Атырау, 28 сәуір 03:17
 ашықВ Атырау +22
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

Медициналық сақтандыру, донорлық және тегін дәрі-дәрмек туралы

3 202 просмотра


Жыл басынан бері міндетті әлеуметтік медициналық  сақтандыру (МӘМС) жүйесі жұмысын бастады, алайда оның енгізілуі пациенттердің бірталай сауалын туғызды. Неге тек ХҚКО арқылы ғана тіркелу керек, бұрынғыша емханаға жай ғана арыз жазуға болмай ма? Неліктен балаларға дәрілердің барлығы тегін берілмейді және неге рентген аяқ астынан ақылы болып кетті? Осы және басқа да сауалдарға «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Атырау филиалының ақпараттық-түсіндіру жұмыстары бөлімінің басшысы Алмас КӘРІМЖАНОВ жауап береді.

 Тұрғындардың емханаларға тіркелу ережелері мен рәсімдері туралы  айтып беріңізші. Қандай құжаттар қажет және қайда бару керек? ХҚКО тіркелу барысында электрондық цифрлық қолтаңба  керек пе?

– ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі №281 бұйрығымен бекітілген алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына  азаматтарды тіркеу ережелеріне сәйкес, алғашқы медициналық-санитарлық көмек ұйымдарына  азаматтарды тіркеу тұрақты және уақытша тіркелген мекенжайы, жұмысы, оқу орны бойынша жүзеге асырылады және оларға бір әкімшілік-аумақтық бірлік шегінде медициналық ұйымды, дәрігерді еркін таңдау құқығы беріледі. Шекара аймағында тұратын азаматтарға ғана шектеу қойылмайды. Олар басқа әкімшілік-аумақтық бірлікке жататын болса да, медицина ұйымдарын еркін таңдау құқығы бойынша жақын маңда орналасқан емханаларға тіркеле алады. Пациент тек  бір ғана алғашқы медициналық-санитарлық көмек (АМСК) ұйымдарына тіркеле алады. Жаңа жылдан бастап АМСК  пациенттерге мемлекеттік тегін медициналық  көмек аясында  және МӘМС жүйесінде медициналық көмектер көрсетеді. АМСК-ге тіркелуді тұрақты және уақытша мекенжай, жұмыс, оқу орны өзгергенде, сондай-ақ, АМСК қайта құрылғанда немесе тараған жағдайда өзгертуге болады. Еркін таңдау барысында азаматтарға дәрігер мен медициналық ұйымды жылына бір реттен артық өзгертуге болмайды. Сондай-ақ, емхананы жыл сайын 15 қыркүйектен 15 қараша аралығында жүргізілетін тұрғындарды тіркеу науқаны кезеңінде ауыстыруға болады. Бірақ АМСК ұйымдарына науқан кезінде тіркелген пациенттер мемлекеттік тегін медициналық көмек аясында және МӘМС жүйесі бойынша сол ұйымнан алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық көмекті ала алады. Жыл соңына дейін аталмыш азаматтар бұрынғы денсаулық сақтау ұйымдарынан алуды жалғастыра береді.

 Емханаға тіркелудің тәртібі қалай?

– egov.kz сайты бойынша тіркелген пациенттер «электрондық үкімет» порталы арқылы онлайн тіркеле алады. Ол үшін «Азаматтарға» - «Денсаулық сақтау» - «Медициналық көмек» - «Алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» деген бөлімге өтуі керек. Бұл онлайн тіркелімге электрондық-цифрлық қолтаңба қажет емес. Бұрынғы ұйымнан шығу автоматты түрде «Тұрғындарды тіркеу тізілімі» порталының дерекқоры арқылы жүзеге асырылады. Сондай-ақ, ХҚКО арқылы да тіркелуге болады. Оған жеке басты куәландыратын құжат керек. Азамат ЭЦҚ көмегімен де және бір реттік құпия сөз көмегімен де тіркеле алады. Қарапайым ғана арыз жазып та тіркелуге болады, бірақ бұл тек зейнеткерлер мен мүгедектерге, қамқоршы мен қорғаншыларға, патронаттық тәрбиешілерге және балалардың заңды өкілдеріне, студенттерге, мерзімді қызметтің әскери қызметшілеріне, шетелде туған балаларға, балалардың өкілдеріне, сәбилер үйіндегі, балалар үйіндегі балаларға, жетімдерге, қарттар үйіндегілерге, сондай-ақ, сенімхат арқылы тіркелуді рәсімдеушілер мен сотталғандарға қолжетімді.

