Атырау, 28 сәуір 12:09
 ашықВ Атырау +25
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

"Жұрт қатарлы өмір сүргім келеді"

Сурет Бейнежазба
9 114 просмотра


- Сол күні суық әрі жер тайғақ болатын. Біз келгенде пойыз тоқтап тұрған. Вагондардың біріне жүгіріп жетіп, енді міне бергенде, аяғым тайып, астына құладым, - дейді Жанаргүл көз жасын сүртіп. 2018 жылғы 11 қаңтарға қараған түні өзі тұрып жатқан 265-разъезден туған ауылы Мұқырға бара жатқан ол бір аяқтан айырылып, өмірбақи мүгедек болып қалады. 

Жазатайым оқиғадан екі жыл өтсе де, бәрі көз алдында. Бұл күнгі оқиғаны ұмытып, жадынан шығарып тастағысы келеді. Бірақ, бұл мүмкін емес екенін түсінеді.

- Кейін жедел жәрдем көлігімен Сағыз ауылындағы ауруханаға, сосын қаладағы облыстық ауруханаға жеткізілгенімді білемін. Сол жерде ота жасар алдында дәрігерлер бір аяғымның жарамсыз екенін айтып, кесуге тура келетінін хабарлады...

Осы кезде Жанаргүлдің құрсағында екі айлық сәбиі бар болатын. Бір таңғажайып дүние орын алып, ауыр жарақатына қарамастан құрсағындағы сәбиді кесір тілігінсіз өзі аман-сау босанды. Дүниеге Аида есімді қыз келді. Қазір ол бір жастан асты. Ойнап, шауып жүр. Анасының балдақ ұстағанын жақтырмай, қолынан алып тастағысы келеді. Әзір көп ештеңе түсінбегенімен анасы мұңайып жыласа, көңілін ауламақ болғандай жанына жүгіріп келіп, мойнына асылады.

Жанаргүл қазір анасымен бірге қала шетіндегі Бірлік елді мекенінде 35 000 теңгеге үй жалдап тұрып жатыр. Өзі ІІІ топ мүгедектігі бойынша 30 000 теңге жәрдемақы алады. Басқа келіп жатқан табыс жоқ. Тек, өзі әлеуметтік желілерге көмек сұрап шыққанда «Жүректен жүрекке» қайырымдылық қорының өкілдері келіп, үйдің желтоқсан айы үшін жалдау құнын төлеп, азық-түлік алып беріп, көмек көрсеткен.

- Осы үйге тамызда көшіп келдік. Бұған дейін қалада жалдаған пәтерлер салқын болып, қызымды ауыртып алдым. Өзім де ауырып қалып, ауруханаға жатып шықтық, - дейді Жанаргүл. Анасы осы кезде ауылдағы үйі мен жұмысын тастап, қалаға қызын қарасуға көмектесейін деп көшіп келген. 


МҮГЕДЕКТІК ТОП ДҰРЫС БЕЛГІЛЕНГЕН БЕ?


Гүлсина ДОСЫМОВА

Жанаргүл отадан соң мүгедектер арбасына отырып, кейін балдақ ұстап үйренді, оған 2018 жылдың жазында ІІ топ мүгедектігі тағайындалады. Бір жыл бойы ІІ топ мүгедектігі бойынша 45 000 теңге жәрдемақысын алып жүрген. Алайда былтыр мамырда кезекті мүгедектікті куәландыруға барғанда оған мерзімсіз негізде ІІІ топ мүгедектігі берілген. Жанаргүл дәрігерлердің бұл шешіміне күдіктенеді.  

- Екінші топтан үшінші топқа неге ауыстырды деп сұрағанымда, «ол кезде жүкті болдың» деп жауап берді. Білмеймін, бұл дұрыс па?, - дейді ол. Расында, дене мүшесі қалпына келмеген болса, топ мүгедектігінің жеңіл түріне ауысуы қалай? Мен ресми комментарий алмас бұрын қаладағы тәжірибелі хирург дәрігердің бейресми пікірін білгім келді. Ол да егер қалпына келмейтін жарақат болса, топ мүгедектігін жеңіл түріне ауыстыру қисынсыз деген пікірде. Алайда жиі өзгеретін заңдарға да байланысты болуы мүмкін екенін айтады...

