Атырау, 28 сәуір 19:14
 ашықВ Атырау +15
$ 443.35
€ 475.54
₽ 4.82

​Алмаз ҚОЖАҒАЛИЕВ: «Мен адал атым үшін күресті жалғастырамын»

3 442 просмотра


«Ақтөбе мұнай өңдеу» ЖШС-нің логистика және маркетинг жөніндегі директоры әрі құрылтайшыларының бірі Алмаз ҚОЖАҒАЛИЕВТЫҢ қылмыстық ісін қазіргі Қазақстанның мұнай бизнесіндегі ең өзекті мәселе десе болар. Бұл іс жала жабу мақсатында ұйымдастырылған болуы мүмкін, себебі өткен жылдың желтоқсан айында Жоғары сот Қожағалиевке қатысты үкімнің күшін жойды. Бұл туралы ол қатаң режимдегі колонияда білген. Неге ҰҚК белгілі мұнайшымен есеп айырысқысы келді? Осы және басқа да мәселелер туралы Алмаз Қожағалиев «АЖ»-ға берген сұхбаты барысында айтты.

- Қатаң режимде 19 жылға сотталған адам ретінде мен, әрине, бір жеңілдікті сезіндім. Жоғары соттың бұл шешімі түбінде процеске қатысушыларды толық ақтау туралы жалғыз дұрыс шешім қабылданатынына үміттендіреді. Бірақ менің белгілі бір күмәнім бар, себебі Жоғарғы соттың өзі де ақтау туралы шешім қабылдай алатын еді, дегенмен, менің үмітім әлі үзілген жоқ. Мен істі қайта қарау үшін заңды себептерге байланысты басқа сотқа жіберу туралы өтінішхат жолдадым, ал ақтөбелік соттың әділдігі күмән тудырады. Бізді дұрыс түсінеді деп үміттенемін, – дейді Қожағалиев.

 

«АҚТАЛАМ ДЕП ҮМІТТЕНГЕН ЕДІМ»

- Президентке жазған ашық хатыңызда Жоғарғы Сот сіздің ісіңіз бойынша ешқандай шешім қабылдамайды деп болжағаныңызды айтып отырсыз ба?

– Бірінші және екінші сатыдағы үкімнің күші жойылуы Жоғарғы сот істі дұрыс түсінгенінің дәлелі деп есептеймін. Жалпы алғанда, мемлекетті басқару органдары қоғамның сотқа деген сенімі қаншалықты төмендегенін түсінеді, оған Жоғары сот күшін жойып отырған біздің ісіміз бойынша шешімі дәлел болады, сондай-ақ жағдайды өзгерту керектігін де біліп отыр. Мәселен, сот басталар алдында ҰҚК тергеушілері ішінде мұнай өнімдері бар 4 цистернаны (іс бойынша басты заттай дәлел) күлкілі бағаға заңсыз сатқаны туралы фактіні алайық. Алайда жоғарғы сот бізді ақтап, олар жасаған бұзушылықтар бойынша бірнеше жеке ұйғарымдар шығарады деп үміттенгенмін. Дегенмен, үкімнің күшін жою – бір өзгерістердің болуы мүмкін деген белгі.

- Үкімнің күшін жоюға Президент Тоқаевқа жазған өтініш хатыңыз әсер етті деп ойлайсыз ба?

-Бұл жерде президент Тоқаевтың 2019 жылғы 2 қыркүйектегі Қазақстан халқына үндеуінің ықпалы тиген болар. Үндеудің мәтінінен президент Құқық қорғау және сот жүйесіндегі проблемалардың қаншалықты терең екенін түсініп отырғанын байқауға болады. Оны Жоғарғы сотта да түсінеді. Енді облыстық соттың ұстанымы қызықты.

– Ал сізге Президент әкімшілігінен жауап берді ме?

- Желтоқсан айының басында колония әкімшілігі мені Президент Әкімшілігі Жоғарғы сотының жауабымен таныстырды. Жауапты «кассациялық шағымыңыз 2019 жылдың 10 желтоқсанында қаралады» деп қысқа қайырды. ПӘ болып жатқан жағдайды бақылап отырады деп ойлаймын. Парламент те, Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі де, Президент те Конституция бойынша сот төрелігін жүзеге асыруға араласпауға тиіс.

