Индер ауданы Аққала ауылының тұрғындары «АЖ»-ға хабарласып, ауылда жүйке ауруына шалдыққан отыз жастағы жігіттің ауыл ішінде, мектеп айналасында жүріп, ерсі қылықтар жасайтынына алаңдайтындары туралы шағым айтты.
- Бұдан да өткен сорақысы, кейде шешініп тастап, дүкен алдында тұрады, мектеп жаққа барады, балаларды қорқытады. Осыған алаңдап, балаларды мектептен кезектесіп күтіп аламыз. Полицияға хабарлаймыз, олар не істейді. Әкімдік те дәрменсіз,- дейді Аққала ауылының тұрғындары.
- Жазда парламент депутаты Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ келгенде мәселе етіп көтергенбіз, ол аудан әкімінің орынбасары Дарын ШАМҰРАТОВҚА тапсырды. Ол Құлсары қаласынан осындай науқастарға арналып, аурухана ашылатынын, соған жіберілетінін айтқан болатын, бірақ онысы орындалмады- дейді ауыл ақсақалы Марат РАУШАНОВ.
Бізге Доссор кентінен де тұрғындар хабарласып, үнемі иттерді қос-қостап ертіп жүретін науқастан балалардың қатты қорқатынын жеткізді. Бір қарағанда адамға зияны жоқ сияқты, бір жағынан аяйсың, бірақ балаларының қауіпсіздігін ойлаған ересектерді де түсінуге болады.
Индер аудандық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің бастығы Ажар СЕРІКҚАЛИЕВА мынадай түсінік берді:
- Халықты әлеуметтік қорғау саласында арнаулы әлеуметтік қызметтер көрсету стандарттарын бекіту туралы ҚР Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрінің 2015 жылғы 26 наурыздағы № 165 бұйрығына сәйкес жүйке сырқатына ұшыраған адамдарды стационарлық жағдайда өмір бойы тұрақты немесе уақытша жатқызуға болады. Алдымен жүйке ауруына шалдығып, өз әрекетіне есеп бере алмайтын сырқатты соттың әрекетке қабілетсіз деп тану туралы шешімі және мүгедектігі, жергілікті атқарушы органның жолдамасы, жеке басын және сырқатына байланысты құжаттар қажет. Мәселен, Аққала ауылы тұрғындарының арызына сәйкес осы тұрғыдағы науқас Ж. Ө. бос орын болмауына байланысты қабылдауға мүмкіндігі жоқ болып тұр. Күні бүгінде ол облыстық психиатариялық ауруханаға жатқызылды, бірақ бұл да уақытша. Ол кезекте 72-ші болып тіркелген.
Жүйке ауруларына шалдыққан науқастарға арналған орталық Махамбет ауданы Сарайшық ауылында орналасқан. Бірақ бұл аздық етіп, Жылыой ауданы Құлсары қаласынан әлеуметтік көмек көрсету орталығын ашу қолға алынды.
- Бірақ оған ғимарат әзір емес, алдымен сметалық жобалау құжатын жасау керек. Одан кейін қаржы бөлініп, өңдеу құрылысы жалғасатын болады,- дейді №2 әлеуметтік көмек көрсету орталығының директоры Ғалия ТАБЫЛДИЕВА.
- Бұл орталыққа сұраныс беріп отырғандар бар ма?
- Бар, қазірдің өзінде осы орталыққа 170 науқас келеді деп күтілуде.
Ләззат ҚАРАЖАНОВА
Суретті түсірген автор