Атырау, 25 қараша 03:48
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Байланыста - Темірхан!

1 944 просмотра

Қала орталығындағы «Светлана» аялдамасының артындағы үйдің шатырында бірнеше метрдей қолдан жасалған алып құрылым бой түзеген. Оның қожайыны еліміздің кез келген қаласымен, басқа құрлықтағы сұхбаттасушымен, полярлық стансалар және орбитадағы ғарышкерлермен үйінен шықпастан радио арқылы байланыса алады.

«КОМСОМОЛКА» ТҮРТКІ БОЛДЫ

Жер шарының кез келген мекендеушісімен тікелей байланысқа шығу арқылы қазіргі интернет заманында ешкімді таң қалдыра алмайсың.  Алайда бұдан біраз бұрын мұндай байланыс тек радиоәуесқойлар қауымының ғана артықшылықтары болатын. Айта кету керек, мұндай энтузиастар әлі де бар. Таныс болыңыздар, Темірхан ХАКИМОВ.

Суперантеннаны ол энтузиаст-радиосүйер достарымен бірге 2005 жылы құрастырыпты. Ал радио ісімен бала кезден әуестенген. Бірде, 7-сыныпта оқып жүргенде, транзисторлы радиоқабылдағышты  жасау сызбасы басылған «Комсомольская правда» газеті көзіне түседі. Балақайдың көзі оттай жана кетеді. Гурьевтегі техника дүкендерінен кейбір бөлшектерін сатып алып, жетіспеген құралдарын Мәскеуден тапсырыспен алдырады. Қабылдағыш алғашқы толқынды ұстаған кезде Темірхан радиоәуесқойлықтың ғұмыр бойы жаны қалайтын іс болатынын түсінген.

Сәл кейінірек жеке дабылдар (позывной) алған, ол әлі күнге дейін өзімен бірге. Радиоэфирде оны UN1O ретінде біледі.

 

ХАКИМОВТЫҢ 12 ДОСЫ

Радиоторап рөлін атқаратын оның бөлмесіндегі қабырғалар дипломдар мен медальдардан толып тұр. Бір қызығы, ол Атырауда жалғыз емес, қалада тағы 12 озық радиоәуесқой бар екен. Бірақ Темірхан ішіндегі ағасы сияқты. Сонымен қатар республикалық радиоспорт федерациясы филиалының директоры әрі ТШО-да жұмыс жасайды. Бәріне де уақыт табады.

- Эфирдің шуылы – жаныңа шипа дүние ғой, - дейді Темірханның ұлы Әмір. Ол да әкесі секілді радиомен «ауырады» екен. – Ұялы телефон, интернет, скайп дегендер – мүлдем басқа нәрсе. Радиомен айналысқан адам бұл істі сирек тастайды.

Тораптағы басқа құралдардың арасында нағыз бағалы нәрсе – телеграф кілті бар екен. Мені түбегейлі қайран қалдыру үшін Темірхан Попов дәуіріндегі таратқышта өзінің дабылдарын тықылдатуға кірісті. Радио толқынының шуылы арасынан оған да солай жауап қайтарды. «Бұл Жапониядағы менің танысым», деп түсіндірді ол. – пик-пик-пик... пик-пик... – Сәлем, достым!

- Қане, ғарышпен байланысқа шығайықшы?!

- Таза техникалық тұрғыда бұл өте мүмкін нәрсе. Бірақ ғарыш стансасында мен секілді радиоәуесқойдың отыруы неғайбыл ғой.

- Ендеше, басқа құрлықпен…

Бірнеше уақыт бойы Темірхан түсініксіз сөздер айтып, алдымен украиналық Алексеймен, содан соң Жапониядағы Харутомен, Румыниядағы Георгиймен, ең соңынан, атыраулық Владимирмен байланысқа шықты. Радиоәуесқойлар арасында тілдік кедергі болмады. Бұрмаланған ағылшын тілімен олар ауа-райы, шаруалары туралы сөйлесіп, содан соң көңіл бөліп, байланысқа шыққандары үшін бір-біріне алғыс білдіріп, қош айтысты.

- «Си кью, си кью, си кью юнайтед нэнси уан оска» деген  не сөз? – дедім байланысқа шығар кезде айтылған түсініксіз сөздердің мағынасын анықтауға кірісіп.

- CQ – «бәріңе, бәріңе!» деген жалпы шақырту белгісі. Қалғандары – менің UN1O дабылдарым – мені түсіну үшін сөздермен айтамын. Орыс тілділер үшін «си кью ульяна николай один ольга» деп айтамын.

 

ТҮЛКІ АУЛАУ

Темірхан Хакимовтың 12 досы спорттық радиопеленгация бойынша халықаралық сайыстарға тұрақты қатысады екен. Олардың тілінде бұл «түлкіге аңшылық құру» деп аталады. 