Қазіргі заң не дейді? Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің Атырау облысы бойынша департаментінің медициналық-әлеуметтік сараптама мәселелері жөніндегі орынбасары Гүлсина ДОСЫМОВАНЫҢ айтуынша, 2015 жылғы 30 қаңтарда бекітілген Медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізу қағидасының 7-қосымшасы 3-тармағының 2-тармақшасында көрсетілгендей, аяқтың тұқылы (тұқылдары) және аяқ пен омыртқаның басқа да кемістіктеріне байланысты ІІІ топ мүгедектігі мерзімсіз беріледі:

- Біз заңнан аттап кете алмаймыз. Жанаргүл Төремұратқа да осы қағиданың негізінде ІІІ топ мүгедектігі белгіленді.

- Ал қалпына келмеген жарақат жағдайында мүгедектік топтың ІІ-ден  ІІІ-ке ауысуына не себеп?

- Жанаргүл алғашқы рет 2018 жылы ампутациялық отадан кейін мүгедектік рәсімдеуге келген. Отадан кейінгі бейімделу мерзімі деген бар. Ол мерзімде Жанаргүлдің жағдайында ІІ топ мүгедектігі беріледі. Бейімделу кезінде протез тағайындалса, протезге үйрену керек деп мерзімді ұзартып береді. Ең көп бейімделу мерзімі бір жыл. Бір жылдан кейін 2019 жылы кезекті мүгедектігін қайта куәландыруға келгенде асқынулар болмаған жағдайда ІІІ топ мүгедектігіне ауыстырылады. Жанаргүлдің жағдайында бір жылдың ішінде асқынулар болмаған.

ІІ топ мүгедектігі бір аяғының тұқылы тым қысқа, протез киілмейтін жағдайда мерзімсіз беріледі. Ал, Жанаргүлге протез сол 2018 жылы тағайындалған.

Міне, қағаз жүзінде бәрі дұрыс, ал шынайы өмірде қалай...


«МЫНАУЫ ЖАҚСЫ СИЯҚТЫ»


Серік ҚАМИДОЛЛА

Протездің жағдайы да мәз болмады. Алматы ортопедиялық орталығы дайындаған зат ақаулы болып шықты.

- Өте ыңғайсыз. Кейін тізесіндегі бір сымы шығып кетті ме, тізем бүгіліп кете беретін болды. Көшеде келе жатып қайта-қайта құлап қалдым, - дейді Жанаргүл.

Атырау облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Серік ҚАМИДОЛЛА бұл жағдайдан хабардар екенін және орталықтың бір жыл ішінде басқа протез ауыстырып беруге міндетті екенін айтты:

- Біз ортопедиялық орталық директорымен хабарластық. Жанаргүл кез келген уақытта Алматыға барып протезін қайта жасата алады. Жол шығынын өздері төлейді.

Біздің әңгімемізден кейін Қамидолланың Алматыға сапар ұйымдастырғанын білдік. Жанаргүл жаңа протезбен оралыпты. Мынауы жақсы сияқты дейді өзі.

 

СЫНАҚ – БӘРІНЕ СЫНАҚ

Бақытсыз жағдайдан бұрын Жанаргүл тұрмыста болған. Алайда, күйеуі тағдыр салған сынаққа шыдай алмай, бірнеше айдан кейін ажырасып тынды.

- 2019 жылдың шілдесінде алиментке арыз жаздым. Сот болды. Бірақ алты айдан асты, әлі бір айдың да алиментін ала алмай отырмын, - дейді шарасыз күй кешкен Жанаргүл.


