Атырау, 20 сәуір 18:43
 ашықВ Атырау +20
$ 446.49
€ 475.38
₽ 4.79

Бұрынғы әкім орынбасарына, білім басқармасының басшысына және басқаларға қандай айып тағылып отыр

4 266 просмотра


№2 қалалық сотта  Атырау облысы әкімінің бұрынғы орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА, білім беру басқармасының басшысы Қайырғали КЕНЖЕҒАЛИЕВ, оның орынбасары Роза ҚАБДОЛОВА және білім саласының басқа да қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша тараптардың жарыссөзі өтті. «АЖ» сотталушыларға қандай айып тағылып отырғанына толығырақ тоқтап өтті.

Бұл білім беру қызметкерлерінің  үстінен қозғалған атышулы қылмыстық іс негізінен ҚР ҚК-ның 189-бабы 3-бөлігі, 2-тармағы ("Өзінің қызмет бабын пайдалана отырып, сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу") бойынша 14 эпизод қаралып жатыр. Төменде мемлекеттік айыптаушы Досбол БАҒЫТЖАНОВТЫҢ сөйлеген сөзінен алынған негізгі деректерді ұсынып отырмыз.  

Әйелі өзінің әдіскер болып жасайтынын білген жоқ

Білім беру басқармасының басшысы Қ.Кенжеғалиев 2016 жылы Атырау облысы білім беру басқармасының әдіскерлік орталығының директоры болған кезінде өзінің жұбайын орталыққа жұмысқа орналастырды. Әйелінің атынан өзі арыз жазып, ал оны кадр жөніндегі инспектор ақпараттандыру, мониторинг және талдау жөніндегі әдіскер ретінде тағайындаған. Еңбек шарты жасалып, әйелінің орнына Кенжеғалиевтің өзі қол қойған. Осылайша бірнеше айғы жұмысы үшін бастықтың әйеліне 312 мың теңгеден аса еңбекақы төленген. Тергеуде Кенжеғалиев әйелінің картасын жеке өзі қолданғанын, ал әйелінің оның бұл  қулығын сол уақыт ішінде  білмегенін айтып берді. 

Жаңа жылдық сыйлықтардан пайда көрген

Тағы бір эпизод - 2017, 2018 және  2019 жылдардағы президент шыршасына бөлінген бюджет қаржысының жымқырылуы.  

Жыл сайын шыршаны өткізу үшін бюджеттен 40 миллионға жуық ақша бөлініп отырған. Жаңа жылдық ертеңгіліктерді  ұйымдастырумен «Геолог Казахстана”  Емдеу пансионаты»  ҚМКК айналысты.

Тергеу болжамы бойынша білім беру басқармасы басшысының  орынбасары Роза Қабдолова нарық бағасынан жоғары сметалық  құжаттарды әзірлейді. Ол бұған өзінің таныс кәсіпкерлерін тартып, олармен жалған келісімшарттар жасайды, түскен ақшаны кейін қолма-қол ақшаға айналдырып, қалтаға басып отырады. Бұл істе оған Қабдолованың жақсы танысы болып келетін Назымгүл Мәжитова көмектеседі.

Олар былайша әрекет еткен: Н.Мәжитова  өзінің барлық таныс кәсіпкерлерімен мемлекеттік сатып алулар бойынша келісімшарттар жасап, оларды шарттағы барлық көрсетілген жұмыстар мен қызметтер толығымен орындалады деп сендірген.

Сенген кәсіпкерлер келісімшарт жасап, түскен ақшаларды Мәжитоваға берген, ал ол ақшаларды Қабдоловаға беріп отырған. Осындай жолмен табыс табуға олар «Геолог Казахстана» пансионатының  есепшісі К.Жамелованы да тартқан. Ол  бір көзден сатып алу үшін сметалық құжаттар жасаған. Тендерді осылай өткізу үшін мемлекеттік сатып алулар ережесі бойынша сома 100 АЕК-тен аспауы керек. Сол үшін ол шарттағы көрсетілген сомаларды бірнеше бөлікке бөлген.

Мысалы, 2016 жылғы сметалық құжатқа сәйкес, қыздарға арналған пуховик пальто 35 мың теңге, ер балаларға арналған спорт костюмі – 25 мың теңге, ер балалардың бөрігі мен шарфы - 20 мың теңге, ер баланың етігі – 25 мың теңге болып белгіленген.  Қабдолова өз танысынан Алматыдан осындай, бірақ сапасы төмен тауарды арзан бағаға  сатып әкелуді сұраған.   

