеуметтік инвестицияларына қарамастан, облыс медицинасында көп нәрсе жетіспейді. Алайда қазіргі төтенше жағдайда қарапайым қорғаныш маскаларының тапшылығы мен тест жүйелерін қолдана алмай отырғанымызды есептемегенде, бірнеше факторлар ғана маңызды болып отыр.
Туберкулез сырқатының астанасына айналған Атырауда өкпені жасанды желдететін 12 аппарат бар. Ал Covid-19 жұқпасынан өкпе ауруы асқынып, тыныс алу жеткіліксіз болғанда, тірі қалуға осы аппарат қана мүмкіндік береді. Бүкіл облыстағы 12 дана аппараттың бәрі жұмыс істеп тұр деп үміттенеміз. Салыстырар болсақ: туберкулезбен сырқаттану деңгейі төмен көршілес БҚО-да - 60 аппарат, Ақтөбеде – 120 аппарат бар. Ол жақтағы жергілікті билік қазір облыс резервінен қосымша қондырғылар сатып алу мәселесін шешуде. Ал Нұр-Сұлтан және Алматы қалаларында - тиісінше 173 және 600 данасы бар. Бұл қызық статистика болып отыр. Бұған шетелден оралған отандастарымызды басқа өңірлермен қатар Атырауға да жіберу туралы шешім қабылданғанын да қосалық.
21 наурызда БАӘ-ден 127 жолаушы мінген рейс келді. Сол күнгі ахуал бойынша Әмірліктерде 159, ал Қазақстанда 53 науқас тіркелді, 3 есе айырмашылық бар. Оған қоса бұл елге әлемнің түкпір-түкпірінен 3 миллионға жуық турист аяқ басады және жүздеген рейстер, соның ішінде індет өршіп тұрған Еуропадан келетін рейстер тоғысады. Бірақ сол рейспен келген барлық жолаушылар дене қызуын өлшегеннен кейін, үйлеріне тарап кетті. Көрші өңірлерде лық толы пойыз, автобус пен таксилер қатынап жүр. Жергілікті атқарушы билікке, екі әкімге қоятын үлкен сұрағым бар - олар бұл рейс туралы білді ме? Егер білген болса, неліктен қала мен облыс тұрғындары үшін нағыз қауіп төндіруі мүмкін вирус тасымалдаушылар тест-анализ тапсырмады? Тест-жүйелерін қатаң үнемдеу тапсырылған шығар деп ойлаймын. Бүкіл елде небәрі 10 мың тест бар, оның бір бөлігі гуманитарлық жолмен келген. Бұл цифрды Денсаулық сақтау министрі Біртанов 13 наурызда мәлімдеді. Ол кезде тағы 100 мың тест «жолда» болатын, бірақ содан кейін Біртанов өзгерген цифрларды хабарламады, шамасы, тестілер әлі келмеген шығар. Алайда жергілікті үкіметтің карантин деген Б жоспары бар ғой.
127 жолаушыны тестілеусіз және карантинсіз таратып жібергеніне сену қиын-ақ. Сонда стратегия штабы әзірлеген кереует орындар, А, Б және одан әрі алфавит бойынша тізбектеле беретін жоспарлар кім үшін әзірленді? Пайдалануға дайын көпқабатты тұрғын үйлерді төтенше жағдай кезінде уақытша карантинге ресми есеп беру үшін таңдамаған шығар? Атап айтсақ, Берекедегі 240 пәтерлі жаңа ғимаратқа, қаладағы осындай бірнеше үйге тұрғындар әзірге қоныстанбайды. Неліктен 6 жыл бұрын пайдалануға берілген соң керексіз боп қалған (ол салынғаннан кейін қажет емес деген еді - автордың ескертпесі) Сарытоғайдағы туберкулезге қарсы күрес диспансерінің ғимараты таңдалмаған? Медициналық қажеттілік үшін тұрғын үйді емес, медициналық мекеменің өзін қайта іске қосып, дайындауға жеткілікті уақыт болды ғой.
Өңірдің жаңа басшысы төтенше жағдай болғанына қарамастан кері байланыс жасаудан бойын аулақ салып отырғанын көріп отырмыз. Мүмкін өзін-өзі оқшаулап отырған шығар? Төтенше жағдайды жазасыз қалу мүмкіндігі деп, сауық құрып жүргендер үшін жақсы үлгі болар еді. Қалжыңдасақ та, осы кезең бойына өңір басшысының өзіне сеніп тапсырылған өңірдің тұрғындарымен ешқандай байланысқа шықпағаны анық. Облыстық әкімдіктің 7-қабатындағы есігі тарс жабық кабинеттің ар жағында не болып жатқаны, біздің қауіпсіздігіміз бен денсаулығымызға кепілдік беру үшін қандай шаралар алынып жатқаны белгісіз.
Бәлкім ол жақта қосымша өкпені жасанды желдету аппараттары мен жедел-тестілер үшін шайқас болып жатқан шығар? Әлде халықты қорғаныш маскаларымен, антисептиктермен және бүгінде дәріханаларда қат боп кеткен С дәрумені мен мырышты қолайлы бағада қамтамасыз ету үшін бе; барлық сауда орындарына қожайындарының есебінен жеткілікті мөлшерде санитайзерлер орнату үшін бе; қоғамдық орындарды үнемі және тұрақты дезинфекциялау үшін бе; науқастар үшін оқшаулағыш тасымалдау қораптарын (саркофагтар) жедел сатып алу үшін бе; медицина қызметкерлерінің жоғары деңгейдегі қауіпсіздікте жұмыс жасауын қамтамасыз ету үшін бе; егер қауіп төнсе, қайдан табамыз деп, бізде тапшы реаниматологтар үшін бе екен? Иә, біз үшін осынау қиын кезеңде ел бюджетінде салмақты орны бар біздің облысымыздың ресурсына билік ете отырып, миллиондаған мәселелер үшін күресуге болады. Әрине, бастама көтеріп, батылдық көрсетсе.
Жоғары жақтағылар бізді естір деген үміттеміз: өйткені, шу шығарып едік, Қырғызстаннан келгендерді , содан кейін Нидерландыдан келген студенттерді тексерді. Мұның өзі де жеңіс деп ойлаймын. Демек, «сұлтан» емес, әлеуметтік желілер мен бұқаралық ақпарат құралдары біздің, әлсіздердің тірегі болып отыр.
Нәтижелердің тез дайын болуына қарағанда, жедел тестілер қолданылған. Бұл тұрғыда ауру жұқтырған украиндықта жедел тест төрт рет теріс нәтиже көрсеткенін есте ұстаған жөн. Бірақ ол адамның ауру екені анық еді, оның диагнозы тек зертханада расталды.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА