Атырау, 23 қараша 17:03
 ашықВ Атырау 0
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Қытайдың «жұмсақ күші» емес, жемқорлық қауіпті

4 533 просмотра


2019 жыл басқа да өзгерістермен қатар көптеген қазақстандықтардың "қытай экспансиясына" қарсы наразылықтар танытуымен де есте қалды. Бұған 2015 жылғы ҚР мен ҚХР арасында индустрияландыру және инвестиция саласындағы ынтымақтастықты нығайту туралы үкіметаралық келісімге қол қойылуы себеп болған еді. Қазір Қазақстанда жалпы құны $27,6 млрд болатын металлургия, мұнай және газды өңдеу, химия өнеркәсібі, машина жасау, электр энергетикасы, көлік, құрылыс материалдарын дайындау және агроөнеркәсіпті кешен салалары бойынша 55 біріккен жобалар жүзеге асып жатыр.

ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ НАРАЗЫЛЫҚТАР

Өткен жылғы қыркүйектің басында Жаңаөзенде шамамен жүздеген адам қала әкімдігінің алдына жиналып, елімізде салынатын 55 қытай зауыттарының құрылысына қарсы наразылық білдірді.  Келесі күні жаңаөзендіктер орталық алаңға тағы да жиналды, ал 4 қыркүйекте ынтымақтастық акциясы Алматы, Ақтөбе, Ақтау, Қарағанды, Нұр-Сұлтанда, Семей мен Шымкентте өтті. Наразылық білдірушілерді «Қытай экспансиясына жол жоқ!»  деген үндеу біріктірді.

Бұл толқуларға этникалық қазақ Сайрагүл САУЫТБАЙҒА қатысты жағдай тікелей себеп болды. 2018 жылдың тамызында қазақстандық сот оны мемлекеттік шекараны заңсыз кесіп өту ісі бойынша кінәлі деп таныды. Сотта ол өзін Қытайға депортацияламауды сұрады. Оның айтуынша, Қытайда оны өлім жазасы күтіп тұр, өйткені ол Синьцзянда «саяси қайта тәрбиелеу лагерінде» жұмыс жасаған және Қытай билігі одан «мемлекеттік құпияны жарияламау» жөнінде қолхат алған. Бұл істің жұртшылық назарын аудартқанынан ба, сот Сайрагүлді депортациялаған жоқ және алты айға пробациялық бақылау тағайындап, қамаудан босатты.  Алайда босқын мәртебесін ала алмаған ол отбасымен бірге Швецияға кетуге мәжбүр болды.

Қазір Қытайдың екі азаматы - Мұрагер ӘЛІМҰЛЫ мен Қастер МҰСАХАНҰЛЫНА қатысты сот процесі басталды. Бұл екі қазаққа да шекараны заңсыз бұзып өтті деген айып тағылып отыр. Олар Қытайда өздеріне қауіп төніп тұрғанын айтып, босқын мәртебесін беруді сұрады. Қазір де қоғам белсенділері "Бұл екі қазақ Қытайға берілмесін!" деп талап қоюда.

Ал өткен жылдың наурыз айында ҚР СІМ Бейбіт АТАМҚҰЛОВ өзінің қытайлық әріптесі Ван Имен кездесіп, соңғысы Синьцзян - Ұйғыр автономиялық ауданындағы «экстремизммен күрес» мәселесінде Қазақстанның қолдау танытуын бағалайтынын мәлімдеген болатын.


АТЫРАУДА ҚАНША ҚЫТАЙЛЫҚ КОМПАНИЯ БАР

Жақында менің танысым Нұр-Сұлтаннан Атырауға ұшып келгенде ұшақтағы жолаушылардың тең жартысы Қытай азаматтары екеніне таңданған болатын. Біз облыстық кәсіпкерлік және индустриялық-инновациялық даму басқармасынан Атырау облысының аумағында жұмыс істейтін Қытайдың қатысы бар кәсіпорындар тізімін ұсынуды өтінген едік. Тізім бойынша олардың саны 26:  

1.         "LEGEND INTERNATIONAL" ЖШС - Қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату

2.         "МНСКСК" ЖШС - Мұнай мен табиғи газды өндіру кезіндегі техникалық қолдау

3.         "CNLC INTERNATIONAL KAZAKHSTAN INC" ЖШС-ның филиалы - Геологиялық барлаулар мен ізденістер бойынша қызмет (ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерсіз)