- Айғақ заттарды сату мәселесіне оралайық. Сіз тергеушілер ішінде сұйықтығы бар цистерналарды сатқанына сенімдісіз бе?

- Сұйықтығы бар 4 цистерна - іс бойынша негізгі айғақ заттар. Олар ОҚО Арыс стансасында ұсталды. Сот залында жүк иесі «Интеройл» ЖШС-нің барлық лауазымды тұлғалары олардың заттай айғақтарды сатқаны туралы, ондай қажеттілік болмағанын және сот шешіміне дейін оны сатуға болмайтыны туралы хабарламағанын мәлімдеген. Осы цистерналардың сатылу тәсілі мен бағасы жеке тексеруді қажет етеді. Олар өте арзанға, нарықтық бағадан бес есе төмен бағамен сатылды. Тергеушілер сотталушыларға 2016 жылы мұнай қоспасын 115 000 мың теңге (Brent = $47 баррель) бағамен «қылмыстық айналымға» шығарған деп айып таққан, ал өздері 2018 жылы үш есе төмен бағамен сатқан. Ол кезде Brent бағасы барреліне $87 доллар болған. Бұл жерде сыбайлас жемқорлықтың ізі бар екені сөзсіз, маңыздысы енді осы бағалар арасындағы үлкен айырмашылық қайда кеткенін анықтау керек.

Басқа да өрескел бұзушылықтардың ішінде сорақысы - сот отырыстарының арасындағы үзілістерде «жәбірленушіні» шақырып алып, жарыссөз басталғанға дейін айыпталушылардың кінәсін растау үшін оларға  қарсы шағым жаз деп қысым көрсету фактісі.  Бұл туралы жәбірленушінің өкілі журналистердің қатысуымен ашық түрде сот отырысында мәлімдеді. Алайда бірінші инстанция соты осы сәтте ештеңе естімегендей сыңай танытты, себебі ешқандай реакция, әрекет болған жоқ. Заңдылықтың сақталуын қадағалайтын прокурор да үндемей құтылды.  Шамасы, олар үшін тергеу кезінде тараптарға қысым көрсетілуі қалыпты жағдай болар. Іс жүзінде бұзушылықтар әлдеқайда көп, оларды тізетін болсақ, газеттің беті жетпес.

- Жақында сіздің ісіңізді жаңадан қарау басталады. Бұл туралы не ойлайсыз?

- Шынымды айтсам, Ақтөбе соты мені ақтайды деп ойламаймын. Дегенмен, егер Ақтөбедегі процеске БАҚ, құқық қорғау ұйымдары мен азаматтық қоғам тарапынан аса көңіл бөлінсе, біз тергеушілерден жауап алуға мүмкіндігіміз болады және қоғам кейбір аса маңызды сұрақтардың жауабын алады деп ойлаймын.

– Сіздің сұрақтарыңыз тергеу органдарының қызметкерлеріне қатысты болар.

- Иә, мен әлі күнге дейін таң қаламын: қалай ҰҚК-нің екі тергеушісі сот үкімінің күшін жою туралы Жоғары соттың қаулысында аталған және аталмай қалған ондаған ақтөбелік судьяларды тәртіп бұзушылыққа итермелеген?

- Демек, сіз бір «ғажайып» болады деп күтпейсіз ғой?

- Ақтөбе сотының жаңа үкімі тағы да айыптау болуы мүмкін деп ойлаймын. Бірақ мен өзімнің адал атым үшін, өз балаларымның болашағы үшін күресуді тоқтатпаймын. Жұбайым екеуіміз төрт бала тәрбиелеп отырмыз. Екі үлкені әлемдік деңгейдегі компанияларда жұмыс істейді, мансаптары біртіндеп көтеріліп келе жатыр. Менің балаларым үшін әкенің жақсы аты қаншалықты маңызды екенін жақсы түсінемін. Мен де бір кездері өз бизнесімді жаңадан бастағанымда, әкемнің жақсы аты, оның инженер, «партиясыз коммунист» болғаны, отбасымыздың беделі мен жақсы білімім басқалармен бәсекелесуге болатындай артықшылықтарым болды.

 

ШАЙТАНМЕН ЖАСАЛМАҒАН «КЕЛІСІМ»

– Сізге кінәні мойындап, бостандыққа шығуды ұсынды. Отбасыңызбен бірге болғыңыз келсе, неге келіспедіңіз?

