17 қаңтарда «Атырау Энергосату» ЖШС тапсырысы бойынша электр энергиясының бөлшек сауда бағасын 18%-ға көтеру жөнінде жұртшылық тыңдауы өтті. Бұл жиынға Талғат АЯН мен Арман ХАЙРУЛЛИН және басқа да азаматтық белсенділердің қатысуы ортаны қыздыра түсті.
ЖШС директоры Эльмира ИСЕМБЕРГЕНОВА баяндама жасады. Оның айтуынша, Атырау облысындағы электр энергиясының тарифі еліміз бойынша (бұл жерде Т.Аян баяндамада салыстыру үшін 11 облыстың көрсетілгенін, елімізде 15 облыс және республикалық дәрежедегі 3 қала бар екенін ескерте кетті) ең төмен болып есептеледі екен. Бұдан басқа Э.Исембергенованың сөзіне қарағанда, егер 2009 және 2019 жылдарды салыстыратын болсақ, өткен жылы тариф (кВт/с үшін 4,37 теңге), осыдан 10 жыл бұрынғы тарифтен де (кВт/с үшін 4,46 теңге) төмен болған.
Баяндамадан кейін талқылау басталды.
Зейнеткер Мұрат ӘЛЖАНОВ:
– Нұрсұлтан Назарбаев жақында ғана Бас прокуратураға монополистерден тарифті төмендетуге қол жеткізуді тапсырған болатын. Неге оның тапсырмасы орындалмайды? Мына слайдтарда ең қымбат электр энергиясы – Маңғыстау облысында деп көрсетілген. Ал біз оны олардан сатып аламыз. Неге?
Т.Аян:
– Осыдан бір жыл бұрын тарифті төмендеттіңіздер, өйткені, президент халықтың жағдайы ауыр деген болатын. Менің сұрайын дегенім, осы уақыттың ішінде халықтың жағдайы жақсарып үлгерді ме? Жыл сайын билік атыраулықтарға газтурбиналық станция салуға және содан кейін электр қуатының артып, оны көрші облыстарға сатуға уәде етіп келеді. Бұл қашан жүзеге асады? Құр уәде. Біз ЖЭО, «Атырау Жарық», «АтырауЭнергосату» бәрінің бір қожайынға тиісілі екенін білеміз. «Атырау Жарық» және «Атырау Энергосату» секілді «делдалдар» неге керек? ЖЭО атынан бір шотты жолдаса болмай ма?
Қызу тартысты қала әкімінің міндетін атқарушы Ринат ЖАНГЛИШОВ басуға тырысты:
– Біз монополистерге барлық шоттарды біріктіріп, бір қағазбен жіберуді сұрадық. Бұл жоба биыл жүзеге асуға тиіс болатын. Мен бұл жерде «Атырау Энергосатуды» жабу керек деп тұрғаным жоқ. Бірақ Астанада осындай кәсіпорынды жабуға қол жеткізген.
М.Әлжанов:
- Мен Алмагүл ықшамауданындағы тұрғындардың мәселесіне назар аударуды сұраймын. Жақында жарық сөніп қалып, бірден барлық лифт тоқтады, жылу ажыратылып, электр плиталар өшіп қалды. Лифт ішінде қалған көп баланың жылаған дауысын мен ешқаншан ұмыта алмаспын. Балконға жүгіріп шықтым, барлық ауданда жарық бар, тек бізде жоқ. Бұл жағдай қайталанбау үшін желілерді ретке келтіріңіздер.
А.Хайрулин:
– 7 гектар жерді алып жатқан Еркінқаладағы жеке үйлер салынған қалашықты энергетиктер кімнің ақшасына салды, соны тексеру керек.
Бұдан соң табиғи монополияларды реттеу жөніндегі департамент басшысының орынбасары Наталья ДҮЙСЕМӘЛИЕВА қатысушыларды жиын тақырыбынан ауытқымауға шақырды, оның бұл сөзіне жиналғандар:
– Сіз кімнің жағындасыз, тұрғындардың ба әлдң монополистің бе?
- Мен тұтынушылардың да, қызмет көрсетушілердің де мүдделерінің бұзылмауын қалаймын, - деп жауап берді Дүйсемәлиева.
Тағы бір сәтті атап өтпеске болмас. Исембергенова баяндамасын орыс тілінде бастаған кезде қоғамдық белсенділер мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етті. Бұл жайсыз ахуалды Исембергенованың орынбасары Тұрлан ДОЩАТОВ басқандай болды. Ол оның қолынан қағаздарды алып, қазақ тіліне аударып оқи бастады. Баяндамашылар келесіде мемлекеттік тілде дайындалып келуге уәделерін берді.
Монополияға қарсы департамент «АтырауЭнергосату» тарифтері бойынша шешімді 29 қаңтарда жариялайды.
Мұрат СҰЛТАНҒАЛИЕВ
Суретті және бейнежазбаны түсірген Нұрбейбіт НҰҒМАНОВ