4.         "SHENG YUE CENTRAL ASIA" ЖШС - Өзге де  құрылыс-монтаж жұмыстары

5.         "КАРАТАУ-МУНАЙ" ЖШС - Мұнай мен табиғи газды өндіру кезіндегі техникалық қолдау

6.         "DA LIAN BEIJING" ЖШС - Шаштараздардың,  сән салондарының қызметтерін ұсыну

7.         "SINOPEC ENGINEERING (GROUP) CO.,LTD" ЖШС-ның филиалы - Тұрғын үй ғимараттарының құрылысы

8.         "М.К. БАТЫС-МҰНАЙ-ҚАЙНАР" ЖШС - Мұнай мен табиғи газды өндіру кезіндегі техникалық қолдау

9.         "ЕВРАЗИЯСТРОЙКАПИТАЛ 2007" ЖШС-ның филиалы - 1, 2-санаттағы стационарлық сауда объектілерін қоспағанда тұрғын емес ғимараттардың құрылысы

10.       "КОРНЕЛЛ ГРУПП ЛИМИТЕД" ЖШС-ның филиалы - Тұрғын үй ғимараттарының құрылысы

11.       "ЕД-Л ҚҰРЫЛЫС МОНОЛИТ" ЖШС - 1, 2-санаттағы стационарлық сауда объектілерін қоспағанда тұрғын емес ғимараттардың құрылысы

12.       "РМА КАЗАХСТАН" ЖШС-ның филиалы - Өзге де техника мен жабдықтарды көтерме саудада сату

13.       "ABS MODULAR LIMITED" ЖШС - Көбінесе ағаштан жасалған құрама  үйлер өндірісі

14.       "IPAR INTERNATIONAL KAZAKHSTAN" ЖШС-ның филиалы - Мамандандырылмаған дүкендердегі өзге де бөлшек сауда

15.       "ГУАНМИН" ЖШС - Басқа санаттарға енгізілмеген басқа да кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет

16.       "СЕВЕР МОНТАЖ ГРУПП" ЖШС-ның филиалы - 1, 2-санаттағы стационарлық сауда объектілерін қоспағанда тұрғын емес ғимараттардың құрылысы

17.       "EMPIRE GROUP" ЖШС-ның филиалы - Қандай да бір нақтылаусыз тауарлардың кең ассортиментін көтерме саудада сату

18.       "ИНЖЕНЕРНАЯ БУРОВАЯ КОМПАНИЯ "СИ БУ" АТЫРАУ" ЖШС - Мұнай мен табиғи газды өндіру кезіндегі техникалық қолдау

19.       "STARSE.KZ" ЖШС - Геологиялық барлаулар мен ізденістер бойынша қызмет (ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерсіз)

20.       "ЛЭЙЗЕР ГАЛФ КЗ" ЖШС - Жылу электр станцияларының  электр энергиясын өндіруі

21.       "СОЮЗМУНАЙГАЗ КОМПЛЕКТ" ЖШС - Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге дербес қызметтерді ұсыну

22.       "CNCEC" компаниясының филиалы - 1, 2-санаттағы стационарлық сауда объектілерін қоспағанда тұрғын емес ғимараттардың құрылысы

23.       "ШАНХАЙСКАЯ ТОРГОВАЯ КОМПАНИЯ "ИН ЧИ" компаниясының филиалы - Машиналарды, жабдықтарды, өнеркәсіптік жабдықтарды, теңіз және әуе кемелерін сату жөніндегі агенттердің қызметі

24.       "ЭССА АСТАНА" ЖШС-ның филиалы - Тұрғын үй ғимараттарының құрылысы

25.       "АТЫРАУСКИЙ НЕФТЯНОЙ ЦЕНТР" ЖШС - Басқа топтамаларға енгізілмеген өзге дербес қызметтерді ұсыну

26.       "ЭМБАВЕДЬОЙЛ" ЖШС - Шикі мұнайды және ілеспе газды өндіру

Қазіргі таңда өңірде Қытай мемлекетінің қолдауымен (қаржысымен) 2021 жылдың соңына дейін  тағы бір ірі жобаның іске асырылуы жоспарланған - ол "KPI Inc." ЖШС - Газ-химиялық кешен құрылысы, оның  1-кезеңі 2021 жылдың соңында аяқталуы тиіс. Жоба құны  814 млрд теңгені құрайды және 550 адамды жұмыспен қамтиды.


