Сенбі күнгі ауа-райы алдын-ала тапсырыс беріп қойғандай керемет - күн жарқырап, тып-тымық жылы болды. Мен толық жауынгерлік дайындықпен және қызық бір оқиғаның куәсі болам деген оймен «KvadroDrive - Атырау» компаниясының базасына ат басын тіредім. Бұл компания туған жердің байтақ даласына квадроциклмен саяхатқа шығуды ұйымдастырады. Сол жердегі басқа да саяхатқа шығуға құлшынып тұрған туристермен бірге мен де Нарын құмына бару сапарына дайындықты бастап кеттім.
ТАСБАҚА-НИНДЗЯ
- Қатаң түрде нұсқаушыға ілесіп отыру керек, одан не қалып қоймау керек, не оны басып озбау қажет. Арақашықтықты сақтап, қалай болғанда да асықпаған жөн. Зырылдап жүріп тұрған квадроцикл автомобиль, оның үстіне екі дөңгелекті велосипед немесе мотоцикл секілді емес, оны бұрылыста бұру мүмкін емес және онда автомобильдік басқару жоқ. Түзу жерде-ақ аударылып қалады, ауаға самғап, төмпешікке соғылуы мүмкін. Барлық арақашықтықта нұсқаманы басшылыққа алған дұрыс, өз бетінше әрекет етуге жол берілмейді, - деп бізге істің мән-жайын «KvadroDrive - Атырау» директоры Владимир ШПИЛЕНКО түсіндірді. Ол бас нұсқаушы қызметін өз мойнына алды. Одан кейін біз киіне бастадық. Қорғаныс жабдығының ең бір сұсты түрі – «тасбақа». Ол тасбақаның қабыршағы секілді мықты пластиктен жасалған, бұғананы, омыртқаны, қабырғаны сынудан және шығудан қорғайды. Кейін шаң мен желден қорғайтын жұқа матадан жасалған дулығаны қолымызға алдық. Оның үстіне арнаулы жасақ сарбаздары киетін металл дулыға киеміз, ол бас сүйегімізді сақтайды. Квадроцикл дөңгелегінен ұшқан ұсақ тастар мен шаңнан көзді қорғау үшін әйнекті көзілдірік киеді. Қорғаныс амунициясының соңғы түрі - жел өткізбейтін жұқа күртеше. Бір-бірімізге үлкен пластик көзілдіріктерден қарап, мына өзгерістерге әзілдескендей болдық – ерекше міндет жүктелген тасбақа-нидзя жасағынан кем түспеді. Квадроциклді басқару нұсқамасы. Қысқасы, жолға шығамыз!
ДАЛА КЕРЕМЕТТЕРІ
Сапар басталатын нүкте - әуежай. Даламен тікелей Атырау-Астрахан тасжолына қарай жылжыдық. Топпен бірге маршрутқа техникалық қолдау көрсету үшін GPS-навигаторлы джип көлігі де шықты. Әйтпесе, далада адасып кетуің де ғажап емес.
Асфальт жолға жетіп алғаннан соң, Аққыстауға қарай бет алдық. Техникалық қолдау көрсету тобы тасжолмен, ал, біз квадроциклде шегі жоқ даламен алға бастық. Бұл оңай іс болмады. Көзге әзер дегенде түсетін айқұш-ұйқыш дала жолымен кейде шексіз ой-шұқырлы, соқпа жолмен жаз бойына күнге қурап кеткен шөпті таптай, артыңнан қалың шаң қалдырып жүруге тура келеді.
Біздің жолымызда бірнеше шағын өзендер кездесті және олардың әрқайсысында көзге түсетін көрініске куә болдық. Міне, соның бірінен үйректердің үйірін көрдік, қанаттарын қағып, жағаға жақындап келеді. Келесі бір өзеннің тұсынан өткенімізде өзен суының айнадай айдынында жүзіп жүрген әсем аққулар жұбын байқадық. Үшіншісінде де ғажайып көрініс – су ішуге келген түрлі-түрлі жылқылардың үйірі.
