14 қарашада Атырау облысының мамандандырылған ауданаралық сотында қалалық салық басқармасының «АтырауБалық» АҚ-ын банкрот деп тану туралы талап арызы бойынша сот процесі басталды.
ҚАРЫЗҒА БЕЛШЕДЕН БАТҚАН
Үстіміздегі жылдың 12 қазанында отандық балық өнеркәсібінің бұрынғы алыбының салық қызметкерлеріне бережағы 71,3 млн теңге, міндетті зейнетақы жарналары бойынша қарызы– 28,3 млн теңге, міндетті әлеуметтік төлемдер бойынша - 13,2 млн теңгені құрады. Бұл - кәсіпорын қызметкерлерінің жалақылары бойынша бережағын қоспағандағы сома. Сотта салық қызметкерлері «АтырауБалықтың» салық төлеміне қатысты проблемалары 2010 жылдың ақпанынан бастап туындағанын мәлімдеді. Сол жылдың мамырында сол кездегі облыс әкімі Бергей РЫСҚАЛИЕВ бастаған комиссия сау ете түсіп, осы уақыттан бастап кәсіпорынның тағдыры күні бұрын шешіліп қойған еді. Мемлекет алдындағы қарызды өтеу мақсатында 2010 жылдың маусымында кәсіпорын есеп-шотындағы бүкіл шығын операциялары, ал 2012 жылдың маусымынан бастап кассалық операциялар жабылды. Осы мерзім ішінде жалпы 2,2 млрд теңге бережақтың 1,5 млн теңгесі ғана мемлекет кірісіне қайтарылған. Мұны сотта салық органының өкілдері «АтырауБалықтың» есеп-шотында қаржы болмағандықтан» деп түсіндірді.
АЖ анықтамасы. Гурьев балық қалбырлау комбинаты 1933 жылы «Лицпромстрой» цехының базасында құрылған. 1958 жылы кәсіпорын Гурьев өндірістік балық басқармасы деп аталып, ал 1976 жылы одақтық маңыздағы үлкен өндірістік бірлестікке айналды. Оған балық қалбырлау комбинатынан басқа, кеме жөндеу зауыты, Шортанбай балық зауыты, машиналық-мелиоративті станса, автобаза, материалдық-техникалық жарақтау және өткізу кәсіпорны, түрлі профильдегі 9 өндірістік цех, 9 балық аулау серіктестігі кірді. Рекорд болған 1977 жылы 2 ай ішінде бекіре тұқымдас балықтың 12 мыңнан астам тоннасы ауланып, 1250 тонна қара уылдырық өндірілді. Кәсіпорынның қалбырлау цехтарынан жыл сайын Одақтың және дүние жүзінің түкпір-түкпіріне 33 түрлі қалбырланған балық өнімінің 23 миллионнан астам данасы жіберіліп тұрды.
Олардың айтуынша, облыстық Әділет департаменті кәсіпорын есебінде біршама жылжымайтын мүліктер бар екен хабарлаған. Атап айтқанда, балық қалбырлау комбинаты орналасқан жер учаскесі, Балықшы поселкесіндегі учаске және Азаттық көшесінің бойындағы №131 «а» үй мекен-жайындағы 20-пәтер. Ал қалалық жер қатынастары бөлімінің мәліметтері бойынша, биылғы жылдың басында аталмыш жылжымайтын мүліктерден басқа, «АтырауБалыққа» Балықшы поселкесіндегі, Еркінқала және Атырау селоларындағы тағы 15 жер телімі тиесілі екен. Бұдан басқа, жол полициясы басқармасының мәліметтері бойынша, онда 28 бірлік автокөлік тіркелген.
Алайда, сотта анықталғандай, жылжымалы және жылжымайтын мүліктердің басым бөлігіне сот орындаушылары жалақы бойынша бережақты төлеу есебі ретінде тыйым салыпты. Таң қаларлығы, 2011 жылдың желтоқсанында кәсіпорын директоры боп тағайындалған Александр ПЯК сот отырысында әлсін-әлі зауыттың жай-күйі туралы бейхабар екенін білдіртіп отырды. Судьяны, мәселен, Пяктың кәсіпорын балансындағы жүзбелі кемелер мен көлік құралдарының саны мен жай-күйі туралы нақты ақпаратты білмейтіні таң қалдырды.
«БАЛЫҚ АУЛАУ МАУСЫМЫНА ҮМІТТЕНДІК»
Бір қызығы, «Атырау Балықтың» өндірістік цехтары және жерлерімен қосқанда ғы кеңсе ғимаратын кәсіпорынның мирасқоры «Жайық Балық» КМК 200 млн теңгеге баяғыда сатып алған. Пяктың айтуынша, қазіргі кезде зауытта тек әкімшілік қызметкерлері мен вахтерлар ғана жұмыс істеуде.