СИНОЛОГҚА САУАЛ

Мен Қытайдың «жұмсақ күш» ұғымын зерттеп жүрген Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ синологы Ержан КЕРІМБАЙҒА бірнеше сұрақтар қойдым.

- Қытайдың жұмсақ күш ұғымы туралы әңгімелеп берсеңіз?

2019 жылы Қазақстанға инвестиция салған мемлекеттердің бестігі: Нидерланд (1,8 млрд долларов), АҚШ (1,45 млрд), Швейцария (0,65 млрд), Қытай (0,36 млрд) және Франция (0,25 млрд).

 - «Жұмсақ күш» теориясының авторы ХХ ғасырдың ең ықпалды саясаткерлерінің бестігіне кірген, Гарвард университетінің профессоры Джозеф Най. Бұл теория бойынша, белгілі бір мемлекет рухани және материалдық мәдениет, қоғамдық және саяси принциптер, жүргізіп отырған ішкі және сыртқы саясаттың сапасы сияқты факторларды іске қосу арқылы өзіне тиімді нәтижелерге қол жеткізе алады. «Жұмсақ күш» - өз мақсатыңа күш көрсету, мәжбүрлеумен емес, керісінше өзіңнің тартымдылығыңмен қол жеткізе білу қабілеті. Бұл жаулап алу немесе бағындыру емес, керісінше адамдардың «ақыл-ойын игеру», оларды өз елің мен мәдениетіңе деген қызығушылығын ояту арқылы тарту.

Мысал ретінде айта кетсек, қазіргі кезде Димаш Құдайбергенді қазақтың жұмсақ күші деуге болады. Бүкіл әлемде Димаштың арқасында қазақ мәдениетіне, қазақ халқына, қазақ еліне деген қызығушылық өсіп келе жатыр. Миллиардтаған ақша бөліп, елдің сырттағы имиджін қалыптастыра алмай отырған біздің үкімет үшін бұл бір таптырмайтын мүмкіндік.

Ал енді Қытайдың жұмсақ күшіне келсек. ХХ ғасырдың 60-70 жылдары болған «Мәдени революциядан» әбден тұралап, халқы аштыққа ұрына бастаған Қытайда, 76 жылы Мао Дзе дун өліп, билікке Дың Сяопиң бастаған прагматиктер келді. Олар бастаған реформалардың арқасында Қытай тез есін жинап, қарқынды даму жолына түсті. Бүкіл әлемнің назары Қытайға ауды. Қытайдың қарқынды дамуы, әсіресе әскери қаражатының жыл сайын артуы басқалардың күдік-күмәнін тудырып, «Қытай қаупі» деген мәселе көтерілді. Әлемдік қауымдастықтың бір ықпалды мүшесіне айналуды көздеген және өзінде жетпей жатқан энергетикалық ресурстарға қол жеткізуді мақсат етіп отырған Қытай үшін «Қытай қаупі» үлкен кедергі болды. Соған байланысты Қытай әлемнің өзіне деген күдігін сейілтуді және өзара сенімді қатынас орнатуды маңызды орынға қоя бастады. Бұған дейін «Қытай қаупі» дегенде көбінесе оның демографиялық қысымы назарға алынатын. Кейін келе Қытай экономикасының қарқынды дамуына байланысты әлем оның экономикалық экспансия жасауынан үрейлене бастады. Ал Қытайдың әлеуметтік кешенді қуатының өсуі одан қауіптенуге негіз болды.

Қытайдың әскери және экономикалық потенциалының артуы әлемде бұрыннан қалыптасқан күштердің балансын өзгертті. Сондықтан ҚХР үкіметі әлемге «Қытай қаупі» болмайтынын айтып, «Қытайдың бейбіт өрлеуі» ешкімге қатер төндірмейтінін уағыздап, Қытайдың бейбітшіл ел екендігіне сендіру үшін жұмсақ күш тәсілдерін қолдануды жөн санады.

