«Қазгидромет» РМК филиалының кезекші синоптигі Мергүл ҒИЛАЖЕВАНЫҢ берген мәліметі бойынша, 20 қарашаға қараған түні Атырауда термометр бағандары -2 градусқа дейін түсіп кеткен. Интернеттегі болжамдар бойынша, таяу күндері қатты суық болады екен. Алайда «Атырау жылу жүйелері» АҚ президенті Нұрадин ШАМШАТОВ мұнай астанасындағы көппәтерлі бүкіл үйге (тұрғындары әлі келісім-шарт жасамаған Ерниязов көшесіндегі жаңа 16-үйден басқа) көп уақыттан бері жылудың қалыпты беріліп жатқандығын айтты.
БҮРСЕҢДЕГЕН «АКАДЕМИКТЕР»
Атырау әкімі Серік АЙДАРБЕКОВКЕ күн сайын жылу жүйелеріндегі апаттар тізімі ұсынылады. Алайда тұрбалардағы бүкіл тесілген жерлерді жамап-жасқап болғанша, алғашқы екі айда жағдай осылай болып отыр.
Ең таң қаларлығы, суықтың түсуіне байланысты қалалық әкімдік пен редакцияға тозығы жеткен және апатты үйлердің емес, Сәтбаев даңғылы бойындағы музыка академиясы ғимаратының дәл түбінен бой көтерген (сондықтан да оны көбінесе «Академия» тұрғын үй кешені деп атайды) 85 пәтерлік №60 «элиталық» үйдің тұрғындарынан шағымдар жиі түсе бастады.
Әкімдікке берілетін күн сайынғы тізімге бұл үй енбеген, өйткені ол бүкіл құжаттар бойынша автономды газ қазандығымен жылытылады деп белгіленген. Сол жерге барғанда ғимараттың тек сырты ғана сұлу екені анықталды: үй көктемнен бері ыстық сусыз, ал оған қоса күзден бастап жылусыз отыр екен. Бұл жерде тұрып жатқан тұрғындардың осынау сәулетті әрі қоршалған үйден пәтер сатып алуға ақшалары жеткен болса, ауқатсыз емес-ау деп болжауға болады. Олар: негізінен кәсіпкерлер, кәсіпорын басшылары және тіпті қазір сенатор болып отырған облыстың бұрынғы әкім орынбасарларының бірі. Алайда қоныстанушылардың қуанышы ұзаққа бармады. Кешікпей шүмектен мөлдір, ыстық судың орнына тот басқан, майлы сұйықтық аға бастады. Оны ең болмағанда жуынып-шайыну үшін ұзақ уақыт бойына сарқыратып жіберіп қою керек екен. Сөйтсе, құрылыс салушы «ДСУ КасТаДор» ЖШС автономды жылужайға тот баспайтын болат қазандықтардың орнына, сапасыз әрі шойын қазандықтар орнатыпты. Оның үстіне осынау түрік қазандықтары үш жыл бойына үнемі істен шығып, «Ақ Отау» ПИК-і жылужайды өз балансына алудан бас тартқан. Биылғы жылдың мамырында құрылысшылар баяғыда ауыстыруы тиіс қазандықтарды жөндеуді мүлдем тоқтатқан. Сөйтіп жарты жылдан бері тұрғындар ыстық сусыз зардап шегіп келеді. Ал енді олар жылусыз да қалды.
«Ақ Отау» ПИК-інің төрағасы Мұрат СЕЙТҚАЗИЕВТЫҢ айтуынша, осы үйдің тұрғындары жылу үшін ақы төлемеуді әдетке айналдырыпты. Құрылыс салушылардың газшілер алдында әжептәуір қарыздары жиналып қалған. Нәтижесінде құрылыс компаниясы өз мойнынан ауыртпалықты алып тастап, үйді қалалық жүйелерге қосуды ұйғарыпты.
– Біз осы үш жыл бойына лас әрі қанжылым су үшін, жылу үшін және қалған барлық қызметтердің ақысын уақытымен дұрыс төледік. Ал бір жылдан бері подъездердің есіктері неліктен ашық жатыр? Ішке кім көрінген кіреді, - деп наразылық білдірді тұрғындар. –Тіпті құрылыс салушы бізге 60 мың теңгеден сатқан домофон секілді осындай ұсақ-түйекті неліктен ПИК төрағасы да, құрылыс салушы да (оның жанұясы да осы үйде тұрады екен – М. С.) реттей алмай отыр? Витраждардың лас екенін әлденеше рет айттық. Олар: «ақша жоқ, автомұнара мен тазалаушыларды өздерің жалдаңдар» деген жауаптан бір танбайды.
