Атырау, 22 желтоқсан 10:24
 ашықВ Атырау 0
$ 523.86
€ 544.34
₽ 5.11

Адыра қалған атажұрт

6 980 просмотра

Азғыр өңірінде қазір халық тұрып жатқанымен, бұрынғы ядролық полигонға жақын орналасқан барлық елді-мекендер әлеуетті-қауіпті аймақта тұр. Мамандардың бағалауынша, қауіпті ошақтарды жою жұмыстары жүргізілген көптеген технологиялық алаңдарда радиация қайтадан білінген. Елді-мекенге жақын алаңдардың бірінде топырақ түсе бастап, ойықтар мен үңгірлер пайда болған. Демек, радиация әрі қарай да таралады деген сөз.

Мұнда бәрі Азғырда бір жыл бұрын болған сенатор Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВТІҢ сөзін жақсы жаттап қалған.

«Мен Азғырды экологиялық апатты аймақ деп жариялап және оның тұрғындарын көшіру мәселесін құптамас едім. Мемлекеттік шекараны қорғансыз қалдыруға болмайды. Азғыр ауылының тұрғындарын көшіру жөн емес. Ауыл адамдарына өмір сүрудің жағдайын: жол салу, ауыз су мен газ жүргізу, олардың денсаулығын жақсарту жұмыстарын жүзеге асыру керек. Емдетуге қосымша қаржы бөліп, әсіресе, барлық топтағы мүгедек жандарды, сондай-ақ, бала кезінен мүгедектерге қолдау көрсету қажет», деген болатын сенатор.

 

ЖОЛ АЗАБЫ - КӨР АЗАБЫ

Азғыр өңіріне баратын жол-жөнекей сықа тиелген көлікке жолаушылармен бірге сығылыса отыра кеттім. Ганюшкинодан шығысымен ор қояндай орғыған көліктің «мөңкуі» көбейіп, жылдамдықты азайта бастады. Зірк-зірк, дүңк-дүңк, ішкі құрылысың ақтарылып түсердей күй кеше бастадық. Осы кезде «Құрманғазы жолдары» ЖШС-нің директоры Аслан БАЙМЕНОВТЫҢ «Азғыр өңірінің жолы тақтайдай теп-тегіс, Балқұдық пен Сүйіндікке барар жолды күтіп-ұстауға бюджеттен жылма-жыл 20 млн теңге бөлініп отыр» деген сөзі ойыма оралды. Бізді алдағанға ұқсайды. Ол мына жолдармен көптен бері жүрмеген болуы керек.

Қошалақ пен Танатқұдықтан асып, сайдағы қалың құмға кезіктік.

- Әзірге құм құрғақ, жүруге болады. Бірақ, жауын жауса... былқылдақ құмның үстімен бірнеше күндеп жолда жүреміз, - дейді біздің көлік жүргізушіміз.

26 шақырымдық жолды тұтастай құм алып жатыр! Жазда азғырлықтар құмды аймақты кесіп өту үшін күн ыссылығы қатты білінбейтін мезгіл – түнде жолға шығуды қолайлы көреді. Ал қыста қар қалыңдығы 1 метр, кейде одан да көпке дейін барады. Ондайда ешқайда шықпау керек. Бірақ, азғырлықтар оған да қарамай жолға шығады, басқа амалдары жоқ, енді қайтсін?

Алдымызда қорабына трактор тиеген «КамАЗ» көлігінің құмға батып, жүре алмай қалғанын байқадық. Жүргізуші машина дөңгелегінің астына жыңғылдарды төсеу үшін жұлып әлектеніп жүр. Алайда арнайы техникасыз болмайды. Біздің УАЗ көлігі бұл жүк көлігін сүйреп шығаруға күші жетпейді. Оған сәттілік тілеп, көмекке адамдарды жіберетінімізге уәде беріп, әрі қарай асып кеттік.

Бесшоқыдан кейін қалың құмнан құтылдық.

 

ШӨГІП БАРА ЖАТҚАН БАЛҚҰДЫҚ

Ысқырынған жел өңменіңнен өтеді. Қоңырқай қоржын үйлер құлазыған көңілді одан бетер баса түскендей. Ауылдарды жұмыссыздық жайлаған. Жастар тұрмақ, орта жастағылар ауылдарын тастап кетуге мәжбүр. Мұнда жұмыс жоқ.

Қоянды елді-мекенінде кезінде болған жиырма шақты үйден 3 үй қалған. Қошалақта әлі күнге электр жарығы жоқ, төртжылдық мектептің жарығы дизельдік мотормен жанады. Балқұдықта 20-ға жуық үй бос тұр. Бұл жақта моншасы бар, көлікжайы мен аула-қорасы салынған, тұрмысқа қолайлы үйді 150 мың теңгеге сатып алуға болады. Алайда, бұл кімге қажет? 

- Енді 15-20 жылда Балқұдықта адам қалмайды, - дейді жергілікті тұрғын Жанар. - Себебі мұнда жұмыс жоқ. Ауыл адамдары малға ғана арқа сүйеген. Жол шалғайлығынан малын пұлдап өткізу қиындап отырғанын олар жасырған жоқ. Ал шөп бағасы өткен жылдан қымбаттап кеткен, бір қорабы 30 мың теңге. Түз тағысынан келер қауіп тағы бар. Бір малшының үш құлыны қасқырларға жем болып кетті. Енді біреудің малын сүйреп кеткен.

