Дәрігерлердің тапшылығы туралы мәселені Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің ғимаратында өткен жиналыста қалалық мәслихат депутаты Салтанат РАХИМОВА көтерген еді. Атырау облысына 197 әртүрлі салалық дәрігер қажет. Жасы келген дәрігерлер зейнетке шығады, ал жас мамандар жұмыстан шығып кетеді.
- Мәселен, облыстық балалар ауруханасының хирургия бөлімшесінде науқастарды қабылдау, операциялық бөлім, 42 кереуетке арналған стационарлық бөлімше бар. Осы бөлімшелерде бар болғаны 3 хирург жұмыс істейді. Ал түнде, демалыс және мереке күндері тек біреуі ғана кезекшілік етеді. Егер оған ота жасау керек болса, науқастарды қабылдау бөлімі мен стационар жұмысы тұрып қалады. Бұл қалыпты жағдай ма? Жақында ол жерден тағы да тәжірибелі екі хирург жұмыстан кетті, - дейді С.Рахимова.
Оның пікірінше, бұған тәжірибелі дәрігерлерді бағаламайтын облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен облыстық балалар ауруханасы басшылығының көзқарасы себеп болып отыр. Облыстық басқарма аурухананы қажетті дәрі-дәрмек пен жабдықтармен, қажетті мамандармен қамтамасыз ету мәселесіне көңіл бөлмейді. Басқа өңірлерден дәрігерлерді шақырмас бұрын (ал олар тұрғын үймен және т.б. қамтамасыз етілуі қажет) облыстық балалар ауруханасынан тәжірибелі дәрігерлердің кету себептеріне талдау жүргізуі керек деп есептейді Рахимова.
Біздің дәрігерлердің еңбекақысының деңгейі де үлкен рөл атқаратын секілді. Облыстық балалар ауруханасына литвалық ортопед-дәрігер Виргилиюс УРБАНАВИЧЮС келгенде мен оның атыраулық әріптестерімен әңгімелесіп көрдім. Бірінші санатты ортопед-дәрігердің еңбек өтілін, кезекшілігін және жақында көтерілген жалақысын қосқанның өзінде еңбекақысы 150-200 мың теңгеге жететіні белгілі болды. Отбасын асырау үшін олардың барлығы жарты ставкамен басқа емханалар мен жеке клиникаларда қосымша жұмыс атқарады. Демек, ота жасайтын дәрігерлер тынымсыз кезекшіліктерінен соң демалудың орнына жұмыс жасауды жалғастырады. Ал ондай жұмыс режимінен мамандар әрине шаршайды. Ал оның ақыры дәрігерлік қателіктерге соқтырады емес пе?
Дегенмен ауруханада ақша бар, олар депутаттардың тексеру қорытындысына қарағанда қажетсіз нәрселерге жұмсалады, ол туралы біздің газетіміз жазған да болатын. Штатта бірнеше есепші болса да, облыстық балалар ауруханасы жеке компаниямен мүліктерді түгендеу, салық және еңбекақы төлеу үшін 5 млн 200 мың теңгеге келісім-шарт жасаған. Сондай-ақ, аурухана штатында өз архивариусі бола тұра 3 млн теңге көлеміндегі қаржыға жеке компанияның мұрағаттық қызметіне жүгінген. Бұл қаржының барлығын өз қызметкерлерін қосымша материалдық ынталандыруға жұмсағанда, бәлкім ешкім де жұмыстан кетпеген болар еді.
Зульфия ИСКАЛИЕВА