Болашақ медицина орталығымен тығыз көршілестікте болатындықтарына наразы болған Спутник ықшамауданының тұрғындар тобы редакцияға хат жолдады. Мәселе Медиктер ауданындағы «Доктор+» емханасына қарсы тұрған Владимирский мен Спутник көшелерінің қиылысындағы шағын алаңға қатысты.
«КҮННІҢ КӨЗІН КӨРМЕЙМІЗ!»
Көршілерді өз көшелерінің бойындағы қозғалыс қауіпсіздігі мазалап отыр. Жобалық биіктігі үш қабатты ғимарат шынымен де қозғалысы көп қиылыстың бұрышында орналасатын болады (суретте). Владимирскийден шектес жатқан көшелерге шығатын және кері қозғалатын жүргізушілер үшін көру мүмкіндігі күрт төмендейді. Бірақ «Сұңқар» медицина компаниясына зейнеткер Бижамал ЕСЕНҒАЛИЕВА мен оның ұлы Адайбек ҚҰЛМАНОВТЫҢ қояр талабы зор. Жеке емдеу мекемесі олардың үйінің қақ алдына салынбақшы екен:
Құрылыс шегін белгілейтін бас жоспардағы сызық қызыл сызық деп аталады. Ол тұрғын үйлерді көшелерден белгіленген қашықтықпен бөледі. Қала құрылысында – салынған аумақты салынбаған кеңістіктен (алаңнан, көшеден) бөлетін сызық. Қызыл сызықтан квартал құрылысының бірде-біреуі шықпауы тиіс.
Сары сызықтар жойқын жер сiлкiнiстерi, өзге де табиғи немесе техногендiк сипаттағы зiлзалалардың салдарынан үйлердiң (ғимараттардың, құрылыстардың) үйiндiлерге (қирандыларға) айналуы барынша мүмкiн болатын аймақтар шекарасы. Әдетте сары сызық үйлер мен ғимараттар арасындағы қашықтықты реттеу үшiн қолданылады.
– Бұл жерге құрылыс материалдары әкелінді, аумақты қоршау жұмыстары жүріп жатыр. Жоспарланып отырған ғимарат заң тұрғысынан қарағанда қолданыстағы ешқандай нормаларға сай келмейді: менің үйімнің іргетасы мен ғимараттың арасы үш метрге жақын. Ал бұл өрескел заң бұзушылық. Салынатын ғимарат жол жиегінен 2 метр қашықтықта орналасады. Ал талап бойынша бұл қашықтық 5 метрден кем болмауы тиіс. Оның үстіне күннің көзін көре алмайтын боламыз: жоба бойынша үйіміздің терезесі Владимирский көшесіне қарап тұр, ал ол емхана ғимаратынан көрінбей қалады, яғни, күн көзін көлегейлеп тастайды. Ал біздің табиғи жарық алуға құқығымыз бар емес пе? Заң бойынша көлік жолынан үйіміздің қасбетіне дейінгі аралық 25 метр болуы тиіс. «Сұңқар» жеке меншігі үшін бізге құпия жолмен жалпы қолданыстағы жерді сатып алғанға дейін олар солай болған да еді. Енді ол жерге «сары сызықтың» бұзылғанын айтпағанның өзінде, тіпті өрт машинасы да келе алмайды. Емхана ғимараты құлаған жағдайда біздің үйімізді де өзімен бірге ала кетеді. Осы оқиғадағы біз үшін ең түсініксіз нәрсе: «қызыл сызықтың» сыртындағы қалалық жалпы қолданыстағы жер жеке пайдалануға қалай берілген?
Өз сөздерін растау үшін Есенғалиевтар 2002 жылы бекітілген қалалық Бас жоспардың көшірмесін ұсынды. Сол бойынша, «Сұңқар» шынымен де «қызыл сызықтан» шалғай жерге салынған. Оларда сол кездегі қала әкімі Мереке ЕСМҰРАТОВТЫҢ «Сұңқарға» алаңы 2 сотық жер телімін 445 мың теңгеге жеке меншік құқығына беру туралы 2010 жылғы 13 желтоқсандағы қаулысының көшірмесі де бар екен.
