Атырау, 7 қазан 11:00
 ашықВ Атырау +26
$ 481.84
€ 531.33
₽ 5.07

Азғыр жарылыстан көз ашпады

5 943 просмотра

- Басталды, басталды!

- Не басталды?

- Күнде осы! Бізден 40 шақырым жердегі Ресейдің Ашулук полигонында снарядтарды жарып жатыр, - дейді Асан селолық округінің әкімі Нұржан ӘУБЕКЕРОВ қабырғадағы қисайып кеткен президент портретін түзеп тұрып.

Менің әкімдіктен тезірек шығып кеткім келді...

 

АШУЛУКТЫҢ ДҮМПУІ

Үздіксіз жарылыстың әсерінен әкімдік ғимаратының сыртқы сылағы мен кірпіштері түсіп жатты. 

Ертесіне Балқұдық селосында кешке таман тағы да жарылыс болды. Мұнартқан көк түтін біразға дейін сейілмей тұрып алды.

Құрманғазы аудандық мәслихатының депутаты Мансур ҚУАНЫШАЛИЕВ Астрахан облысына қарасты Ашулук әскери полигонында ескі снарядтарды жою үшін екі жылдан бері күнде кешкісін жарылыс болатынын сөз етті.

- Бастапқы жылдары снаряд дүмпуі бәсеңдеу болатын, кейінгі кездері бұл дыбыс күшейіп кетті. Жарылыстан соң саңырауқұлақ сияқты қызарған аспанға көтеріліп, сосын қою қара түтін пайда болады, - дейді  М.Қуанышалиев. - Ашулук, әсіресе, Асан және Азғыр елді мекендеріне жақындау орналасқан, қашықтығы шамамен 30-40 шақырым. Жердің үнемі тербеліске түсуінің ақыры не болатынын түсінуден қалдық. Бұл турасында сессияларда мәселе көтердім. «Жер Ресейге тиесілі, сондықтан шара ала алмаймыз» дейді. 

АДАМДАР ДЕНСАУЛЫҒЫНА АЛАҢДАУЛЫ

Азғыр өңірінде 17 рет әртүрлі деңгейде жерасты ядролық жарылыстың болғаны белгілі. Ал оның қаншалықты зардабы тиетіндігі ашық түрде жария болған жоқ. Қазір полигон зардабын жоюмен ешкім де айналысып жатқан жоқ.

Тек Азғыр ғылыми-өндірістік радиоэкологиялық экспедициясы жарылыс болған 10 алаңмен қоса 10 скважина, 5 құдықты өз бақылауына алып, суын, топырағын, шөбін Алматыға зертханаға жіберумен айналысуда.

Айта кетейік, Азғыр экспедициясының міндеті – 1998 жылғы 18 қарашадағы №1176 үкімет қаулысына сәйкес, бұрынғы Азғыр сынақ алаңында радиоэкологиялық және радиациялық мониторинг жүргізу арқылы топырақтың, судың, өсімдіктің құрамындағы ауыр металдар деңгейін зертхана жағдайында зерттеу.

Жалпы, Азғыр ғылыми-өндірістік радиоэкологиялық экспедициясы Алматы қаласындағы Ядролық физика институтына қарайды.

Алаңшалар темір сыммен көлденеңнен (суретте) қатарлана қоршалған. Тұрғындар осы бостау қоршалған сым арасынан малдың кіріп кететіні жайлы дабыл қағып отыр. Алаңша қоршаулары 2001 жылы талапқа сәйкес жасалынып, 2007 жылы қайта жөндеуден өткен.

- Қазіргі кезде бұрынғы Азғыр сынақ алаңындағы қоршау ішінде жер бетінде 170 микрорентген сағатқа дейін 192 ластанған нүктелер бар (радиацияның қауіпсіз деңгейі – сағатына 20 микрорентген). Елді мекенге едәуір қауіп бар, - дейді Азғыр ғылыми-өндірістік радиоэкологиялық экспедициясының дозиметрисі Сансызбай САДИХОВ (суретте).

Ал депутат М.Қуанышалиев жарылыс болған алаңшалардағы топырақтың жел салдарынан ұшып жатқанына алаңдаушылық білдірді. Ол адамдар мен малға зиянын тигізіп жатқанын, сондықтан газон төсеу, қоршау сыртына тал егу қажеттілігін ұсынуда.  

Азғыр елді мекенінің тұрғыны Амантай ҚАЛИЕВ тұрғындар болып Азғырдағы ядролық жарылыстың адамдарға тигізер зиянының ашық айтылуын талап етіп отыр.

- Біз қазір иненің үстінде отырғандаймыз. Менің немерем мен інімнің баласы өмірге келмей жатып жаны үзілді. Кім біледі, бұл да радиацияның әсері болар? Бұрынғы облыс әкімі бізге көшу жөнінде айтты. Биыл қала мен аудан дәрігерлері келгенімен, жарық өшіп қалып, аппараттарын іске қоса алмай кетіп қалды. Біз жарық моторын тауып беретін едік қой, – дейді А.Қалиев.

Құрманғазы аудандық ауруханасының бас дәрігері Байтолла ҒАЗИЗОВболса, өзуәжінкелтіріпотыр.

- Жолдың жайсыздығынан біздің техника істен шығады. Біз жеткенше аппараттар кезек-кезек жұмыс істемей қалады.

 

«БІЗ СУ ЕМЕС, У ІШІП ОТЫРМЫЗ»

Азғыр өңіріндеауыз су мәселесіне бюджеттен қыруар қаржы бөлінген болатын, алайда көп ұзамай ол желге ұшты. Бұдан 6 жыл бұрын Қоянды топтық су құбырын салу жұмыстары басталған болатын. Содан бері «РАСК» ЖШС мердігерлік мекемесіне қатысты қылмыстық іс қозғалды, ал ЖШС директоры қашып жүр. Бюджеттен атқарылар жұмыстарға бөлінген миллиондар мен су құбырын жүргізу жұмыстары да аяқсыз қалды.

Ал 8 мыңға жуық халық марганец, темір, барий элементтері мен органикалық және минералды қосылыстар шекті мөлшерден асатын жерасты суының зиянды екенін біле тұра, әлі күнге амалсыздан ішіп отыр, себебі басқа су жоқ! 

Ал шенеуніктер су құбыры келер жылы іске қосылуы мүмкіндігін айтады.

Құрманғазы ауданы әкімінің орынбасары Қуандық САДИХОВ:

- Сүйіндік, Жалғызапан, Батырбек, Егінқұдықта су құбырлары биыл қараша айының аяғында Қоянды топтық ауыз су құбырының ІІІ кезеңінде іске қосылатын болды. Ал Балқұдық-Қоңыртерек-Азғыр су құбырларын іске қосу жұмыстары келесі жылы аяқталады. 

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

21 қараша 2012, 18:23

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.