Атырау, 23 ақпан 18:00
Түнде бұлыңғыр болады+2, таңертең +3
ҚР Ұлттық банкінің валюта бағамы: $ 376.16  € 406.18  P 5.90

Атыраулық альпинист: «Килиманджаро шыңында тұрып, бақыттан көзіме жас келді»

4 ақпан 17:42


Әсет өзін әуесқой тауға өрмелеуші деп атайды. Ол Килиманджаро, Айленд пик, Хан-Тәңірі, Казбек, қысқы Эльбрус, Манаслу шыңдарын бағындырса,  қысқы Монблан, Мрамор Қабырғасы және Лхоцзе  сілемдеріне сапары сәтсіз аяқталды. Әсет жұмыстан қолы босаған сәтте Тұйық су шатқалында жаттығу жасайды және Алматыда Banff тау киносы халықаралық фестивалін ұйымдастырушылардың бірі. Қазір ол Алматыда тұрады және сонда жұмыс істейді. Әсет Атыраудың тумасы, Драма театрдың маңында тұрды, №17 мектеп-лицейде оқыған. Мәскеуге оқуға түсіп, кейін Норвегияға кетті. Міне, сол жерде оның тауға деген қызығушылығы басталды.

«МЕКТЕПТЕГІ ӘЛЖУАЗ БАЛАНЫҢ ШЫҢҒА ШЫҚҚАНЫНА СЕНЕ АЛМАДЫМ»

- Неге тауды таңдадың?

- Ес білгелі мен үшін оқу өмірімдегі ең маңызды нәрсе болды және бар уайымым білім алу еді. Университетте жақсы оқып, жақсы жұмыс тауып, мансап биігіне жеткім келетін. Осылайша Норвегиядағы магистратураны жақсы аяқтап, сол жерде өзіме тұрақты жұмыс таптым. Бірде өзімнің бар уақытым оқу мен жұмысқа кеткенін, өзім үшін қызықты болатын белгілі бір сүйікті іспен айналыспағаным ойға оралды. 25 жасқа келгенде мен бәрін бірден бастап көрмек болдым.  Тіпті, парашютпен секіруді бастадым, алайда демалыс күндері тауға саяхатқа шығу барған сайын мені қызықтыра түсті, ал Норвегияда ондай орындар жеткілікті. Мұның бәрі жай ғана әрбір уикенд сапарларынан басталды, ал кейін бұдан гөрі маңыздылау саяхатқа шығуға көңілім ауды, сонда мен еңбек демалысымда Эльбрусқа «баруға» шешім қабылдадым. Дайындалдым, бар керекті дегеннің бәрін сайлап алып, гидпен бірге жолға шықтым. Бірақ ауа райының салдарынан шыңға шығу арманым орындалмады. Сол сәтте менің қызығушылығым одан сайын артты десем болады, мені алда жеңістер күтіп тұр деген ой жетелей берді.  Келесіде Килиманджаро тауына барамын деген жоспарым ғана мені «тыныштандырды». Иә, мен Килиманджаро шыңына жеттім, ұшар басында тұрып, бақыттан көзіме жас алдым. Тұзаққа түстім десем болады, тағы бір шыңды бағындырсам деген жоспар пайда болды.

Килиманджародан кейін  Хан-Тәңірі туралы ойлай бастадым. Ол Қазақстандағы "жетімыңдық" өте күрделі тау. Биік, техникалық жағынан қиын, физикалық тұрғыдан ауыр. Мен қатты қызықтым, жарты жылды жаттығуға арнадым, қажетті құралдарды жинадым...  Хан-Тәңіріне өрлеу мен үшін өте маңызды оқиға болды, экспедиция кезіндегі қиындықтар мен қорқыныштарға қарамастан мен бұл шыңды да бағындырдым. Тау шыңына жетер түнде бәрі жаймен өтіп жатты, мен бір сиқырланған адамдай түні бойы жоғарыға өрмелей бердім, тек шың басына жеткенде ғана бір адым жасаудың өзі қандай қиын екендігін сезіндім. Шың басында тұрып, өксіп жылап жібердім. Дене шынықтыру сабағында ешқашан норматив тапсыра алмаған сол бір әлжуаз баланың шың басында тұрғанына сене алмадым. Мен барлық шектеулер басымда ғана болғанын, неге болса да қол жеткізе алатынымды түсіндім. Мүмкіндік қашан да бар. Хан-Тәңірі, шамасы, өмірімдегі бетбұрыс сәті болған сияқты. Егер бір нәрсені қатты қаласаң, онда күш те, уақыт та, қажетті біліктілік те, тіпті, сен альпинизмге жаңа келген жан болсаң да, бәрі бойыңнан табылатынына  көзім жетті.