- Қазақстанда «тапсырыспен» көтерілген істер бұрын да болған. Бірақ, менің ойымша, осы күнге дейін сотталушы мемлекеттің үлкен репрессивтік аппаратымен бетпе-бет жалғыз қалады және әділдікке сенбей, ұсынылған жағдайларға келісуге мәжбүр болды. Мен қағаз жүзінде кінәмді мойындап, жауапкершіліктен босатылуыма қарсы екенімді естігенде тергеуші таң қалды. Маған дейін бірнеше минут бұрын менің көз алдымда осы схема бойынша іске қатысты бір фигурантты босатты. Бұл 2017 жылдың 7 қыркүйегінде болды.

Бұл істі қайта қарау қалыптасқан тәжірибені бұзуы мүмкін және өзгерістер осы тұстан басталуы ғажап емес. Ерте ме, кеш пе әділдік орнайды. 

– Жаңа сот талқылауы қанша уақытқа созылады деп ойлайсыз?

– Қарапайым ғана екі сұрақ қойылса, сот сотталушыларды ақтайтын бір отырыста аяқталуы мүмкін. 

Біріншісі: Егер жеткізілген мұнай қайта өңделмей, шикізат күйінде жөнелтілетін болса, онда «Интеройл» ЖШС-де еліміздің бюджетіне төленген акцизбен расталған 6 000 тоннаға жуық дизель отыны қалай пайда болды? Мұнай өңдеу зауытынан жанар-жағар май станциясына дейінгі жолы тергеудің аудиторлық есебімен расталған, ал қалғаны күшін жойған үкім бойынша тәркіленген. Дизель отынын тек мұнайды қайта өңдегенде ғана шығаруға болады.

Екіншісі: егер шикі мұнай жөнелтілген болса, онда «Интеройл» ЖШС мұнайды қайта өңдеуден алған 13 000 тонна мұнай өнімдері қайда кетті? МӨЗ құжаттамасы мен қызметкерлерінің жауабы бойынша көрсетілген мұнай өнімдері Қырғызстанға жөнелтілген мұнай қалдықтарының қоспасын дайындауға жұмсалған. Егер бұл расталмаса, онда олар қайда кетті? Әсіресе +25 градуста қатып қалатын мазут. Оны Қазақстанда еш жерде тұтынбайды, тек экспорттауға болады. Олай болса кеденде, темір жолда немесе порттарда тиеген іздері қалуы тиіс. Ондай іздер жоқ. Бірақ сот 3-4 жылға дейін созылуы мүмкін. Дәл осы үшін қылмыстық іс бойынша қолданыстағы баптардың ішінде аса ауыр бап бар – сол бізді мерзімі шектеусіз оқшаулауда ұстауға мүмкіндік береді.


ЖҮЙЕДЕ АҚАУ ПАЙДА БОЛҒАНДА

 2017 жылы қарашада соттағы соңғы сөзіңізде сіз бизнестегі көп адамдардың осы іс бойынша кесімді үкім күтіп отырғанын айттыңыз. Егер Жоғары сот үкімнің күшін жоймаса, Қазақстанның бизнесі үшін оның қандай себеп-салдары болар еді? 

 - Мұны елестетудің өзі қиын. «Ақтөбе Мұнайөңдеу» МӨЗ іске қосылғаннан бастап 2011 жылы қаңтарда ондаған қазақстандық және ресейлік кен орындарынан автокөлік және теміржол тасымалы арқылы бірыңғай құжаттар пакеті бойынша мұнай зауытқа жеткізіліп тұрды. ҚР заңдары бойынша тауар-көлік жөнелтпе құжаты міндетті, бұл туралы ҚР Қылмыстық кодексінің комментарийларында да жазылды.