 

ТЕЗЕКСІЗ КҮНІ ЖОҚ

Азғырдағы бастауыш мектепАзғыр өңіріндегілер көмірді қашан көргенін ұмытып қалған. Газ құбыры да жоқ мұнда. Көгілдір отын болмағандықтан (газ баллондары Ганюшкиноның өзінде тапшы) үйлерін ата-бабаларының заманындағыдай қи, тезекпен жылытуға мәжбүр.

- Бұл өңірдің табиғаты қатал, шығыстан үнемі суық жел соғып тұрады. Сиырдың тезегін тамыздыққа, ал қорадан ойылып алынған қиды отындыққа пайдаланамыз. Малы жоқтар мұны сатып алады. Бір арбасы 10 мың теңге шамасында. Көмірдей емес, қи жылылықты ұзақ түнге сақтамайды, әйелдер түнде де пешке от жағумен болады. Қыстан шығу үшін 5-6 арба отын керек, - дейді Қасиет ГУБАШЕВ.

Елді-мекендердегі мектептердің дені сұйық отынмен жылытылады. Азғыр елді -мекеніндегі бастауыш мектеп пен медпункт көмірмен жағылады екен. Былтыр жөндеуден өтті деген Азғырдағы медпункттің қабырғасының сылақтары жарылып кеткен. Төбедегі гантельдер түсіп, пештің мұржасы құлап қалған. Төбе шатырының қатты желден кейбір бөлігі түсіп жалбырап тұр. Медпункт іші келушілерді қабылдайтындай мүмкіндігі жоқ, сап-салқын.  

 

ТҰРБАЛАРДАН БЕЛГІЛІ

- Біз осы қай ғасырда өмір сүріп жатырмыз? – деп сауал тастады олар. – Бұл өңір неге мақұрым қалған?  Өркениет өркені қайда?

Жыңғылдың көмегі болса жақсы...Бұл өңірде клубтардың аты бар да, заты жоқ. Балқұдықтағы клубтың шаңырағы ортасынан түссе, Азғырдағы клуб жарамсыздықтан иесіз қалған. Ал Асанда клубтың орны да жоқ. Іргетасы айрылып, тозығы жеткен мектептерде балалар оқып жатыр. Электр тарату желілері де өте ескі, апат жиі орын алып, жарық үнемі өше береді. Азғырлықтар өткен жылдың қысын ешқашан ұмытпайды. Сай-салаға шашыраңқы орналасқан үйлердің бір-бірімен қатынасы қиындап қалған. Бір ауылда тұрып, бір-бірінің жағдайларынан хабарсыз қалғандар үйдің мұржасынан шыққан түтінге қарап, амандықтарын біліп отырған.

- Біздің өлі-тірімізден ешкімнің хабары болмады. Жол қатынасы мүлдем тоқтады. Ал ұялы байланыстың өзі бірде болса, бірде болмады. Онсыз да Ганюшкинодан 200 шақырым қашықтыққа дейін ұялы байланыс болмайтын. Азық-түлік  таусылды. Дүкен сөрелері бос қалды. Ол күнді ұмыту мүмкін емес, -дейді  азғырлықтар. 

 

РЕСЕЙГЕ АРҚА СҮЙЕП ОТЫР 

Азғыр өңірінің халқы Ресей шекарасына жақын орналасқанын медет қылады. Себебі, медицина мен сауда-саттық мәселелері осы көршілес ел арқылы шешіліп отыр. Сүйіндік пен Балқұдық селоларындағы ауруханаларда білікті мамандардың жетіспеушілігінен тұрғындарға толыққанды медициналық көмек көрсетуге жағдайы келмей отыр. Мәселен, Азғыр селолық округінде жоғары медициналық білімі бар жалғыз маман жұмыс істейді.  

- Біздің жанымызды Ресейдің Харабали қаласының дәрігерлері аман алып қалып отыр. Ауылдықтар онда тексерілуге де, ота жасатуға да барады. Сондықтан бізге  Қазақстанның «керемет» тегін медицинасының көмегі қолжетімсіз, - дейді Амангелді МАҒЗОМОВ.

Тұрғындардың бұл сөзін медицина қызметкерлері де растады.

- Жедел науқасты 300 шақырым қашықтықтағы аудан орталығына немесе 600 шақырым қашықтықтағы Атырауға жеткізу қауіпті. Сондықтан біз науқастарды Харабалиге апарамыз. Жүкті әйелдерді алдын-ала аудан орталығына жеткізуге тырысамыз, - дейді дәрігер Нұрлан ТӨЛЕУІШЕВ.

Азық-түлікке қатысты жағдай да осындай. Оларды Ганюшкинодан әкелгенше Харабалиден тасыған әлдеқайда жақын әрі жеңіл. 

 

ҚОЛ ЖЕТКІЗБЕЙТІН СЕНАТОР

Сенатор Еңсегеновтың жалынды сөзіне қайта оралсақ, мен оның ұялы телефонына бірнеше рет шыққаныммен, байланыс аясынан тысқары болды. 

... Біз қайтарда жанармай иісі сіңген бос бөшкелер тиелген салонда отырдық. Жүргізушіні сөге алмайсың, өйткені бұл жақта жанармай қымбат. Аи-80жанармайының бағасы 150 теңге, Аи-92 180 теңге тұрады, ал қыста бұдан да көтеріліп кетеді. Амал жоқ, таксистер жанармайды аудан орталығынан немесе қаладан тасиды.

Ал, құмға батқан сол «КамАЗ» орнынан қозғалмастан күйі тұр...

Ләззат ҚАРАЖАНОВА

14 қараша 2012, 16:28

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.