 

Эльбрус

«ОТТЕГІ БАЛЛОНЫМЕН ҚЫЗЫҚ ЕМЕС»

- Сен шың басына оттегі баллонысыз шығасың, оның не айырмашылығы бар, соны мына тауға өрмелеу дегеннен алыс адамдарға айтып берші?

- Үлкен айырмашылығы бар. Велосипедшілер жарысын көз алдыңызға елестетіп көріңіздер, барлығы педальды айналдырып келеді, ал енді біреуінде мотор орнатылған, бірақ ол аса күш жұмсамайды, қалғандары секілді ол да жылдам жүріп келеді, бірақ мүлдем шаршамайды. Оттегі бәрін қоректендіреді – бұлшық етті, жүрек пен миды. Жазықта айырмашылықты түсіну мүмкін емес, бірақ сегізмыңдықтағы оттегі 2-3 есе кем болатын жағдайда өмір мен өлім мәселесі туындар еді. Биікке өрмелемек түгілі ең қарапайым нәрселердің өзін орындау қиынға түседі.

Оттегі қорысыз жүру менде бірінші кезекте спорттық дағды десем болады. Айталық, егер сіз өмір бойына жүгірумен айналыссаңыз және басқа спортшыларды, өз жаттықтырушыларыңызды, осы спорттағы пір тұтатын адамдарыңызды құрметтейтін болсаңыз, онда өзіңізге допингпен жүгіруге жол бермейсіз. Сіз барынша көп жаттығасыз немесе әділ жарысқыңыз келмесе, мүлдем қатыспайсыз. Келесі бір себеп -  бұл моральдық жағы. Көптеген альпинистер тау шыңына өрлеуді тек спорт, мақсатқа жету ғана емес, рухани тәжірибе, табиғатпен және апатты жағдаймен оңашада қалуды сезіне білу деп қарастырады. Бұл жағдайда сенің мақсатың  - жәй ғана қалауыңды қанағаттандыру емес, сен табиғатқа қарсы нағыз күресті өз бойыңда сезініп, оны бағындыруға тырысасың. Мен мықты болу және сол сынға лайықты болу үшін жаттығамын.

- Альпинистке үнемі жаттығу керек, тауға шығу апталарға созылады, тауға өрмелеумен айналысуды кеңсе қызметкері мен вахталық жұмыстағылар қалай жүзеге асырады? 

- Бұл қиын таңдау. Бұл жердегі ең қиыны – жақындарыңмен, отбасыңмен қарым-қатынас. Мен әзірше үйленбегенмін, балаларым жоқ. Алайда көптеген альпинистер отбасы мен тау арасында екіге жарылады. Менің Атыраудағы ата-анаммен және апаммен қарым-қатынасым соңғы он жылда тек скайп арқылы болып жүр. Бұрын мен үйге каникулға, демалысқа барып жүрдім. Енді туғандарыма арнаған уақытымды тау үшін құрбан етуге тура келді.

Жаттығуға  уақыт табу өте қиын, бірақ табуға болады. Мен қашан да уақыт пен орын тауып жүрмін. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан жүгіремін. Егер көшеге шыға алмасам, көпқатарлы ғимараттардың сатыларында сағаттап жаттығамын. Егер қатты қаласаң, ақшаны да табуға болады. Көптеген шыңға шығу еңбек демалысыңнан қымбат тұрмайды, адамдар жаңа телефон сатып алуға да ақша тауып жатады ғой. Мен ең қиын және ең қымбат деген Эверест (планетаның ең биік шыңына шығуға рұқсат алу 12 мың доллар, ал жол бастаушы және басқа ұйымдастыру көмектерін қоса есептегенде турдың құны кем дегенде 30 мың долларға шығады, бұған ұшақпен ұшу, виза, керекті құралдарды алу кірмейді) үшін ақша жинай алдым. Бұл оңай болды деп айта алмаймын, бірақ мен соны қаладым, сол мақсатыма жету үшін жылдар бойы жұмыс жасадым. Менің таныстарымның бас тартпайтын көп нәрселерінен бас тартуға тура келді. Қашан да бәрі оңайға түсе бермейді, бірақ кейде «бюджеттік тауларды» тауып та қаласың. Ақша кедергі емес.

