ҚР Бас прокуратурасы өткізген бейнеконференцияда облыстық прокуратура органдары және «Атамекен Одағы» Қазақстанның Ұлттық экономикалық палатасы басшыларымен бірге кәсіпкерлер құқығын қорғау мәселелері талқыға салынды.
БҮКІЛ ТІЗІМДІ ЖАРИЯЛАҢЫЗДАР
Соңғы жылдары кәсіпкерлікті қорғау мен қолдауға бағытталған заңнамаға реформалау жүргізілді. Атап айтқанда, рұқсат құжаттарының 30 пайызы қысқартылып, бұрынғы лицензияланатын қызмет түрлерінің кейбірі хабарландырушы сипатқа ие болған. Алайда заңнаманың әлсіз орындалуы мұның бәрін жоққа шығарып отыр.
– 6 министрлікте жүргізілген тексеру жұмыстары тексерулерді жоспарлаудың жаңа механизмдерінің жұмыс істемей тұрғандығын көрсетті. Нәтижесінде кәсіпкерлік субъектілерін 26,5 мың тексеру жұмыстары заңсыз деп танылды, - деп атап өтті Бас прокурордың орынбасары Андрей КРАВЧЕНКО.
«Атамекен Одағы» ҚазақстанныңҰлттық экономикалық палатасы басқармасының төрағасы Абылай МЫРЗАХМЕТОВ кәсіпкерлер құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық кеңес жұмыс жасаған бір жыл ішінде 400-ден астам шағымдар түскендігін әңгімеледі. Негізінен олар жүргізілген көптеген тексерулерге, рұқсат алу қиындығына байланысты шағымдар. Әсіресе жер мәселесі өткір проблема күйінде қалып тұр. Мәселен, көбінесе толық жоспарлау болмайды. Ал енді бұл жер кодексі бойынша болмаса, кәсіпкерлер өз нысандарын бастап сала алмайды.
Қазақстандық кәсіпкерлер қауымдастығының президенті Талғат ДОСКЕНОВ жер мәселесінің жылдап шешілмейтінін атап өтті. Мәселен, кәсіпкерлер көп жылдар бойына әкімдіктерге жерді ашық бөлуді, әкімдіктегілердің сайтына жер алғандардың тізімін және жер беруден бас тартылғандардың тізімін, себептерімен көрсетіп жариялауды ұсынады:
– Мұны жер кодексіне немесе әкімдік сайттарына қойылатын талаптарға жазу керек. Біз бұл ұсыныстарды ондаған жылдар бойына енгізіп келеміз, ал әкімдер елең қылмайды да.
АРНАЙЫ ДЕПАРТАМЕНТ ҚАЖЕТ
Абылай Мырзахметов кәсіпкерлердің құқығына нұқсан келтіретін шенеуніктерге қайтымсыз жаза енгізуді ұсынды.
– Ақтөбелік кәсіпкер Сергей ҚАЗИНДЕ екі жыл бұрын әкімдікпен арада жерге қатысты мәселе туындаған. Қала прокуратурасы арқылы ол өз құқығын қорғап шықты, бірақ әкімдік прокуратура шешімін орындамады. Бизнесмен сотқа жүгінді, бірақ әкімдік сот шешімін де орындамады. Біз араласқаннан кейін және Бас прокуратураның тиісті әрекетінен кейін іс орнынан қозғалды. Бірақ әкімдік сонда да өз міндеттемелерін толық орындамай отыр. Ең бастысы, бұл үшін ешкім де жауапкершілік алмайды. Шенеуніктердің әрбіреуіне жауапкершілік арттыруға қол жеткізу керек, сол кезде тәртіп орнайтын болады, - деді сеніммен Мырзахметов мырза.
Оның айтуынша, көптеген кәсіпкерлер үшін прокуратура олардың құқықтарын қорғайтын соңғы инстанция боп табылады. Сотқа жүгінуге болады, әрине, бірақ шағын бизнес, әсіресе ауыл субъектілері үшін бұл қымбат дүние. Ұсақ ЖК-лардың штатында, әдетте, заңгерлер болмайды. Президент жанындағы кәсіпкерлер кеңесінің таяуда желтоқсанға жоспарлаған отырысында Бас прокуратураның қолдауымен «Атамекен Одағы» прокуратураға Ресейдегідей кәсіпкерлік мәселесі жөніндегі мамандандырылған департамент құру мәселесін енгізу бастамасымен шықпақ.
Кәсіпкерлердің пікірінше, алкоголь өнімдерін тасымалдауға рәсімделген жүкқұжат салмақты проблемаға айналған. Жүк құжаты уақытында расталмаса 70 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады. 3 мың теңгенің затына жүк құжаты жазылып, ал ол бойынша айыппұл 113 мың 260 теңге құраған кездер де болды, мұнда әрекет пен жаза сәйкес емес. Шағын, орта және ірі бизнес үшін айыппұлдар саралануы керек екендігіне кәсіпкерлер сенімді. Алкогольді сатуға қатысты тағы бір мәселе – бұл егер нысан балалар мекемесінен 100 метрден жақын қашықтықта орналасса лицензиядан айыру мәселесі.
– Заңның кері күші жоқ екендігі ескерілмейді. Тиісінше, лицензия беру заңдылығы азаматтық-құқықтық қатынастар туындаған кезде қолданыста болған заң бойынша бағалануы тиіс, - дейді 100 метр туралы норма әлі қабылданбаған уақытта спиртті сатуға рұқсат алған бизнесмендер.
ТЕКСЕРУЛЕР АЗАЙДЫ
Құқықтық статистика және арнайы есеп комитеті төрағасының бірінші орынбасары Нұрлыбай СӘБИТ ағымдағы жылдың 10 айы үшін есеп берді. Тексерулер тағайындау туралы 210 162 акт тіркелді, бұл өткен жылға қарағанда 16 пайызға аз.
Егер 2010 жылы айына 45 мың тексеру тіркелген болса, өткен жылы бұл сан 41 мыңға дейін, ал биыл – 36 мыңға дейін азайды. «Бизнес тірегі» сайты жақсы нәтижелер көрсетеді, онда кәсіпкерлер тиісті органдарға тексеру тағайындалған ба, соны тексере алады.
Заңсыз тексерулердің анағұрлым көп мөлшері ауыл шаруашылығы министрлігіне, салық органдарына, сондай-ақ СЭС пен ІІМ-дің еншісіне тиген. Аймақтар бойынша: негізсіз тексерулер көбінесе Қостанай, Шығыс Қазақстан және Павлодар облыстарында тіркелген. Атырау облысында 10 ай ішінде прокурорлық әрекет ету шаралары бойынша 36 кәсіпкердің құқығы қорғалған, тәртіптік жауапкершілікке 23 лауазымды тұлғалар тартылған. Жер заңнамасы саласында 26 тексеру жүргізіліп, 152 заңсыз акт жойылып, өзгертілген.
Зульфия ИСКАЛИЕВА