Бухгалтерияның жөнелтпе құжаты бойынша тауарды кіріс есебіне алады, бұл жағдайда – мұнай. Бізге мұнайды Лукойл мен Қазмұнайгаздың қазақстандық еншілес компаниялары, ресейлік ТНК-BP, Русснефть және басқа да көптеген компаниялар жеткізіп отырды. 2016 жылы «Интеройл» ЖШС мұнайды осындай құжаттар пакеті бойынша жеткізді. Бұдан басқа, «Интеройл» ЖШС шикізатты Шығыс Ақжар және Жаңа Мақат кен орындарынан да алды. Прокурор Шоқпаров пен судья Сабыров қолдаған тергеушілер Латыпов және Ертайлақов болжамы бойынша, дәл осы «Интеройл» компаниясы арқылы алынған құжаттар пакеті заңсыз болған. Бұл құжаттар пакеті мұнай өндірушілерден келген кезде заңды болды, өйткені, бірде-бір мұнай өндіруші компания айыппұл мен қылмыстық істі айтпағанның өзінде, тіпті, ауызша сөгіс те алмады. Басқа қалған мұнай сатып алушылардың барлығында, оның ішінде «Ақтөбе Мұнайөңдеу» МӨЗ дәл осындай құжаттар пакеті  болды, толығымен заңды болып табылады және олардың бірде біреуіне қандайма бір талаптар қойылған жоқ. Апелляциялық сот арқылы бұлар қалай өтті?  Жоғары сот бұл үкімнің күшін жоймаған болса, сол жерде-ақ прокурор Шоқпаров Қазақстанның барлық мұнай өндіруші компанияларының директорларына және Қазақстанның барлық МӨЗ директорларына айып таға алар еді ғой. Өйткені, оның қолында соттың прецеденттік ісі болған болар еді. Бәлкім, түсінбестігі мен сауатсыздығы, өздерінің шендерін сақтап қалу үшін тергеушілер, прокурор мен судья оның салдарын ойланбастан еліміздегі есеп негіздеріне бомбы қойғандай болып отыр.

Тауарды жіберу, тасымалдау, қабылдау, есепке алу  ондаған жылдар бойына жөнелтпе құжаттары арқылы жүргізіліп келді, содан бері еліміз бойынша қаншама қылмыстық іс қозғалған болар еді. Қаншама директорлар мен есепшілерді темір торға тоғытуға болар еді,  себебі соттың үлгілі ісі болды! Енді еліміз терең дем ала алады, тауарлар оның ішінде мұнай бұрынғыша тауар-көлік жөнелтпе құжаты бойынша жүргізіледі.

 Сіз өзіңіздің «ісіңіз» бойынша ақтөбе соты шығарған үкімді сандырақ деп жиі айтасыз, неге?  Сіздің ойыңызша тергеу соттың істі мәнісі бойынша тексермейтіндігіне сенімді болды ма?

– Бассыздық пен жазасыздыққа үйренген тергеушілер Латыпов және Ертайлақовтың бұл жолы істері дұрыс жүрмеді, олардың тәжірибесінде прокуратура мен сот әдетте істі оңай өз айтқандарымен рәсімдейтін, өйткені айыпталғандар қатаң режимдегі колониядағы жиырма жыл мен адал атағы арасындағы таңдау тұрған кезде бостандықты таңдап, тергеушілердің талабына тез келісетін. Сондықтан да тергеушілер дәлелдердің шынайылығына, куәгерлердің  жауабына, сараптамашылардың қорытындысының шындығына аса мән бере қоймады. Ақтөбе соты мен прокуроры тергеу жүргізуші полковникке белгілі бір себептермен қарсылық білдіре алмады. Алайда елімізде өзгерістер басталды. Президент құқық қорғау  және сот жүйесін реформалауды көздеп отыр. Жоғары сот сандырақ үкімнің күшін жойды. Айыптау мен үкімде мағынасыз эпизодтар көп, айыптау актісінде де аз емес.

Қылмыс жасауға себеп жоқ: Сот кінәлілердің қылмыстық жолмен тапқан бірде бір фактісін, қандай ма бір қаржы немесе мүлігін анықтамады. Үкімде солай жазылған. Бірақ үкім мен айыптау актісіне сәйкес айыпталушылар қылмысты жүзеге асыруды 2014 жылы ойластырған, ал оған дайындықты 2010 жылдан бері қаржыландыра бастаған. Оны 2016 жылы мамыр-желтоқсан айлары ішінде жасаған. Алты жыл дайындық, бір жылдық жұмыс және көк тиын «қылмыстық» табыс таппау. Демек, бұл қылмыстың сарыны «Қазақстан Теміржолы» АҚ-на алынбай қалған пайда түрінде шығын келтіру болып шығады. Менің әкем  “Құрметті теміржолшы” төсбелгісін мақтанышпен тақты және менің Қазақстанның теміржолын жақтырмайтындай себебім жоқ.