Жүруге аса қиындау учаскелерден жүріп өту үшін бізге автокөлік тасжолының жиегіне шығуға тура келді. Өтіп жатқан машиналардың жүргізушілері біздерді саяхатшылар деп ойлаған болуы керек, дабыл қағып, қолдарын бұлғап қалып жатты.
Шамамен 65 шақырымдай жерді артқа тастап, біз Х. Ерғалиев (Новобогат) ауылына жеттік. Шамалы демалып алдық та, қайтадан жолға шықтық. Ауылдан шығып, далалықпен оң жаққа қарай бағыт алдық. Бұралаңды, соқпақты жолмен бізге әлі де 40 шақырымдай жерді жүру керек.
Сайын далаға жүре түскен сайын айнала табиғат көрінісі де өзгере береді. Жазық даланың орнына – жыңғыл мен сексеуіл өскен шағын төмпешіктер пайда болды. Бұтақтардың арасынан аспанға құрлар шырылдай ұшса, үркіген қояндар айнала секіріп жүр.
Нарынға жақындаған сайын айнала топырақ сарғыш тарта бастады, артымыздан қалған шаң азаюда, ал, ауадан жусанның иісі аңқи бастады. Бәрі құмға жақындап қалғанымызды айтып жатты...
ӨТКЕН МЕН БОЛАШАҚТЫҢ АРАСЫ
Жүз шақырымдай жерді жүріп өтуге біздің шамамен үш сағат уақытымыз кетті. Бірнеше биік белестерден өткеннен соң күтпеген жерден керемет бір көрініс пайда бола кетті: шексіз құм төбелер. Желмен құмға бейнеленген биік шағылдар нағыз құмды даланың бейнесін ашып тұр.
Нарын құмы Орал өңірі картасында өзінше бір ақ таңдақ болып табылады. Осынау құмды даланы адамдардың тастап кеткеніне де ондаған жылдар өтті. Құмды шағылды өзінің малы үшін қыстаққа айналдырған қойшыларды сиректеу кездестіруге болады. Дегенмен, Нарынның құм төбелері көптеген құпия сырға толы. Бұл өлкеге «қара» қазына іздеушілердің аяқ басуы тегін емес. Құм дала қойнауында ежелде жерленгендер де жоқ емес. Атыраулық өлкетанушылардың пікірінше, бұл жерде сарматтар мен скифтер жерленген болуы керек. Ал, халық аузында құм арасында көптеген түйе үйірінің адасып жүретіндігі туралы әңгіме бар.
Біз бұл жерде аз ғана уақытты тып-тыныш өткіздік. Әркім өзінше ойға шомды... Бұл жерлер қандай да бір баурап алар әсерге ие. Өзіңді әлемнің бір бөлшегіндей сезіне отырып, шексіз ен далаға ұзақ қарап тұруға болады...
Алайда, оның мәңгілік жалғаса беруі мүмкін емес. Біз қайтадан өзіміздің квадроциклдерімізді ерттеп, шағылдарды бағындыруға аттанбақпыз. Шағылдың төбесіне желдің ық жағымен шығу қауіпсіз және қолайлы – бұл жағындағы құм барынша тығыз болады. Шағылдың төбесіне көтерілген сайын екінші жағынан құм төменге қарай сырғи береді. Құм дөңдері алыстаған сайын шағылдар да жоғарылай береді. Бұл жерде дөңгелегіңізді шектеусіз айналдыра беруіңізге болады, ал, уақыт тоқтап қалғандай болады.
...Көп уақыт өтпей-ақ, жел біздің ізімізді көзден ғайып қылады. Шағылдар өзінің бәз-баяғы кейпіне енеді. Ал, біз сол сағаттарды есте қалдырып, сондай сәттің енді қашан боларын армандаумен қаламыз.
Тамара СУХОМЛИНОВА