ЕРЛІКПЕН ӨТКЕН ӘР КҮНІ

Егер біреу осы әлжуаз қыз қиын тағдырына өкпелеп, күндерін жылаумен өткізеді деп ойласа, қателеседі. Кішкентай Аидасы үшін де шығар, жәрдемақысына сеніп, қол қусырып отырған жоқ. ІІІ топ мүгедектігі туралы анықтамасын алған соң жұмыс іздеуге кіріскен. Бұған дейін бірде-бір жерде жасап көрмеген Жанаргүл телефон арқылы гипстен «копилка» жасайтын Еркінқала ауылының тұрғыны, арбаға таңылған Наурыз есімді жігітпен хабарласып, көмекшісі болып жұмысқа тұрады. Күнде таңертең сағат тоғызда балдақпен автобусқа мініп, аялдамадан түскен соң, әрі қарай жаяу жүріп баратын. Қайтарда да осылай. Кейін қызы суық тиіп ауырып, жұмысқа шыға алмай қалады. Содан кейін қаладағы супермаркеттердің біріне қаптаушы («фасовщица») болып жұмысқа орналасты. Бірде ол мүгедектігін кезекті куәландыру үшін жұмыстан бірнеше күнге сұранады. Кейін барғанда құжаттары дұрыс болмай, жұмыстан шығып қалады. Бұдан соң қалалық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, «кадр ісі» және «визаж» бойынша оқу курстарынан өтіп, сертификат алады. Бірақ бұл сертификат бойынша қаладағы сұлулық салондарының бірнешеуіне барып көргенімен «еңбек өтілің, жұмыс тәжірибең жоқ» деп ешқайсысы жұмысқа алмай қойған. 

- Апта сайын қалалық жұмыспен қамту орталығына тіркелуге шақыртады. Орталық жіберген жерге барсам, «сен құлап қалсаң, біз саған жауап бергіміз келмейді» деп жұмысқа алмайды. Мен қандай жұмыс болса да, қызым үшін көнемін, бәрін жасаймын десем де алмайды, - деп Жанаргүл жанына батқан соң шыдамай жылап жіберді.


ЗАҢДАР МЕН КЕДЕРГІЛЕР

Дегенмен, Серік Қамидолла мүгедектерді жұмыспен қамту бойынша мәселе жоқ екенін айтады.

-  Бізде мүгедектерді жұмыспен қамту бағдарамасы бар. Заң бар. «Халықты жұмыспен қамту туралы заңның» 27-бабының 1-тармағы бойынша мүгедектер үшін жұмыс орындары мекемедегі қызметкерлер саны бойынша квота белгіленеді. Мысалы, заң бойынша әр мекеме қызметкерлер саны елуден асса, бір мүгедекті жұмысқа алуға, жүз адамнан асса, екі адам алуға міндетті. Ал мекеме тарапынан мұгедекті жұмысқа алмай жатса, онда біз еңбек инспекциясына тікелей хат жазамыз. Олар мекемеге қатысы шарасын алып, айыппұл салады. Содан соң адамның өзінің табандылығы мен қалауына да көп нәрсе байланысты.  

С. Қамидолланың айтуынша, Атырау облысында бүгінде 22 673 мүгедек бар. Ал жұмыссыздар санатында 751 мүгедек тіркелген. Оның 276-сы тұрақты жұмысқа орналасса, 12 адам  әлеуметтік қоғамдық жұмысқа, 18 адам несие алып, өз ісін ашып, бизнесін жүргізіп отыр, ал 24 адам бизнес бастау үшін грант алыпты.

Ал қаладағы қоғамдық белсенді, мүгедек Гүлназ ҚОСМҰРЗИЕВА болса, мүгедектерде жұмыстан басқа да толып жатқан мәселе бар деп отыр.

-Мүгедектердің құқығы қорғалмаған. Сол себепті мүгедектердің мәселесін көтеру үшін қоғамдық ұйым құруға құжаттар жинап жүрмін. Біз айтпасақ, біз үшін біреу айтпайды. Айтылғанымен шешілмейді. Ал сол шешілетіндей әрекет ету керек, - деді Г.Қосмұрзиева.    



Айнұр САПАРОВА

Суретті және бейнежазбаны түсірген автор

29 қаңтар 2020, 19:53

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.