15 қарашада Дина Нұрпейісова атындағы мәдениет үйінде «Атырау-Жарық» АҚ тапсырысы бойынша 2013-2015 жылдарға электр энергиясын беру және тарату тарифтерін бекіту жөніндегі жұртшылық тыңдауы өткізілді.
Аймақтық электр торабы компаниясының (АЭК) басшысы Айвар РАХМАНОВ қатысып отырғандарға 2013-2015 жылдарға арналған тарифтік смета жобасын жария ете алмайтындығын мәлімдеді, енді табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік шығынды тарифті қалыптастырудың салыстыру әдісіне көшті. Жаңа әдіс бойынша тариф мына мөлшерлермен жинақталатын болады: әрбір АЭК үшін орташа республикалық деңгейден шығындардың ауытқуымен анықталатын ықпалды әсер ету коэффициенті; бақылауға алынбайтын шығындар (салықтар, техникалық шығындар, «КЕGOC» магистральды желілерінің қызметі), алдағы 3 жылға арналған инвестициялық бағдарлама. Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттікке берілген өтініште көрсетілген бақылауға алынбайтын шығындар 2,5 млрд теңгені құрайды. 7,1 млрд теңге сомасындағы инвестициялық бағдарламаны Индустрия және жаңа технологиялар министрлігі бекітіп тастады.
Белгілі коммуналшы Тілек ДОНБАЕВ (суретте) орнынан тұрып, сөз алды: «Мен сіздердің менің ақшамды инвестицияға салып, соның есебінен ақша табуларыңызға келісімімді бергенім жоқ. Ол инвестициядан қарапайым тұрғынға қандай пайда?».
Энергіші бұл қиындау сауалға жауап бере алмады, жәй ғана бұл әдісті өздерінің ойлап таппағандығын айтты. Жалпы алғанда, Рахманов бағдарламаның дұрыс екендігіне сенімді, өйткені, осы бағдарламаның арқасында негізгі қаржы толықтырылуда: «Ал, анау Доссордағы соғыстан кейін Германиядан әкелінген күшті шағын станса соңғы демі біткенше жұмыс жасады. Қосалқы бөлшек таба алмай монтерлер біраз әбігерге түсті».
Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттіктің сараптама кеңесінің мүшесі Наурызғали ӘБІЛХАЙЫРОВ орынды сауал қойды:
- Тұрғындардың есебінен алынған инвестицияның арқасында құрал-жабдықтар жаңартылып, электр қуатын беру артып, шығындар азайды. Демек, тарифтерді төмендетуге болады ғой?
А.Рахманов:
- Иә, 2000 жылмен салыстырғанда электр энергиясын тасымалдау көлемі 700 млн кВт-сағаттан 1 млрд 286 млн кВт-сағатқа артты, шығын 40% -дан 17,21%-ға дейін қысқарды. Алайда, бұл уақыт ішінде тауар мен қызмет бағасы өсті, соған сәйкес біздің де шығындарымыз артты.
Кездесу соңында Рахманов былай деп «тыныштандырды»:
- Біз тарифтің мөлшерсіз емес екендігін түсінеміз. Егер оны ештеңеге қарамастан көтере беретін болсақ, онда тұрғындардың төлей алмайтындай жағдайымен беттесеміз. Бірақ, бізге қазір жаңғырту үшін қаржы керек...
Табиғи монополияларды реттеу жөніндегі агенттік директорының орынбасары Райхан МИЗАМҒАЛИЕВАНЫҢ хабарлағанындай, «Атырау-Жарық» АҚ қызметінің тарифтері 26 қарашада жарияланатын болады.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті түсірген Қанат ЕЛЕУОВ