ІІМ-нің шетелдік нөмірлі автокөліктерді елде тіркеуге шақырған үндеуінен соң Атырау облысы ПД әкімшілік полиция басқармасы қалалықтар үшін «Жолда қабылдау» акциясын жүргізді.
Әкімшілік полиция басқармасы басшысының міндетін атқарушы Мырзалы ӨТЕҒАЛИЕВТІҢ айтуынша, Қазақстанға Ресей, Армения, Белорусь және Қырғызстаннан сатып алынған 170 мыңдай көлік әкелінген. Біздің өңірімізде шетелдік нөмірі бар машиналардың саны шамамен - 10 мың.
- 2019 жылы осы автокөліктердің қатысуымен 46 ЖКО орын алды, оның салдарынан 12 адам көз жұмса, 61 адам жарақат алды. 13 мыңнан аса құқық бұзушылық тіркелді, - дейді М.Өтеғалиев.
«Жол қозғалысы туралы» заңының 63-бабына сәйкес, барлық автокөліктер міндетті түрде Қазақстанда тіркелуі керек. Ал 65-бапқа сәйкес, шетелдік нөмірі бар көлікпен бір жыл бойына жүріп, тек 30 күн ел аумағынан шығарылған жағдайда ғана тағы жүруге болады. Сондықтан да автокөлік иелері барлық алымдар мен кедендік рәсімдеудегі айырмашылықтарды төлеп, есепке тіркеу керек.
М. Өтеғалиев, сондай-ақ, жүргізушілерге төлеуге тиісті төлемдер сомасы туралы да әңгімеледі. Мұның бәрі шыққан жылы мен қозғалтқыштың көлеміне байланысты. Айталық, елімізге көлік әкелгені үшін алынатын утилизациялық алым. Қозғалтқыш көлемі 1000 текше см-ден 2000 текше см-ге дейінгі автокөлік иелері 927 850 теңге төлеуі тиіс, 2000 текше см-ден 3000 текше см-ге дейін – 1 325 500 теңге. Алғашқы тіркеу алымдары: 2 жылға дейінгі жаңа автокөліктер үшін – 663 теңге, 2 жылдан 3 жылға дейінгі – 132 550 теңге, 3 жылдан асқандар – 1 325 500 теңге. Бұған ҚҚС (12%) қосыңыздар.
Тіркеу үшін міндетті талаптардың бірі – автокөлік Еуро-5 стандартына сәйкес болуы керек. М.Өтеғалиевтің сөзіне қарағанда, 20 қаңтардан бастап арнайы ХҚК орталығында тіркеу ережесін түсіндіріп және барлық алымдарды есептеп беретін жеке кабинет жұмыс істейтін болады.
- Бірінші кезекте бізді жол-көлік оқиғаларының басым бөлігі шетелдік нөмірі бар көліктердің қатысуымен болып жатқаны алаңдатады.Олардың көпшілігі қалада, аудандарға жолаушыларды тасымалдайды. Бұдан басқа, заңға сәйкес тіркелген азаматтар тиісті салық, айыппұлдар төлеп жатқандығын, ал шетелдік нөмірі бар көлік жүргізушілерінің төлемейтіндігіне наразылықтарын білдіреді. Бірақ енді прокуратура дерекқоры мен сақтандыру арқылы біз көлік иесін анықтап, құқық бұзушылық туралы хабарламалар жібере аламыз.
Әзірше шетелде есепте тұрған көлік жүргізушілеріне қатысты ешқандай шаралар алынып жатқан жоқ, тек түсіндіру жұмыстары ғана жүргізіледі.
Бұл күні «Жолда қабылдау» акциясында көптеген адам болды. Солардың бірі, қала тұрғыны Арман:
- 2019 жылы мен Армениядан 3 млн 750 мың теңгеге көлік алып келдім. Машина 2010 жылы шыққан, яғни Еуро-5 стандартына жатпайды. Енді не істеуім керек? Егер барлық алымдарды есептесем, көп ақша. Мен утилизациялық алым үшін 500 АЕК, тағы да бастапқы тіркеу үшін 500 АЕК және кедендік рәсім үшін 30 пайыз төлеуім тиіс. Бұл маған көліктің бағасынан бөлек 3,5 млн теңгеге шығады. Бұл төлейтін алымдардың мөлшерін төмендету керек, сонда адамдар көліктерін тіркеп, салықтарын төлейтін болады.
Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА
Суреттерді түсірген автор