Атырау, 25 қараша 04:09
 ашықВ Атырау -1
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

700 ұялы телефон ұрланған

5 204 просмотра

Атырауда ұялы  телефондар ұрлығының саны, құқық қорғау органдарының мәліметі бойынша, биыл өткен жылмен салыстырғанда екі есе көбейген.

АРЗАННЫҢ ТҰЗЫ ТАТЫМАС

- Қылмыскер ұялы телефонды иесінен тартып алса, бұл ашық ұрлық жасау, яғни тонау болуы мүмкін. Екінші жолы – құпия ұрлау. Бұл ұялы телефондарды үйлерден, кеңседен, көңіл көтеретін орындардан ұрлау, қалта ұрлықтары, - дейді Атырау ҚІІБ криминалдық полиция бастығының орынбасары  Марат ТАҒАНИЯЗОВ. – Әрине, азаматтар шағымданған жағдайда біз қылмыстық іс қозғаймыз. Бірақ, егер бұл құпия ұрлық болса, онда мұндай қылмыстық істер дәлелдер дерегі әлсіз болғандықтан, қылмыс құрамы жоқ деп танылып, сотпен тоқтайды. 

Бөгденің телефонын алған ұрылар оны тезірек сатып жіберуге тырысады. Сізге ұрланған затты ұсынып отырғанын түсіну қиын емес, ондай заттардың бағасы дүкен бағасынан бірнеше есе төмен болады.

- Өз телефонын сататын адамдар да болады ғой. Ұрланған заттан сақтану үшін не нәрсеге назар аудару керек?

- Әдетте, ұрланған затты бейтаныс адамдарға сатады. Егер сіз төмен бағаға қызыққан болсаңыз, сатушыдан оның құжаттарын, сондай-ақ, жеке басын куәландыратын құжатты көрсетуді сұраңыз. Ол бірден бас тартады деп ойлаймын.

- Ұрланған ұялы телефонды сатып алушылар қылмыстық жауапкершілікке тартыла ма?

«АЖ» АНЫҚТАМАСЫ

IMEI-код – бұл он бес цифрдан тұратын сериялық нөмір. Ол кепілдік талоны мен қорапта көрсетілген. Ұялы телефонды сатып алу кезінде кепілдік талонының толтыру дұрыстығын және алынған аппараттың қорапқа сәйкестігін тексеру үшін *#06# нөмірін теру керек, сонда дисплейде IMEI-код шығады.

- ҚР ҚК-нің 183-бабының 1-тармағында: «көрiнеу қылмыстық жолмен табылған мүлiктi сатып алу немесе сату – 50-ден 100 АЕК-ке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға немесе 180-нен 240 сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе 2 жылға дейiнгi мерзiмге түзеу жұмыстарына немесе 2 жылға дейiнгi мерзiмге бостандығын шектеумен жазаланады» делінген. Бірақ бұл бап, әдетте, ұрланған заттарды сатушыға қолданылады. Сатып алушы өзін материалдық тұрғыда жазалайды. Егер полиция қызметкерлері ұрланған телефон қайда және кімде екенін анықтаса, ол тәркіленіп алынады. Әрине, азаматтық сот арқылы осы телефонды сатқан адамды материалдық шығынды өтеу үшін тартуға болады. Бірақ бұл үшін оған қатысты қылмыстық процесс аяқталғанша күтуге тура келеді. Ал егер ол абақтыға кетер болса, өтемақыны өте ұзақ күтетін боласыз. 

 

БҮКІЛ ТІЗІМ БЕ? МІНЕКЕЙ

Атырауда ұялы телефондарды ұрлау қылмысын ашу 40 пайызды құрайды. Телефон ұрлау зардап шегушінің шағымынан кейін біріктірілген дерекқорға енгізіледі. Жоғалған ұялы телефондардың толық тізімі ІІД-нің http://dvd-atyrau.kz/content-view-44.html сайтында орналасқан. Қазір онда 700-ден астам телефон енгізілген.  

- Осы база бойынша қолдан сатып алынған, бұрын пайдаланылған ұялы телефонды тексеруге болады. Сондай-ақ, сізден ұрланған телефонды құқық қорғау органдары іздестіріп жатқан-жатпағанын білуге болады, - дейді М.Тағаниязов. – Егер сізден ұялы телефонды тартып алса немесе ұрласа, кешіктірмей, бірден полицейге хабарласыңыз. Өтінішке телефон құжаттарының көшірмесін, ІМЕІ-коды көрсетілген кепілдік талонын, сериялық нөмірі көрсетілген төлқұжатты тіркеу керек. Егер құжаттар сақталмаса, онда ең болмағанда ІМЕІ-код керек. Сондықтан телефон сатып алғаннан кейін оны көшіріп жазып, сақтап қойған артықтық етпейді.

Ал, ең бастысы – сақ боп жүру керек. Ұялы телефондарыңызды ішкі қалтаңызға және сөмкеңізге салып жүріңіз, оларды қоғамдық орындарда ұмыт қалдырмаңыз, ал сіздің телефоныңыздан қоңырау соққысы келген бейтаныс адамның өтінішінен сыпайы ғана бас тартыңыз.

Тамара СУХОМЛИНОВА 

21 қараша 2012, 18:14

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.