Қылмыстың еш куәгері жоқ: Үкім мен айыптауға сәйкес, елімізден 2016 жылдың мамыр-желтоқсан айларында мұнайдың 13 000 тоннасы мұнай өнімдері ретінде заңсыз шығарылған. Еліміз үшін ауқымды және ұзақ дайындалған қылмыс 150 адам жұмыс жасайтын кәсіпорында жасалған іспетті.  

Тергеу “сарапшыларының” қорытындыларының ғылымға сәйкессіздігі: Ұсталған цистернадағы сұйықтықта орташа фракция - 180-240 градус Цельсия диапазонында керосин жоқ болып шықты. Тергеу көрсете алмайтын, ал ақтөбелік сот шақырта алмайтын шымкенттік сарапшы бұл сұйықтықты мұнай деп атаған. Мен мұндай сотқа бір келмеген сарапшының бар екеніне күмәнданамын.

Қылмыстың экономикалық мағынасыздығы: Тергеушілердің өздері тапсырыс берген сот-экономикалық сараптамаға сәйкес шикі мұнайды “Ақтөбе Мұнайөңдеу” МӨЗ арқылы шығару экономикалық жағынан тиімсіз, оны алу, тасымалдау және өңдеуге кеткен ШЫҒЫНДАР мұнай өнімдерінің қоспасын сатудан түсетін ПАЙДАДАН асып түседі. Азғантай табыс тек өңдеу нәтижесінде алынған дизельдік отынды сатудан ғана түсті. Бұл дизельдік отынды сату еліміз бюджетіне төленген акциздермен расталады. Бұдан басқа, күшін жойған үкім бойынша  «Интеройл» ЖШС-нен шамамен 700 тоннадай дизельдік отын тәркіленді. Егер мұнай өңделмесе, оның болуы мүмкін емес қой.

Логикаға салсақ, қылмыстың қалай болғанда да бір куәгері болуы керек, қандайма болмасын ізі болуы тиіс қой. Не куәгер, не басқа жоқ. Сотта әрбір қызметкер мұнай өнімдерінің қоспасын дайындау барысында өздерінің әрекеттерін суреттеп берді, бұл әрекеттер журналдарға тіркеліп, талданып, акт жасалып отырған. МӨЗ-ден ешкім де мұнай жібермеген, цистернаға мұнайдың құйылғанын ешкім көрген де, естімеген де; жүк жіберуші қоспаны тиегенін айтады; жүк қабылдаушы зауыттан мұнайды алмағанына сендіреді. Еліміз үшін сонша ауқымды болған қылмысты МӨЗ-дағы 150 қызметкердің ең болмағанда біреуінің естуі не көрмеуі мүмкін емес қой. Бірақ ондай куәгерлер жоқ. Тіпті, “кінәсін мойындаған” екі жас адам да вагонда мұнайдың қалай пайда болғанын білмейді. Өйткені, онда ол жоқ.

Қазақстандық және шетелдік ғалымдар «шымкенттік сарапшының» мұндай қорытындысына қатты таң қалды. Мұндай (олардың ойынша) мұнай табиғатта жоқ, бүгінге дейін мұндай мұнай Жер планетасында тіпті кездескен емес. Мұны Ұлттық техникалық университеттің, Қазақ-Британ техникалық университетінің, Губкин атындағы мұнай және газ Ресей мемлекеттік университеті, Санкт-Петербург мемлекеттік университетінің  ғалымдары, ҚазМұнайгаз мамандары да растады.


«МҰНЫ “ПОЛКОВНИКТЕР” ШЕШКЕН СИЯҚТЫ»

 – Сіздің жауабыңыздан бұл тергеушілер қылмыстық бұйрықты орындады деп түсінуге бола ма?

