Атырау, 23 қараша 07:05
 ашықВ Атырау +5
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

«Аймұрзиева өз кінәсіне лайықты жаза алды»

4 449 просмотра


28 ақпанда Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының экс-басшысы Мәншүк АЙМҰРЗИЕВАҒА 5 млн теңге көлемінде айыппұл салынған үкім жарияланғаннан кейін әлеуметтік желілерде «Неге оңай жазамен құтылды?» деген сұрақтар туындай бастады. «АЖ» тілшісі осыған орай Атырау қалалық №2 сотының төрағасы Мейрамбек НАҒАШЫБАЕВҚА хабарласқан болатын.

Естеріңізге салсақ, Мәншүк Аймұрзиеваға қатысты ҚР ҚК-нің 371-бабының 2-тармағы (Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық) бойынша сотқа дейінгі тергеуді Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті биылғы 26 қаңтарда бастап, 15 күн жүргізіп, істі прокуратураға жолданған еді. Сот процесі 24 ақпанда басталып, 28 ақпанда үкім жарияланды.

- Айыпталушы тұлға өзіне тағылған айыппен келісіп, кәнісін мойындаса және жиналған дәлелдерге дау келтірмесе – іс қысқартылған тәртіппен қаралады. Мәншүк Аймұрзиева осылай жасады, - дейді М. Нағашыбаев. - ҚР ҚПК-ге сайкес, бұндай істердің шешімі 10 күннің ішінде шығуы тиіс. Бірінші сот отырысында айыпталушы адвокатымен бірден процессуалдық келісім жасауға өтініш хат түсірді.

- Көпшілік Аймұрзиеваны перинаталдық орталықта сәбиді тоңазытқышқа салу ісі бойынша жанамалай болса да жауапты деп санап, жеңіл жаза алды деп ойлайды.

- Жоқ, бұлай емес. Мәншүк Аймұрзиева Атырау облыстық Денсаулық сақтау басқармасының басшысы болған кезде облыстық перинаталдық орталығы директорының бос тұрған лауазымына жұмысқа алу жөніндегі комиссияның төрағасы болған. Сол кезде екі кандидат қаралған. Біріншісі - Қуаныш НЫСАНБАЕВ, екіншісі – қалалық перинаталдық орталық бас директорының орынбасары қызметін атқарып жүрген әйел адам. Бұл лауазымның талаптарына Нысанбаев сәйкес келмесе де, Аймұрзиева оны жұмысқа алған. Осыған байланысты оған «Абайсызда ауыр зардаптарға әкеп соққан салғырттық» бабымен айып тағылды.

Өткен жылдың тамыз-қыркүйек айларында облыста 42 сәби шетінеген. Алайда Мәншук Аймурзиева басшы ретінде ешқандай шара қолданбаған. Мен де «Бала өлтірген адамдар бостандыққа шығады ма?», «Басшы ретінде ол да кәнілі» деген пікірлерді оқыдым. Бірақ сот ҚР Заңдарын басшылыққа ала отырып, шешім шығарады. Айта кету керек, оның қылмысы «ауырлығы орташа дәрежедегі қылмыс» санатына жатады. Ал ҚР ҚПК-нің 55-бабына сәйкес, мұндай жағдайда бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалмайды. Ол өз кінәсін толық мойындап, бұрын сотты болмауына байланысты және жоғарыда айтылып кеткен ҚР ҚПК-не сәйкес, ауырлататын жағдайлар жоқ болуына байланысты 2000 АЕК көлемінде айыппұл мен 3 жылға медицина саласында басшылық қызмет атқару құқығынан айыру түріндегі жаза тағайындалды.

- Облыс әкімінің бірінші орынбасары Серік ШАПКЕНОВ Аймұрзиеваға оң мінездеме берген болатын. Осы мінездеменің сот үкіміне әсері болды ма?

- Жоқ. Оң мінездеме сот жазасын жеңілдетуші жағдай болып саналмайды. Енді Аймұрзиева 5 млн 50 мың теңге айыппұлды 2 ай ішінде өтеуі тиіс. Осы мерзім ішінде өтей алмаса, сотқа айыппұл өтеуді кейінге қалдыру жөнінде өтініш хат түсіре алады. Бірақ сот отырысында 2 ай ішінде өтеуге тырысатынын айтты. Заң алдыңда ешкімнің қызметі рөл ойнамайды. Сот үкімі жасаған қылмысының ауыр-жеңілдігіне қарай, ҚР ҚПК талаптарына сәйкес шығарылады.

Фархат ӘБІЛОВ

3 наурыз 2020, 14:33

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.