Үлкен Алматы шыңына барар жолда


ЭВЕРЕСТТЕ  «КЕПТЕЛІС»

- Тау шыңына шығу үшін қанша уақыт дайындық керек?

-Әр түрлі. Жарты жыл немесе бір жыл – оның бәрі нақты алға қойған мақсатың мен көңіл-күйге байланысты. Әдетте бұл жай ғана жаттығулар, жүгіру және басқа да қимыл-қозғалыстар. Қажетті құралдарды таңдау, серіктес не команда  немесе гид тауып алу, бұрын шыққандардың есептерін қарап шығу керек. Мен спортшы-альпинист  емеспін, менде биікке өрлеу бойынша нақты жоспар жоқ. Тек жұмыс арасында жаттығу мен шыңға өрлеуге уақыт табу керек. 

-Сенің ұстазың бар ма? Альпинист үшін ең маңызды қандай мінез?

- Бәлкім еліктеуші, пір тұтатын адамдарымыз болар. Нақты бір ұстазым жоқ, бірақ нұсқаушылар мен тәжірибелі серіктестер болды, олардан мен жаңа нәрселерді үйрендім. Бір тәжірибелі альпинистің айтқан сөзі есіме түсіп отыр: тәжірибелі спортшы да, жаңа бастаған адам да бірдей азап шегеді, мұнда жетістікке тек төзімдісі ғана жетеді деген еді.

- Сен өткен жылы серігіңнен айырылып қалдың...

- Иә, мен өзімнің алғашқы сегізмыңдық шыңға жалғыз шығуға жиналдым, сол кезде Болгариядан келген альпинист Ваняны кездестірдім. Бұған дейін де мен оны танитын едім, сөйтіп біз бірге жүрмек болдық. Ол маған қарағанда тәжірибелі де мықты болып шықты, біз тауларға бірге шығып жүрдік, достасып кеттік және келесі шыңға бірге шығуды жоспарладық.

2019 жылы біз бірге Эверестпен қатар жатқан сегізмыңдық Лхоцзеге аттанбақшы болдық. Оттегі қорысыз және басқалардың көмегінсіз баратын болдық. Экспедиция аяғында біз бөлініп кеттік, мен төменге емделуге түстім, ал Ваня шың басына қарай бет алды.  Шыңға ол көтерілді, бірақ түсіп келе жатқанда оның миына зақым келіп, лагерде көз жұмды. Маған бұл ауыр тиді. Мен әрине, адамдардың қаза болатынын білемін, алайда мен досымнан айырылдым...

Лхоцзе төртінші лагеріндегі күннің бату сәті


- Таяуда Эверест шыңына жетер жердегі «кептеліс» суреті бүкіл әлемді шарлап кетті, оның нәтижесінде оттегінің жетіспеуінен бірнеше альпинист қаза болды...

- Бұл планетадағы ең биік тау, ол қай уақытта да адамдарды өзіне тартады, сондықтан да мұндағы кезектен қашып құтыла алмайсың. Өкінішке қарай, бұл өлімге, басқа да келеңсіздіктерге әкеледі. Егер Эверестке барсаң, мұны жаныңмен қабылдауың керек. Бұл біздің көлікпен жүргенде де орын алатын апат секілді, бірақ ешкім одан бас тарпайды ғой.

Сөз соңында: Тауға бару ниеті оянған Каспий ойпаты тұрғындары неден бастаған жөн?

- Аяқ астынан кеңес айта салу қиын болар. Тек айтарым, кім өзін сынағысы келсе, оған ойпат немесе шөл кедергі болмайды. Мен жүгіретін жерлері жоқ үлкен мегаполисте тұратын тұрғындарды білемін, оларда тек жарыс жолынан басқа ештеңе жоқ. Бірақ олар жаттығады және демалыстарын тауда өткізеді. Демек, тек тырысып бағу керек. Алдымен Алматыдағы және Кавказдағы тауларға барып көріңіз, кім біледі, мен секілді сізде де тауға деген қызығушылық туар.

Айзере САНАТБЕК

Суреттерді Әсет ДАНЬЯЛОВ ұсынды 

Нашли ошибку? Выделите её мышью и нажмите Ctrl + Enter.

Есть, чем поделиться по теме этой статьи? Расскажите нам. Присылайте ваши новости и видео на наш WhatsApp +7 707 37 300 37 и на editors@azh.kz

 

631 рет қаралдыБасты бет Поделиться:

Подпишитесь и узнавайте о новостях первыми


Басты бет

Наш WhatsApp номер для новостей:
1 2 3