– Мүлдем олай емес. Бұйрықтың соншалықты жоғары деңгейде болмағанын үш белгі бойынша білуге болады. Бірінші: Астана қаласында 2016 жылғы 7 желтоқсанда орталық коммуникациялар қызметінде online комментарийлер болмаған болар еді. Екінші - ведомствоаралық жедел-тергеу тобының құрамына Оралдан Петропавловскіге дейінгі еліміздің барлық аймағынан ондаған офицерлер кірді. Үшінші: бірінші жауап алудың алдында  маған істің «бақылауда» екенін тіке айтты, маған олар шын айтқандай көрінді. Бірақ бұйрықтың өзінің заңға қарсы болуы екіталай. Менің пайымымша, бұл ҰҚК-ның орта деңгейіндегі құрамының күмәнді ақпараттары негізінде әзірленген, аймақтық істі «ұйымдастырушылар» жалған ақпараттарды амалын тауып жоғарыға жеткізіп тұрған. Алғашқы айларда көптеген офицерлер өздерін Ақтөбеге ұйымдасқан қылмыспен күрес үшін іссапарға жіберді деп шынайы сенді. Алайда 2017 жылдың сәуір айында олардың маған деген, «іске» деген көзқарастары толығымен өзгерді – олар ведомствоаралық жедел-тергеу тобының құрамынан кетуге тырысты. Кейбірі  тіпті,  бұл «лас» іске қатысқылары келмейтінін тура айтты. Ал кете алмай қалғандар іс материалдарында ерітінді мен қолтаңбалар үлгілерін бұрмалау іздерінің сақталып, оларды жай көзбен қарағанда көрінетіндей болуы үшін  қолдан келгендерінің бәрін жасады. Ақтөбе соты оны көрмеді, ал Жоғары сот оны көрді. Шамасы бұл «істің» қалай басталғанын бастапқыда тек үш офицер ғана білді. 2017 жылы күзде тергеудің «бірінші аяқталуынан» кейін менің «жеке» тергеушім полковник шенін алды. Алайда сол жылы іс сотқа да жетпеген болатын, ал 2019 жылдың желтоқсанында Жоғары сот тергеуден көптеген құқық бұзушылықтарды анықтап,  дәлелдемелердің дәйексіздігі мен сәйкессіздігіне байланысты айыптау үкімін бұзды.

– Демек, сіз бұл істегі ҰҚК жоғары басшылығының рөлін жоққа шығарып отырсыз ба?

- Мен әрине, тек жорамалдай ғана аламын, бірақ Жоғары соттың шешіміне дейін мен бұл істе ҰҚК басшылығын біреулердің өтінішін орындаған және қабылдаған «полковниктер» алдады деп есептедім. Егер бізге «істі ілу» туралы бұйрық бастапқыда ҰҚК жоғары басшылығынан берілген болса, онда біз кейбір маңызды заттарды көрмеген болар едік. 1) Сот төрт жылға созылмай, нақты шешім алты айдың ішінде, яғни, 2017 жылдың көктем-жаз айларында қабылданған болар еді. 2) Тергеу тобында ашық күрес болмаған болар еді және біз кейбір тергеушілердің қылмыстарының ізін көрмей де қалар едік.  3) Маған баспасөзде сөйлеуге мүмкіндік берілмес еді.

Алайда алдыңғы істердегі бассыздық пен жазасыздық тергеушілерді жайсыз жағдайға әкелді, ал ол өз кезегінде өз басшылықтарын ұятқа қалдырды. Мен тергеушілердің біреуіне Қазақстанның заңын немесе физика оқулығын оқуға кеңес бергенімде қатты ашуланды. Ол маған «біз сізді қылмыскер қылып шығарамыз, сіз ештеңе дәлелдей алмайсыз» деді.  


«КӨБІ БІРІНШІ ОТЫРЫСТАН КЕЙІН БЕЛГІЛІ БОЛАДЫ»

 – ҰҚК-дан Жоғары сотқа оралайық. Жоғары соттың шешімі сіздің еліміздегі сот төрелігіне қатысты пікіріңізді өзгертті ме?

 – Тергеушілердің, кейін камерадағы «әңгімелесушілердің» істі Жоғары сотқа дейін жеткізбеу керектігін айтып, көндіргілері келгені есімде. Тергеушілер заңды, заңсыз әрекеттермен шамалары келгенше істі сотқа беруді соза берді. Ақтөбе соты  тергеу кезінде сотталушыны қамауда ұстауда заңмен белгіленген жоғары мерзімді қолданды. Нәтижесінде іс Жоғары сотқа тек үш жылдан соң ғана жетті. Мұның бәрі “полковниктердің” іс Жоғары сотта Ақтөбедегідей өтетіндігіне сенімді болмағандарын білдіреді. 

 – Іс ұйымдасқан қылмыстық топтардың мұнай ұрлауымен күрес аясында басталды. Қазақстанның бірде-бір мұнай өндіруші компаниялары мұнай ұрланғаны жөнінде неліктен мәлімдемеді?