Сот сараптамасы киімдер бағасының айырмашылығын анықтап берді: 35 мың теңге тұратын пальтоны 15 мың теңгеге, бөрік пен шарфты 10 мың теңгеге, спорттық костюмді 15 мың теңгеге алған. Барлық құжаттар бойынша айырмашылық 8 миллион теңгеден аса соманы құрайды.

Сотталушылар 2016 жылы желтоқсанда жаңа жылдық ертеңгіліктер өткізуге бөлінген 40 миллион теңгенің 12,5 миллионын өздері иемденіп кеткен.

Бұл жаңа жылдық әдіс келесі екі жылда да пайдаға асқан. 2017 жылы 19,5 миллион теңгені, ал 2018 жылы 26 миллионннан аса қаржыны жымқырған.

Жиһаздан «жырып қалу» 

Қылмыстық істің басқа эпизодында Н.Сайлауова арнаулы 5 мектептің асханасына үстел мен орындықтар сатып алуға міндетті болған бір жеке кәсіпкерден 5 миллион теңгеден астам қаржы алғаны үшін айыпталып отыр. Оған бюджеттен 34 миллион теңге бөлінді. Тергеу болжамы бойынша Сайлауова Қабдолова арқылы оған осы соманың 20%-ын, яғни 6,8 миллион теңгесін әкелуді талап еткен. Кәсіпкер онда ол ешқандай пайда көре алмайтынын айтып, мұндай ақшаны беруден бас тартады. Алайда бұл жерде Қабдолова зардап шегеді деп қорқып, кәсіпкер соманың 15%-ын - 5 миллион теңгеден астамын Сайлауоваға берген. Нәтижесінде мектепке сапасы төмен жиһаздар алынды.

Тамыз конференциясының миллиондары

Қылмыстық істің тағы да бірнеше эпизодтары Қабдолова, Қабекенов, Иманғазиева, Мәжитовалардың мұғалімдер мен оқушылар үшін ұйымдастырылатын әртүрлі іс-шараларды өткізуге бөлінген бюджет қаражатынан жымқыруына арналған.

Мысалы, 2017 жылы мұғалімдер үшін тамыз конференциясын өткізуге 28 миллион теңгеден астам қаржы бөлінген. Сметаны Қабдолова бекітіп, әдістемелік орталықтың есепшісі Иманғазиева пен Мәжитовадан таныс кәсіпкерлерді табуды сұраған. Олар өз кезегінде бірнеше ЖК тауып, оның ішінде «Мәжитова» ЖК де бар, олармен келісімшарт жасасқан. Нәтижесінде олар 3,3 миллион теңгені өзара бөлісіп алады. Бұл ақшаға кітаптар, брошюралар сатып алынып, макеттер жасалуы керек еді, бірақ бұл тауарлар сатып алынбаған.

Мектептің ғылыми конференцияларын өткізу кезінде гүл шоқтарын дайындауға 3,3 миллион теңге бөлінді. Гүлдер де сатып алынбады және ақша шенеуніктердің қалтасына түсті.

«Дұрыс желінбеген» форум

Қылмыстық істің бірнеше эпизодында Кенжеғалиев пен Қабекеновтың талапкерлерге ҰБТ тапсыру кезінде және СТГ-ға оқуға түсуге қалай көмектескені айтылады.

Соңғы эпизодта Сайлауова, Кенжеғалиев, Қабдолова, Қабекенов, Иманғазиева және Мәжитова 2019 жылдың басында білім беру форумына бөлінген қаражатты қалтасына басқаны үшін айыпталуда.

Іс-шараны өткізуге бюджеттен 19 миллион теңгеден астам қаржы бөлінді, оның ішінде Сайлауова өзіне екі миллион теңгені беруді талап еткен. Тауарлар мен қызметтер төмен бағамен сатып алынды, ал қалған екі миллион теңгені әкімнің бұрынғы орынбасары салып алды. Бірақ бұл форумды олар өткізуге үлгере алмады, себебі желтоқсан айында сотталушылар қамауға алына бастады.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА


 

23 қаңтар 2020, 20:45

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы мақала тақырыбына қатысты ой-пікіріңізбен бөлісіп, бейнежазба жолдағыңыз келсе, WhatsApp +7 771 37 800 38 нөміріне және editor@azh.kz поштасына жібере аласыз.