ІЗГІ НИЕТ
Есенғалиевтарда мердігердің телефоны бар боп шықты. Мен қоңырау шалып, тапсырыс берушінің байланыс деректерін беруді өтінген едім. Тұтқаның ар жағындағы адам үнсіз қалып, содан соң оны тастай салды. Екінші рет хабарласқанымда, Әмір тапсырыс берушінің денсаулық сақтау министрлігі екенін айтып, «сол жаққа қоңырау соғыңыз!» деді. Алайда Облыстық денсаулық сақтау басқармасының құрылыс жөніндегі бас маманы Сүйеу ХАЙРУЛЛИН бұл мәліметті теріске шығарды.
Мен бұл компанияны интернеттен тауып алдым. Қазақстандық өлшеммен қарағанда тарихы бай екен, нарыққа шыққанына 15 жыл болыпты. Бірақ әзірге базасы тек Алматыда ғана орналасқан. «Сұңқар» медицина орталығы» еншілес компаниясының басқарушысы Айдар ЕШПАНОВ құрылыстың заңсыздығына қатысты айыптауларды былай деп түсіндірді:
– Бізде заңды негіздің бәрі: әкімнің, қалалық сәулет басқармасының шешімдері бар, жоба мақұлданды. Мен осы адамдардың не үшін қырын қабақ танытып отырған себебін білемін: олар ренішті. Бұл учаскені олардың өздері сатып алғысы келген, бірақ мұнысынан ештеңе шықпады. Сіз ғимараттың қызметтік мақсатын ескеріңіз: бұл мейрамхана емес, медицина орталығы. Адамдар Астраханға баруды доғарады, сіздің өзіңіз де бұл жерге келетін боласыз.
– Сіздің компанияның ізгі ниетіне ешкім де дауласып отырған жоқ. Мәселе қала құрылысы нормаларының бұзылуында. Сіз бұған қатысты қандай комментарий бересіз?
– Оның өзі арақашықтық бойынша құрылыс нормалары мен ережелерін бұзды. «Қызыл сызықты» да бұзды. Оның ісі заңды да, біздікі заңсыз ба? Ақиқат қайда сонда?
– Ол учаскені 2002 жылдан бастап күшіне енген Бас жоспар бекітілгенге дейін сатып алды, ал сіз одан кейін алдыңыз.
– Түсінесіз бе, адал сатып алушыны қорғау туралы заң... – ойын аяқтамастан, Ешпанов тағы да: - Сіз нысанның әлеуметтік мақсаты туралы ұмытпаңыз. Алматы бойынша ең төменгі баға бізде, бізде гинеколог, МТР болады, біз адамдар үшін өте үлкен жұмыс жасаймыз, бұл өте маңызды! – деп еске салды.
«ШЕШІМНІҢ ЗАҢСЫЗ ЕКЕНІ АНЫҚ»
Ахуалға мол жұмыс тәжірибесі бар, соның ішінде кезінде қалалық сәулет бөлімінде жұмыс істеген сәулетші комментарий беруге кірісті. Ол мемлекеттік құрылымдарда жұмыс жасап жатқандықтан өзін жария етуден бас тартты.
– Тұрғын үй мен мекеменің арасындағы қорғау аймағының ара қашықтығы сақталмаған. Үйлер арасындағы минималды қашықтық, отқа төзімділігіне байланысты, өртпен күрес нормалары бойынша 6-15 метр аралығында болуы тиіс. Мұны өрт қауіпсіздігі қызметінен нақтылауға болады. Шолу бұрышы көше санатына байланысты болмақ. Владимирский көшесі - көлік қозғалысы көп болатын көшелердің бірі. Қозғалыс қауіпсіздігі туралы алаңдайтын көршілер тектен- текке мазасызданып отырған жоқ. Ғимарат дәл бұрышқа орналасып, көлік жүргізушілердің айналаны көру мүмкіндігін жауып тастауы мүмкін, – дейді ол. – Бұл жерде инсоляция (табиғи жарық алу) нормасының бұзылғаны айдан анық... Жоқ, бұл учаскенің жеке құрылыс салу үшін заңды түрде сатылуы мүмкін емес – бұл жалпы пайдалануға бөлінген жер. Менің пікірімше, соттасқан жағдайда талап-арыз берушілер, тіпті басқа да айқын заң бұзушылықтарды назарға алмай-ақ, қызыл және сары сызықтар бойынша заң бұзушылықтар негізінде де жетістікке жете алады.
Зульфия БАЙНЕКЕЕВА