– Өйткені, 2016 жылы ешқандай мұнай ұрланған жоқ. Ұрлауға екі себепті экономикалық база болмады. Арнайы операцияның ұйымдастырушылары мұнай ұрлаумен күрес үшін 2016 жылдың 7 желтоқсанын сәтсіз таңдап алған. Сол сәтте оның болуы мүлдем мүмкін емес еді. 2016 жылдың басында әлемдік нарықта Brent мұнайы баррель үшін 27 долларға дейін құлады. Қазақстанның көптеген кен орындарында мұнай өндірудің өзіндік құны жоғары. Кейбір кен орындары өндіруді тоқтатты немесе қысқартты. Бірақ олардың ішінде кейбірін техникалық себептерге байланысты тоқтатуға болмайтын еді, олар тек ұңғыны тоқтатпау үшін мұнайды арзанға ұсынды. Жалпы сол жылы Қазақстанда құбыр мұнайының тоннасы бір тонна қызанақтан елу есе арзан болды. Екінші: 2015 жылы мемлекет қылмыс құралдарына тәркілеу енгізді. Яғни, КамАЗ-бен ұрлайтын он бес тонна мұнайдың құны сол қылмыс құралы болып тәркіленетін КамАЗдың құнынан жүз есе арзан болды. Мұндайға тіпті, кәнігі қылмыскерлердің өзінің бара қоюы екіталай еді. 2016 жыл мұнай дағдарысының нағыз өршіген кезі, тіпті заңсыз түгілі заңды мұнай өнімдерін сату өте қиын болды.

 – Қазақстанның азаматтық қоғамына 2016 жылғы 7 желтоқсандағы іс бойынша әділетті сотқа қол жеткізу не үшін маңызды?

 – Менің адвокаттарымның іс-тәжірибесінде ҰҚК жүргізген іс бойынша шыққан үкімнің күшін Жоғары соттың жоюы сирек кездесетін жағдай, бұл әлде айқын факт немесе елімізде нақты өзгерістер орын алды. Ең дұрысы – екі фактордың үйлесуі және сол сәттің ерекшелігі де сонда. Алайда өзгерістердің өзі келмейді, аспаннан түспейді. Президент те, Жоғары сот төрағасы да құқық қорғау және сот жүйесіне реформа жүргізе алмайды, бұл процеске қоғамның белсенді бөлігі - саясаткерлер, кәсіпкерлер, журналистер мен құқық қорғаушылар кірісуі керек. Үкімнің күшінің жойылуы – бұл әлі реформаның жеңісі емес. Бұл бар болғаны сол реформалар үшін күрестің Жоғары сот деңгейінде жүріп жатқандығының дәлелі. Бұл істегі негізгі себептерді талдамай, үш жыл бойы қалай жүргенін анықтамай, мені ақтай салу болашақта қауіп тудырады. Мұндай жағдай кез-келген азаматтың басына бүгін не ертең тууы мүмкін.  Сондықтан да қазақстандық қоғам өз балалары үшін алаңдайтын болса, бұл «істің» басын ашып алуы керек.

Қожағалиев жаңа сот талқылауы 2020 жылдың 27 қаңтарына белгіленгенін хабарлады.

– Ақталу үшін бір отырыстың өзі жеткілікті, сол кезде көп нәрсе бірден түсінікті болады. Барлық қалған сценарий – бұл айыптау үкімін түрлендіру.  Біз сотты Алматыға ауыстыру туралы өтініш бердік, бұл өтініш бойынша шешім шығару лакмус қағазындай болмақ. Ол Ақтөбе сотының басшылығының ұстанымын көрсетеді – олар өз қолдарынан «істі» беруге дайын ба немесе өз абыройларын сақтау үшін басқа кез келген амалға бара ма? Мүмкін мұны Жоғары сот та түсінгісі келеді. Біз Сергей екеуміз Алматы облысындағы Заречный ауылындағы қатаң режимді колонияда отырмыз. Сот өтетін жерге бару жөнінде әзірге әңгіме қозғалған жоқ, қалай болғанда да колония басшылығы ешқандай нұсқау алған жоқ, - деді Қожағалиев.

Фархат ӘБІЛОВ

28 қаңтар 2020, 00:49

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.