1987 жылы ҚХР мемлекеттік  қытай тілін әлемге таратуға  басшылық ету тобының кеңсесі құрылды. Бұл мекеме қысқаша «Қытай тілі кеңсесі» (Ханбан) деп те аталады. Мемлекеттік қытай тілі кеңсесі  ҚХР Білім министрлігіне тіке қарасты мемлекеттік мекеме. Жер жүзі  елдеріндегі  қытай тілі мен мәдениетін үйренушілерге көмек беру, қолдау көрсету  тұрғысында құрылған аталмыш  кеңсенің түпкілікті мақсаты мен негізгі міндеті – шетелдіктердің  қытай  тіліне деген сұранысын барынша қанағаттандыра отырып, қытай тілі мен мәдениетінің күллі адамзат мәдениетімен қол ұстасып, қатар дамуына  жағдай жасау. ХХ ғасырдың 90-шы жылдары қытай ғалымдары Джозеф Най ұсынған «жұмсақ күш» теориясын жан-жақты талқыға салды. Қытайдың тарихында талай рет осындай саясатқа жүгінген тұстарын айтып, бұл теорияның Қытай үшін жат емес екенін дәлелдеуге тырысты. Осылайша қытай тілі мен мәдениетін әлемге насихаттау үшін, тарату үшін, жоғарыда айтып кеткен «Ханбан» мекемесі 2000 жылдардың басында Конфуций институттарын құра бастады. 2007 жылдың қазан айында өткен ҚКП-ның  ХVІІ съезінде қытай тілі мен мәдениетін  шет мемлекеттерге тарату Қытайдың сыртқы «жұмсақ күш» саясатының маңызды мазмұны ретінде партияның бағдарламасына кіргізілді. Қазір әлемнің 154 мемлекетінде 548 Конфуций институты мен 1193 Конфуций кластары (мектептерде жүргізеді қызметін) ашылған.

Қытай өзінің бай тарихи, рухани, мәдени мұрасы мен қазіргі таңдағы әлеуметтік-экономикалық дамуына, аса зор қаржылық байлығына арқа сүйей отырып, өздері жөнінде қалыптасқан көзқарасты өзгертіп, қазір Еуроодақтан сәл төмен және АҚШ-пен қатар тұра алатын жетекші ойыншыға айналды.

- Оңтүстік-шығыстағы көршілеріміз Қазақстанға қалай әсер етуде?

- Қытайдың біздің елдегі «жұмсақ күш» саясаты Қытайдың Орта Азия мемлекеттеріне бағытталған саясатының бір бөлшегі. Орта Азияға қытай жұмсақ күші ықпалы алдымен тіл және мәдениетін таратудан басталып, қытай халқының құндылықтарын сіңіруге қарай бет алып барады. Ал, қытай тілін оқыту Орта Азиядағы мемлекеттерде екі жүйе бойынша өрістеп келеді. Оның бірі жергілікті жоғары оқу орындары мен әлеуметтік тіл оқыту орталықтарында, екіншісі Конфуций институттары мен сыныптары жүйесінде. Қытай Орта Азия елдерімен сауда-экономикалық байланыстарын жасай отырып, білім беру саласындағы байланыстарды дамытуға, әсіресе жұмсақ күш ықпалын арттыруға  назар аударды. Орта Азия елдері де алғашқы экономикалық қиыншылықтан шығу үшін Қытаймен кең көлемде байланыстарды дамытуға мүдделі болды.

2007 жылдан бері Қазақстанда 5 бірдей Конфуций институты ашылды. Оның екеуі Алматыда, қалғандары Нұр-сұлтан, Қарағанды, Ақтөбе қалаларындағы жоғарғы оқу орындарында ашылды. Әлі де мұндай оқу-ағарту мекемелерін ашу жоспарланып отыр. Қазақстанда қытай тілін үйрету мен қытай мәдениетін насихаттау өз жемісін бере бастады. Соңғы он жылда қытай тілін меңгерген қазақстандықтардың саны артты.  


«АДАМ КАПИТАЛЫ АРҚЫЛЫ МҰНАЙ МЕН ГАЗҒА ҚОЛ ЖЕТКІЗУ»

- Сіз бір сұқбатыңызда еліміздің студенттері үшін Қытайда бөлінетін гранттар мен жеңілдіктер туралы айтыпсыз. Бұл жерде қандай саясат бар?

