Атырау, 23 қараша 17:01
 ашықВ Атырау +2
$ 498.34
€ 519.72
₽ 4.85

Өткенге оралу: Атырау басшылары қалай тағайындалды

Сурет
7 432 просмотра


Жаңа жыл қарсаңында Атырау облысының бұрынғы әкімі, қазіргі ҚР Энергетика министрі Нұрлан НОҒАЕВ биліктегі өзінің  «командалық» ауыс-түйісіне түсінік берді.

Атырауда «Орал экспансиясы» болған жоқ. Белгілі бір өңір өкілдерінің экспансиясы туралы әңгімелермен келіспеймін. Өйткені лауазымға тағайындау кезінде мемлекеттік қызмет туралы заңға сәйкес белгілі бір рәсімдер орындалады. Барлық тағайындалған адамдар осы рәсімнен өтті. Бұлардың әрқайсысы өздерін ұсынып, конкурсқа қатысуға құқылы еді. Денсаулық сақтау бөлімінің басшысын тағайындауда ғана ерекшелік болды. Біз ешкімге тыйым салмадық, - деді Ноғаев Үкімет отырысынан шыққаннан кейін. Жаңа министрдің айтқаны қаншалықты рас екенін тексеру қиын емес.

Егер осыдан үш жыл бұрын көрші Батыс Қазақстан облысынан ағылған шенеуніктердің импорты туралы «АЖ» жазған болса, қазір бұл құбылыс туралы жергілікті кадрлық дағдарыс деп батыл айтуға болады.

Бұл құбылыстың Атырау облысында жиырмаға тарта жыл ішінде қалай қалыптасқанын аймақ басшылары жүргізген кадр саясатына терең талдау жасағанда анық байқауға болады.

Облысымызда қай әкімнің қандай командамен жұмыс істегенін еске түсіру оқырмандарға қызықты деп ойлаймын.


ТАСМАҒАМБЕТОВ ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ


Иманғали Нұрғалиұлы өзінен бұрынғы басшылардан (Сағат ТҮГЕЛБАЕВ, Равиль ЧЕРДАБАЕВ) кейін алғаш рет біздің ішпыстырар және біртектес посткеңестік номенклатураны жаңадан келген мамандармен толықтырды. Оның бірінші орынбасары кейін Маңғыстау облысын басқаруға кеткен Болат ПАЛЫМБЕТОВ болды. Атырау қаласының әкімі болып Жамбыл облысынан келген Дүйсенбай ТҰРҒАНОВ тағайындалды.

Айта кетерлігі, облыс орталығының шаруашылық-коммуналдық саласын (сол кезде қазақ мұнайының 100 жылдығына дайындық жүрді) астаналық және алматылық кадрлардың "басып алуына" қарамастан, Тасмағамбетов командасының бір бөлігін жергілікті азаматтар - орынбасарлары Нұрпейіс МАХАШЕВ, Таскира МУРСАЛИЕВА, облыс әкімі аппаратының басшысы Тауфик КӘРІМОВ - құрады. Тасмағамбетовты Алматының әкімі етіп тағайындағанда команданың бір бөлігі онымен бірге сол жаққа көшіп кетті.


ДӘУКЕЕВ КОМАНДАСЫЗ КЕЛДІ


2000 жылдың желтоқсанында Серікбек ДӘУКЕЕВ Атырау облысының әкімі болып тағайындалды. Бұған дейін ол 7 жыл бойы геология, экология, жер қойнауын қорғау және т.б. әртүрлі министрліктер мен комитеттерді басқарды. Дәукеевтің әкімшілік-шаруашылық тәжірибесі болған жоқ, оның командасы осы Атырауда құрылды. Орынбасарлары: Фархат ЕРҒАЛИЕВ (1-орынбасары) пен Досмағамбет ЕРҒАЛИ (экономика бойынша) Алматыдан келді. Жергілікті мамандардың ішінен облыстық мәслихаттан облыс әкімінің орынбасарына өткен Қайрат ИЩАНОВ және Тасмағамбетовтан кейін креслосын сақтап қалған Таскира Мурсалиева болды. Дәукеевтің тұсында облыстық ішкі саясат департаментін бүгінде белгілі қазақстандық саясаттанушы Айдос САРЫМ басқарды. 

Облыс әкімі лауазымында Серікбек Жүсіпбекұлы екі жыл қызмет етті, одан кейін оның саяси мансабы аяқталды - оны Алматыда Қ.И.Сәтбаев атындағы Геологиялық ғылымдар институтының директоры етіп тағайындады.

Парламенттің II шақырылымында (1999-2004 ж.ж.) атыраулықтардан Мәжіліске Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Фариза ОҢҒАРСЫНОВА және Хакім КУШКАЛИЕВ, ал Сенатқа Жандарбек КӘКІШЕВ, Алмаз ҚОЖАҒАЛИЕВ және Төлеуіш СЕРІКОВ депутат болды.


