Атырау, 23 сәуір 20:25
 ашықВ Атырау +16
$ 445.66
€ 474.58
₽ 4.78

Ұлттық банк филиалы фишингтік шабуылдар мен күмәнді ломбардтар туралы ескертті

Сурет
3 811 просмотра


«Қазақстанда «фишинг» деп аталатын қаржылық алаяқтықтың жаңа түрі пайда болды» - деп хабарлайды ҚР Ұлттық банкінің Атырау облыстық филиалы.

Жақында Facebook-те қазақстандық банктердің бірінің фишингтік аккаунты пайда болды. Онда клиенттер арасында байқау ойнатылатындығы жарияланып, пост астында әрбір 20-сыншы қатысушының жеңімпаз атанатындығы көрсетілген.

«Әлеуметтік желідегі бұл аккаунт кибералаяқтардың фишингтік тұзағы. Ең алдымен аккаунттың атауына назар аударған жөн: «HomeHaylk» (екінші сөздің жазылуына қараңыз) және «HomeБанк Qazkom». Қазақстанда «HomeHaylk» және «HomeБанк Qazkom» деген банктер жоқ. HalykBank банкі бар, оның Homebank деген қосымшасы және Facebook-те танымал логотиптегі ресми парақшасы бар. Екіншіден «жалған» банктің мекенжайы мен нөмірі Киев қаласы, Украина, 02154, тел.: +380 63 631 0809 деп көрсетілген», - делінген Ұлттық банк филиалының хабарламасында.

«АЖ» анықтамасы
Фишинг – бұл Интернет-алаяқтықтың бір түрі. Оның мақсаты – пайдаланушылардың құпия мәліметтері: логин мен құпиясөздеріне қол жеткізу. Ол үшін фишингтік сайттар, e-mail сілтеме хабарламалары, қалқымалы терезелер, таргеттелген жарнама сияқты құралдар қолданылады.

Фишинг сайтына тап болсаңыз интернеттегі алаяқтар сіздің шотыңыздағы ақшаны санаулы секундтар ішінде түсіріп алады. Қаскөйлер төлем карточкалары туралы мәліметтерді алу үшін танымал интернет-дүкеннің, банк сайтының немесе әлеуметтік желінің көшірмесін жасайтын қаржылық алаяқтықтың бір түрі. Қолданыстағы пошталық мекен-жай дерекқоры арқылы оған сілтеме жасайды. Оның қатарында сіздің мекенжайыңыз да болуы мүмкін.

Қалай қорғану керек?

- компьютеріңіздің және мобильдік құрылғыларыңыздың (вирусқа қарсы қорғау, күрделі құрамды құпиясөздер және т.б.) қауіпсіздік функцияларын пайдаланыңыз;

- жеке және банк деректерін Интернетке (форумдар, әлеуметтік желілер және т.б.) жарияламаңыз;

- белгісіз және күмәнді мекенжайлардан келген электрондық хаттарды ашпаңыз, күмәнді сілтемелерге өтпеңіз;

- интернеттен сатып алу үшін бөлек карта қолданыңыз;

- онлайн-сатып алмас бұрын сіз тұрған сайттың шын мәнінде интернет-дүкенге тиесілі екендігіне және оның мекенжайының http:// емес, https://-дан басталатындығына көз жеткізіңіз;

- төлем карталарыңызға SMS-хабарламалар сервисін қосыңыз;

- төлем карталарыңыздағы 3D-Secure функциясын ешқашан өшірмеңіз;

- PIN-кодты карточкамен бірге сақтамаңыз және оларды ешкімге айтпаңыз. Банк карточкаларыңызды үшінші тұлғаларға (тіпті туысқандарға), оның ішінде кафеде немесе мейрамханаларда төлемдер жүргізу үшін бермеңіз.



Сондай-ақ, Ұлттық банк филиалы автомобильді, тұрмыстық техниканы, ноутбуктар мен ұялы телефондарды кепілге алу арқылы несие беретін күмәнді ұйымдар туралы ескерту жасады.

Осындай ұйымдар туралы ақпаратты тексеру үшін есептік тіркеуден өткен микроқаржы ұйымдарының тізілімімен танысу ұсынылады. Бұл тізілім ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің www.finreg.kz ресми сайтында «Рұқсаттар және хабарламалар тізілімі» айдарында орналастырылған.

Егер компания тізімде жоқ болса, онда оның қызметін уәкілетті орган реттемейді.

Клиент болғыңыз келетін қаржы ұйымының сайтында орналастырылған ақпаратқа талдау жасаңыз. Егер ұйым, мысалы, өзін ломбард деп атаса, бірақ өзінің сайтында салымдар ашумен айналысатындығын көрсетсе, сақтық танытуыңыз керек.

Депозиттерді қабылдау банктік операцияларға жатады. Оны қаржы реттеушісінің тиісті лицензиясы бар екінші деңгейдегі банктер және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі атынан уәкілетті органның лицензиясынсыз Ұлттық почта операторы жүзеге асырады.

Дайындаған Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

23 наурыз 2020, 20:56

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.