- Қазақстан Қытай үшін өте маңызды ел. Негізгі көздегендері - Қазақстанның жерасты қазба байлықтары. Қазір ҚР негізігі кірісі көмірсутегін сатудан түсіп отыр, негізгі тұтынатын нарық Америка мен Европа елдері.  Бұл жерде оны тасымалдау үлкен мәселеге айналды. Әуемен қымбат. Кемемен уақыт алады. Сосын кеме жолдары қазіргі кездегі саяси тұрақсыз, түрлі қақтығыстар болып жатқан Судан, Сирия сияқты қауіпті елдердің тұсынан өтеді. Ал құрлық арқылы, яғни Қазақстан арқылы Еуропа нарығына өту барлық жағынан тиімді. Сондықтан қазіргі Қытайдың сыртқы саясатындағы ең бір приоритетный бағыт ол - «Бір жол – бір белдеу» инициативасы болып отыр.

Сондықтан да Қытай қазақстандық студенттерге берілетін гранттарды аямайды. Өйткені, елдің болашақ элитасы дәл осы оңтүстік-шығысқа қарай бағыт алатын болады деп болжайды.  

- Қазақстандағы жемқорлықты Қытай қалай пайдаланып отыр?

Қытай өзінің көздеген мақсатына жету үшін түрлі қитұрқылыққа баруы мүмкін. Оған біздегі жемқорлық жайлаған жүйе өте қолайлы болып тұр. Экономикалық даму барысында Қытайда өте көп ақша жиналып қалған. Олар соны сыртқа инвестиция ретінде шығаруға мұқтаж. Өздеріне тиімді шарттармен зауыт, фабрика және тағы да басқа өндіріс орындарын салуға, қазба байлықтарын игеруге дайын. Қытайлар көптеген әлемдік стандарттарды сақтай бермейді. Жергілікті экологияға, сол жердің халқының денсаулығына тигізетін зиянын, олардың әлеуметтік жағдайына жасалатын көмектерді елеп-ескермейді. Барынша жылдам пайда әкелетін, өздеріне ғана тиімді әдістермен жұмыс жасайды. Және де сол мақсаттарына жету үшін биліктегі, жергілікті шенділермен жең ұшынан жалғануға дайын. Соңғы кезде оны әбден меңгеріп те алды. Ондай шарттар ашық түрде жасалмайды. Бір күні қарасаң, зауыт салынып жатады. Не зауыт, кім салып жатыр, не өндіреді, өнім қайда сатылады, жергілікті халыққа не пайда деген сияқты сұрақтар жауапсыз қалады. Белгілі бір топ шенділердің ғана мұрты майланады.

- Елімізге инвестиция салып, қарыз беріп, Қытай біздің өндірістерге, кен орындарына басшылық ете бастады. Атырауда да көптеген компаниялар Қытайлық үлеспен жұмыс жасап жатыр. Бұл туралы сіздің пікіріңіз қандай?

- Әрине, Қытай инвестициясы дамушы елдердің экономикасының дамуына біраз көмек болғаны рас. Бірақ ойландыратын мәселелер де көп. Қытай Жібек жолы бойындағы елдерге мемлекеттік кепілдіктермен инвестиция салады, кредит береді және технология енгізіп, энергетикалық ресурстарын ашады, маңызды инфрақұрылымдар құрылысын жасайды. Сол арқылы қытай қорланып қалған валютасын айналымға салады, қажетінен асып қалған өндіріс қуатын экспорттайды. Егер қарыз алушы мемлекеттер белгіленген уақытта қарызын қайтара алмаған жағдайда, порт немесе кендерін Қытайға ұзақ мерзімге пайдалануға беру арқылы төлейді. Кейбір ақпараттарға сүйенсек, қазір Қытайдың қарызын қайтара алмайтын елдердің саны 23-ке жеткен. Олардың қатарында Орта Азияда Тәжікстан мен Қырғызстан бар. Оңтүстік Азиядағы Шри-Ланка қарызы үшін өзінің үлкен Хамбантоте портын Қытайға 99 жылға пайдалануға берді.

«Бір белдеу – бір жол» аясында Қытаймен келісім жасаған кейбір мемлекеттер келісімшарттарын қазір қайта қарай бастады. Ал Қазақстан үкіметінің Қытайдан кредит алуын жалғастырып жатқаны тіпті де түсініксіз. Қалай болғанда да оны қайтаруға тура келеді ғой.

Нұргүл ХАЙРУЛЛИНА

15 қаңтар 2020, 12:36

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.