Өткен аптада Атырауда қызанақ пен қиярдың бағасы 20%-ға көтеріліп, бір келісі 1000 теңгеге жетті. Өйткені Атыраудағы жылыжайлар маусым аралығында ішкі сұранысты толық қамтамасыз ете алмайды. Сондықтан көкөністер Өзбекстаннан, Қырғызстаннан, тіпті Қытайдан әкелінеді.
Бәсекелестікті қорғау және дамыту комитетінің баспасөз хабарламасында келтірілген ақпаратқа тоқталып өтейік. 2019 жылы Қазақстанға импортталған қызанақ жалпы тұтынудың 8%-ын, қияр - 3,1%-ын құрады. Қызанақтың көп бөлігі ТМД елдерінен (53%) әкелінеді, оның ішінде Өзбекстаннан - 49%, Түркіменстан, Ресей, Қырғызстаннан - 4%. Осы импорттың 45%-ы Қытайға, 2%-ы Түркия мен Иранға тиесілі. Қияр: Өзбекстан - 71%, Түркіменстан, Ресей, Қырғызстан - 2%, Қытай - 22%, Түркия мен Иран - 5%.
Қазақстанда орташа алғанда жылына 765 мың тонна қызанақ өндірілсе, 65 мың тонна импортталады. Ал қияр өндірісі елімізде 460 мың тонна болса, импорт - 14 мың тоннаны құрайды.
Ортада делдалдардың «ауадан» ақша табуы қияр мен қызанақ нарығындағы күрделі мәселе болып отыр. Делдалдардың тізбегін бақылау мүмкін емес, - делінген баспасөз хабарламасында.
Өзбекстаннан келетін импорттың үлесі неге жоғары? Ол жақта жылыжай шаруашылықтарын жылыту үшін арзан отын бар. Ал ауа райы Қазақстанның оңтүстігіне қарағанда 20-30 күннен соң суыта бастайды. Бұл өндіріс шығындарын азайтады.
Бұдан басқа, екі жылдан бері Өзбекстандағы жылыжайлар заманауи жылыжай кешендерінің барлық құрамдас бөліктеріне, көшеттер мен екпелерге, минералды тыңайтқыштарға, инсектицидтер мен гербицидтерге салынатын кедендік төлемдерден босатылған.
Дайындаған Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