Атырау, 28 сәуір 21:51
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Пәтер тонаушылар шет ауылдарды торуылдайды

3 285 просмотра


2019 жылы Атырау облысында  пәтер тонаумен  айналысатын 24 қылмыстық топ ұсталды. Олар қаладан шеттеу орналасқан жаңа ықшамаудандардағы жеке секторларда «жұмыс» жасаған.

Ұрылар қақпаның жоқтығын, кейде тіпті, бейқамдықтан ашық қалған есіктерді пайдаланып отырған. Алайда биік дуалдармен қоршалған жабық  есіктер де оларды тоқтата алмаған, ондай жағдайда олар пластик терезелер арқылы кірген немесе есікке баратын кілттерді таңдай білген. «Ақсай», «Ақжар», «Жұлдыз», «Балауса» және «Еркінқала» секілді ықшамаудандарда қылмыскерлерге қатысты барлығы 200-ден аса қылмыстық эпизодтар дәлелденген. Ұрылар негізінен әшекей бұйымдарды алған, кейін оларды ломбардқа тапсырып отырған.

- Ломбардтардан 150 түрлі әшекей бұйымдар алынып, оларды біз заңды иелеріне қайтарып бердік. Бұрын ҚР ІІМ мен ломбардтар ассоциациясымен бірлескен бұйрық қолданыста болды: егер кімде кім ломбардқа зергерлік бұйымдарды тапсырып, оны бір айдың ішінде қайта сатып алмайтын болса, ондай фактілерді полицияға хабарлайтын. Бірақ «Атамекен» ҰКП бұл бұйрыққа қарсы болды, - дейді облыстық криминалдық полиция басқармасының бөлім бастығы Абай ЖҰМАБАЕВ.

Жергілікті тонаушылардан басқа өткен жылы Орал, Ақтөбе, Тараздан келген «гастролер» ұрылардың үш тобы ұсталды. Мұнайлы астананың қонақтары тұрғын үйге заңсыз кіру бойынша 18 қылмыс жасаған, осыншама эпизод тергеуде дәлелденді. Пәтер тонау қылмыстарын ашу барысында полиция көшедегі бейнебақылау камераларындағы жазбаларды белсенді қолданады. Өткен жылы бейнекамералардың көмегімен 34 пәтер тонау қылмысы ашылды. Атырауда бүгінде 759 камера орнатылған және тағы да 741 камера орнату жоспарланып отыр. Оларды қондыратын орын белгіленіп, монтаждау жұмыстары басталып та кетті.

Камераға сеніп қана қоймай, үй иелерінің өздері де барынша қырағы болуы керек деп есептейді полицейлер. Тонаушылардан қорғану үшін олар үйге дабылдатқыш, терезелерге темір тор орнатуға кеңес береді. Егер жеке тұлғалар үшін қылмыстың алдын алу шараларын жасауға ұсыныстар берілсе, ал тоналған заңды тұлғаларға полиция дабылдатқыш, бейнебақылау камераларын және темір торлар орнату туралы ресми ұйғарым жазып береді.  Ұйғарымды бір ай мерзім ішінде орындамаған кәсіпкерге ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 479 бабы («Құқық бұзушылық жасауға ықпал еткен себептер мен жағдайларды жою жөнiнде қабылданған шаралар туралы хабарламау және (немесе) шаралар қабылдамау») бойынша айыппұл салынады. Осы бап бойынша өткен жылы 40 айыппұл салынды.

2019 жылы барлығы  3 113 ұрлық, оның ішінде  695 пәтер тонау, 117 қалта тонаушылар, 169 түсті металл, 629 ұялы телефон, 6 көлік ұрлау фактілері тіркелді.

ҚР ҚК-дегі түзетулерге сәйкес, жыл басынан бастап мал ұрлығы мен үй-жайларды тонау ауыр қылмыстар қатарына жатқызылды.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

30 қаңтар 2020, 15:20

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.