- КСРО кезінде спорттық радиопеленгацияға ДОСААФ әскери-қолданбалы спорт түрі ретінде жетекшілік етті, - дейді Хакимов. – Жорамал бойынша, соғыс кезінде «түлкі аулайтын аңшылар» диверсанттар тобын, біздің тылдағы жаудың хабар беретін жансыздарын іздеумен айналысуы тиіс. Соңғы рет мұндай сайысқа Ақмола облысының Бурабай поселкесіне бардым. Нағыз адреналин деп осыны айт... Бұл - өте күрделі спорт, дене шынықтыру даярлығынан (орманды жерлермен тез, бірақ ұқыпты түрде жүгіру керек) басқа, нағыз түлкі аулағыш компасты пайдалана білуі, спорттық картаны оқи алуы, жерді бағдарлап, дабылдарды қабылдап және сәйкестендіру үшін Морзе әліппесін білуі керек... Міне, енді 2014 жылы Көкшетауда өтетін келесі сайысты күтіп жүрмін. Ішінара халықаралық сайыстарға да қатысамын.

- Әкемнің дабылдарын бәрі біледі, - деді ұлы мақтанышпен. - Халықаралық конкурстарда дүние жүзінің 5 мыңға жуық радиоәуесқойлары қатысатын кездер болады. UN1O 2009 жылы қатысушы 6 ел арасында бірінші орын алды. 2009 жылы Қазақстанда да, Азия конкурсында да бірінші орындарды иеленді. Мына қабырғаларда ілінген марапаттардың саны жоқ...

 

БІЗДІҢ АДАМ - АФРИКАДА

- Қазақстанның басқа қалаларында сіз сияқтылар көп пе?

- Біз қай жерде де бармыз, барлық қалада, әрбір елде дерлік. Бірақ біз көрінбейміз, біз өз толқынымыздамыз. Айтпақшы, радиоәуесқойлар арасында дүние жүзінің әрбір елімен байланысатын сайыстың жабық түрі бар. Мұның сыры мынада: әр елде, мәселен, Африкада аппаратураны сатып алатын мүмкіндік жоқ. Бірақ қалай болғанда да байланысу қажет қой. Сол кезде сол елге адам жібереді, ол толқынды күйіне келтіреді, сосын біз байланысқа шығамыз. Ал дәлел ретінде арнайы кәртішкелер бар. Онда байланысқан нақты уақыт пен жері, дабылдар және басқа да мәліметтер белгіленеді. Мен өзімнің кәртішке-түбіртектерімді мұқият сақтап жүрмін. 142 елмен байланысқа шыққан екенмін.

- Ал қанша ел болуы керек?

- 200-дей. Көп балалар радиоспортқа қызығушылық білдіреді. Мүмкіндігіме қарай, үйретемін. Балалардың білгісі келіп, көздері жанып тұратыны қуантады. Бұрын КСРО кезінде Гурьевте ДОСААФ жанында радиоәуесқойлардың арнайы үйірмелері бар болатын. Жас техниктер стансасы, пионерлер үйі... Жастардың дамуы үшін керемет кезең еді ғой. Егер жаңа әкім осы секілді бір іс ұйымдастырар болса, мен бұл істі қуана қолға алар едім.

- Харатьян ойнаған фильм есіңізде ме: онда радиоәуесқой  Ресей мен АҚШ президенттерінің әңгімесіне араласып, құпия жеделхаттарды жолдан ұстап алатын еді ғой. Шындығында, бұл мүмкін бе? Қандай да болмасын бақылау бола ма?

- Бар, әрине. Жиіліктерді беретін халықаралық агенттіктер бар. Радиоәуесқойлар белгілі бір – төменнен бастап ең тәжірибеліге берілетін жоғары санатқа дейін рұқсат рәсімдеу үшін өтініш береді.

 

ЭФИРДЕГІ ӘЗІЛ

- Ал радиоәуесқойлардың мінез-құлық кодексі ше?

- Онсыз қалай болмақ енді! Радиобайланыстың белгілі бір ережелері бар: жаңа бастап жатқандар оларды оқып, емтихан тапсырады. Эфирге шығудың өзі аз, мұны дұрыс жасай білу керек. Мынадай ереже бар: айталық, сен тілшінің дабылдарын атайсың, өзіңнің дабылдарыңды айтасың, содан кейін ғана диалог жүреді. Егер байланыс таза болса, аппаратура, ауа-райы, бақша туралы болсын, диалог кез-келген тақырыпта болуы мүмкін...

Біздің белгілі бір кодтарымыз да бар. Мәселен: GL (good luck) – бұл сәттілік тілеймін; HW? (how?) – Қалай? Жағдайың қалай? Мені қалай естіп тұрсыз? Қалай қабылдадыңыз?; SPB – рахмет немесе TKU (thank you) дегенді білдіреді. Әзілдеп, ойнап-күлуге де болады: 88 сүйген белгі (әзіл, әйел адамға жіберіледі), HI (Laughing) – күлкінің белгісі. Ұрысуға да болады: 99 – сізбен сөйлескім келмейді дегенді білдіреді. Орысша «идите на...» деген сөзіне ұқсас, радиоәуесқойлық эфиріндегі дөрекі сөздердің бірі. Бірақ бұл сирек кездеседі.

- Ендеше, TKU, UN1O және GL.

- TKU, HI.

Анастасия ПАСТУХОВА

Суретті түсірген автор

21 қараша 2012, 18:37

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.