Зауыт өкілдері сотқа неліктен миллиондаған қарыздары бар кәсіпорынның бүгінгі күні өзінің бұрынғы алаңын жалға алу құқығымен пайдаланып отырғанын, оның үстіне бұлүшін вахтерлардың көп штатын ұстап отырғанын ұғынықты етіп түсіндіре алмады.
- Біз күзде, балық аулау маусымында жұмыс істеп, қарыздарымыздан құтыламыз деп үміттенген едік, - деді Пяк сенімсіздеу түрмен дәлел келтіріп.
Бұл кәсіпорында «Атырау- Ақпарат» КМК-ғы секілді сызба жұмыс істеген болуы әбден мүмкін. Ол жерде жұртшылыққа әлі күнге дейін жария болмаған кәсіпкерлер жекешелендіріп алған ғимарат алаңдары мемлекеттік БАҚ-қа жалға берілген болатын. «АтырауБалыққа» қатысты жағдайда, жалға алу ақшалары әлі күнге дейін мемлекеттік монополия субъектісі мәртебесін алмаған «Жайық Балық» ЖШС-не кетіп жатты.
Есте қаларлығы, жауапкер тарап сотқа өз мирасқорына жерді, өндірістік қуаттылықты және жүзбелі кемелерді беруге қатысты ешқандай растаушы құжаттар ұсына алмады.
Тіркелген меншік бойынша салық басқармасы ұсынған құжаттарға келер болсақ, жауапкер бұл фактіні уақытында меншік құқығын өзіне қайта рәсімдеп алмаған жаңа меншік иесінің сылбырлығы деп түсіндірді.
АКЦИОНЕР-ДОСТАР, ҚАЙДАСЫЗДАР?
Зауыттың бұрынғы акционер-лерінің қайда кеткені әзірге жұмбақ. Естеріңізге салсақ, олар бірнеше жыл бұрын мемлекеттен 5-тен 6,5 млрд теңгеге дейін түрлі бағада кәсіпорын құнын сұраған еді. Алайда 2009 жылы «Каспий» ӘКК басшысы Болат ПАЛЫМБЕТОВ келген кезде акцияның 89 пайызына иелік ететін негізгі акционерлер күтпеген жерден өздерінің бүкіл акцияларын мемлекетке «өте қолайсыз қаржы жағдайы мен бекіре тұқымдастардың аз көлемі өндірілуі себепті» қайтарымсыз беру туралы шешімдерін мәлім етті.
ҚР қаржылық қадағалау агенттігінің мәліметтері бойынша, «АтырауБалық» АҚ-ның негізгі акционерлері - Brooklyn Group Consultants Inc» пен «KZ-Балық» ЖШС. Екеуі де (кем де– Л.С.) зауытта акционерлердің болмағандығын айтты.
- Ал егер олар зауытты осындай күйге жеткізген болса, сіздер неліктен оларды іздемедіңіздер? – деп сұрадым мен кейінірек зауыт өкілдерінен. Халық арасында әлікүнге дейін соңғы жылдары ұлттық меншік алдында зауыт мүлігінің талапайға салынғандығы және акционерлер мен басшыларының құлаштарын кеңге жайып өмір сүріп жатқандығы туралы аңыздар айтылып жүр.
- Оның не қажеті бар? – деген жауап қайтарды. Айтпаса да, түсінікті.
ҚАРА УЫЛДЫРЫҚ ХИКАЯСЫ
Сотта анық болған тағы бір қызықты факт бар. «АтырауБалықтың» бережағы ғана емес, оның 80 млн теңгедей алажағы да бар екен. Оның 70 миллионы бір ЖШС-нің еншісінде. 2008 жылы «АтырауБалық» ешқандай алдын-ала төлемсіз 2 тонна қара уылдырықты тиеп беріпті. Сотта зауыт басшылығы бұдан бұрынырақ салықшылардың өздері осы ақшаны борышкерден талап етсе деген өтінішпен салық органына хат жолдағандықтарын растады. Алайда, салықшылардың айтуынша, оларға бұл туралы ештеңе белгісіз. Ал бейресми дереккөздерден ірі уылдырық партиясын тегін тиеп алған компания «АтырауБалықтың» атышулы фамилиясы бар акционерлерінің біріне тиесілі екендігі белгілі болды.
Соттың келесі отырысы 23 қарашаға белгіленді.
Лаура СҮЛЕЙМЕНОВА