АЛА ЖАЗДАЙ ЖЕЛКІЛДЕП...
«Атырау жылу желілері» АҚ вице-президенті Андрей ЖАНДИН хабарлағандай, «ДСУ КасТаДор» ЖШС өтініш бере отырып, қалалық жылу желісіне қосылуға техникалық шартты тек қазан айында ғана алды. Дегенмен, тұрғындар жұмыс жасамай тұрған жылу қазанына қатысты дабылды осы жылдың мамыр айында хабарлаған болатын. Шамасы, көршілес-құрылысшылардың түсінбегендеріне қарағанда, олармен арадағы әңгіме барынша жайлы, мәдениетті түрде өткенге ұқсайды.
ПИК-лер тілшіге құны 4-5 миллион теңге (құрылыс салушының есебі бойынша) болатын барынша қысқа жылу трассасының құрылысына ақша жинауға барлық тұрғындар келісім бермегендігін хабарлады. 1-ші қабаттағы жалға алушылар - «Bessini–Ramsey» дүкені және «AsiaCreditBank» филиалына менің сапарым барысында олардың да бөгденің қатесі үшін жауап бермейтіндіктері түсінікті болды. Сәл кейінірек ПИК-нің жағдайды біраз әсірелеп жібергендігі анықталды: іс жүзінде құрылысшылар қатысқан жиналыста тұрғындар ақша жинаудан тек үзілді-кесілді бас тартып қана қоймаған, мұндай бассыздыққа ашуланған олар облыс және қала әкімдерінің атына хат жолдаған. 15 адам қол қойған 20 қазанда жолданған шағымда былай делінген: «…«ДСУ «КасТаДор» ЖШС басшылығы тұрғындарды жылу жүйесінің жарамсыз болып қалғандығына сендіреді. Біз оның осынша қысқа уақыттың ішінде істен шығып қалуы мүмкін емес деп есептейміз. Біз қалалық жылу желілеріне қосылуға қарсы емеспіз, алайда біз кемшіліктерді жойып, қайтарымсыз қосылу талаптарын қоямыз. Үйдің жылу жүйесін «ДСУ «КасТаДор» ЖШС-нің балансынан алып басқа ЖК немесе ЖШС-ке беруіне біз келісім береміз».
МЕРДІГЕРЛЕР ДЕ ЖАУАПТЫ
Қазір мәселенің тек ақшаға ғана емес, осындай кемшіліктерге жол берген мердігерлерге де қатысты болып отырғаны түсінікті: құрылысшыларды өздерінің кінәсін мойындауға, тұрғындардан кешірім сұратып, орын алған жағдайды өз есептерінен түзетуге мәжбүрлеу керек. Оның үстіне олардың әрқайсысында «Атырау қаласында тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу жөніндегі келісім-шарт бар», сол шарттың 2.5 тармағында тура былай деп көрсетілген: «Үлестік қатысу құнына Пәтер құны, сондай-ақ, құрылыс барысында құрылысшы келтірген барлық шығындар, оның ішінде: - қалалық коммуналдық желілерге қосылу және оған жобалау жұмыстарын қосу төлемдері де енгізіледі...».
Мынадай суықта тұсқағаздары түсіп жатқан және түрлі сырқаттар түріндегі басқа да жайттарды бастан өткеріп жатқан тұрғындардың бірі сотқа моральдық және материалдық шығындарды өтеу бойынша талап арыз жаза ма, әзірге белгісіз. Тек бірнеше тұрғындардың «Ақ Отау» ПИК-мен келісім-шартын бұзу жөніндегі өтініштерін дайындап жатқандығы белгілі. Олардың пікірінше, аталмыш ПИК осы үш жылдың ішінде өз төлеушілерінің мүддесін емес, құрылысшының мүддесін қорғаушы екендігін көрсетті. Олар өздерінің ашық қаржылық есептері бар жеке ПИК құруды көздеп отыр. Және бұның немен аяқталғандығы меніңше біздің көптеген оқырмандарымыз үшін қызықты болады ғой деп ойлаймын.
Бір қызығы, фототілшімен біз барып кеткен күннің ертесіне-ақ, осыдан бір ай бұрын элиталық үйдің маңында қазылған бос шұңқыр айналасында жұмыс қызу басталды. Осынау тірліктің басталу себебін «ДСУ КасТаДор» ЖШС бас директоры Айдын ӘЛМҰХАМЕТОВТАН сұрауға еш мүмкіндік болмады: бастапқыда оның ұялы телефоны қосулы болды, сейсенбі күні осы үйдегі өз кеңсесінде кездесуді жоспарлағанымызбен, оның өзі неге екені белгісіз келмей қалды. Бәлкім, кеңсе қатты салқын болар.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