 – МӘМС енгізілгеннен кейін балаларға арналған барлық дәрі-дәрмек тегін берілуі тиіс деген ақпарат кең тарады. Бұл дәрілердің толық тізімін қайдан алуға болады? Ата-аналар балаларға дәл қандай дәрілер тегін берілетінін білмейді.  Жас ерекшеліктеріне қарай: 1 жасқа дейін, 6 жасқа дейін, 18 жасқа дейін делінген дәрілер дәйектілігі бар ма?

 - ҚР Денсаулық сақтау министрінің 2017 жылғы 29 тамыздағы № 666 «Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде дәрілік заттармен және медициналық бұйымдармен қамтамасыз етілуге, оның ішінде белгілі бір аурулары (жай-күйі) бар азаматтардың жекелеген санаттарын, амбулаториялық деңгейде тегін және (немесе) жеңілдікпен берілетін дәрілік заттардың, медициналық бұйымдардың және мамандандырылған емдік өнімдердің тізбесін бекіту туралы»  бұйрығына 2020 жылғы 9 қаңтарда енгізілген өзгерістерге сәйкес, 18 жасқа дейінгі балалар міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында амбулаторлық деңгейде 218 атау (63 назология) бойынша тегін дәрілік құралдар мен медициналық бұйымдармен қамтамасыз етіледі. Дәрілік құралдардың тізімімен денсаулық сақтау министрлігінің сайтында танысуға болады.

Жаңа жылдан бастап рентгенге тек учаскелік дәрігердің жолдамасымен ғана түсуге болады. Бұрын рентгенолог пациенттің соңғы рет қашан түскенін ғана сұрайтын. Жолдамасыз барсаңыз 900 теңге. Бұл заңды ма?

– ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 шілдегі  №626 «Консультациялық-диагностикалық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы» бұйрығына сәйкес КДК көрсету Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі аясында және міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінде ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 28 сәуірдегі  №281 бұйрығымен бекітілген қаралу себептеріне сәйкес алғашқы медициналық-санитарлық көмек  маманының жолдамасымен жүзеге асырылады.  Рентген және флюоротексеру дәрігердің жолдамасымен тегін жүргізілуі керек.

 – Қалада емханаларға тіркелу барысында дәрігерлердің пациенттерге ағзалардың донорлығына келісім беру жөнінде сауалнама ұсынуда деген қауесет тарап кетті. Осыған түсініктеме бере кетсеңіз.

 – 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап біздің елімізде міндетті әлеуметтік сақтандыру енгізілді. ҚР әрбір азаматы бұл жүйенің қатысушысы болып табылады. Сондықтан да қосымша қандай ма бір келісімшарттар, қандай ма бір арыздар мен сауалнамалар толтырудың қажеті жоқ. ЭЦҚ бар кез келген адам өзі туралы мәліметті egov.kz порталындағы жеке кабинетте тексере алады. Әлеуметтік мәртебе адамдарға ЖСН бойынша  беріледі. Мессенджер бойынша таралып кеткен ағзалар донорлығы туралы аудиожазбада федералдық заң туралы айтылады. Айта кету керек бізде федерация емес, республика. Яғни, әңгіме біздің еліміз туралы емес.

Дайындаған Зульфия ИСКАЛИЕВА

28 қаңтар 2020, 15:55

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.