МУСИННІҢ АҚТӨБЕЛІК ДЕСАНТЫ


2002 жылдың сәуірінде Атырау облысына тәжірибелі басқарушы Аслан МУСИН тағайындалды. Бізге келгенге дейін ол Ақтөбе облысын 8 жыл басқарған. Мусин – бізге түгел өз командасымен келген алғашқы әкім, онымен бірге Атырауға Ақтөбеден орта дәрежелі шенеуніктердің барлығы дерлік көшіп келді.

Мусиннің орынбасарлары Виктор СУПРУН (облыс әкімінің бірінші орынбасары), Серік НОКИН (құрылыс және ТКШ), Манас ТАСЫБАЕВ (қала әкімі) Ақтөбеден келді. Қала әкімінің екі орынбасары, облыстық қаржы басқармасының, құрылыс департаментінің, салық комитетінің, «Атырау Ақпарат» және тіпті қалалық су арнасының басшылары да сол жақтан келген.

Мусин Атырау облысын төрт жыл басқарды. 2006 жылдың қазан айында оны ҚР Экономика және бюджеттік жоспарлау министрі етіп тағайындады, бір жылдан кейін ол Мәжіліс спикері және одан әрі Қазақстан Республикасы Президент әкімшілігінің басшысы болды.

Айта кету керек, Аслан Мусин – өзінен кейінгі билікті өзі қамқорлап жүрген жергілікті ізбасары Бергей РЫСҚАЛИЕВКЕ тапсырып кеткен Атырауды басқарған алғашқы әкімдердің бірі.

Парламенттің III шақырылымында (2004 ж.) төмендегі атыраулықтар депутат болды:

Қайрат ИЩАНОВ, Жандарбек КӘКІШЕВ, Асқар ҚОЖАҒАЛИЕВ - Сенат, Равиль ЧЕРДАБАЕВ (бұл жерде мен басқа депутаттарды таба алмадым) - Мәжіліс.


РЫСҚАЛИЕВ ӨЗ ЖЕРЛЕСТЕРІНЕ СЕНІМ АРТТЫ


Бизнестен билікке келген Бергей Рысқалиев басқарған кезде ақтөбеліктерді атыраулықтар ығыстырды. Оның орынбасарлары Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ (бірінші орынбасары), Қилымғали ҚАЙНЕНОВ, Серік АМАНҒАЛИЕВ, Асқар КЕРІМОВ, Сәлімжан НАҚПАЕВ (қала әкімі) – Атырау облысының тумалары. Тек Болат ДӘУКЕНОВ пен Жандос ӘКІМЖАНОВ Алматыдан келген.

Айта кету керек, Рысқалиев өңір басшысы болған тұста барлық аудан әкімдері мен облыс басқармалары мен министрліктердің аумақтық департаменттерінің басшылары жергілікті азаматтар болды.

Бергей Рысқалиев 6 жыл - 2012 жылдың тамыз айына дейін - әкім болды. Қазір ол қылмыстық қудалауда және шетелде жасырынып жүр. 

Парламенттің 2007-2012 жылдары IV шақырылымында біздің өңірден Қайрат ИЩАНОВ, Жандарбек КӘКІШЕВ, Сәрсенбай ЕҢСЕГЕНОВ Сенатта өкілеттік етсе, Мәжілісте Ұзаққали ЕЛЕУБАЕВ, Жалғас ДҮЙСЕНҒАЛИЕВ, Асхат БЕКЕНОВ, Еркін ШПАНОВ, Аманжан РЫСҚАЛИ депутат болды.


ІЗМҰХАМБЕТОВ ЖӘНЕ ОРАЛ ЭКСПАНСИЯСЫНЫҢ БАСТАЛУЫ


Келесі әкім – Бақтықожа Ізмұхамбетов, ол бізге Мәжіліс спикерінің орынбасары лауазымынан келді. Бақтықожа Салахатдинұлы Үкіметте (энергетика және минералдық ресурстар министрі) жұмыс істеген санаулы атыраулықтардың бірі екеніне қарамастан, қазіргі өңіріміздегі оралдық кадрлар экспансиясының іргесін қалады. Ол тағайындалғаннан кейін бірден 2008-2012 жылдары Батыс Қазақстан облысының әкімі болған кездегі командасын түгелімен әкелді. Орынбасарлары Ғұмар ДҮЙСЕМБАЕВ (бірінші орынбасары), Шыңғыс МҰҚАН, Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ (әкім аппаратының басшысы) – барлығы да Ізмұхамбетовтің БҚО-дағы командасы. Бұдан басқа, Атырау облысына БҚО-дан  ІІД және ҰҚКД  басшылары да ауысып келді.

Айта кету керек, Бақтықожа Ізмұхамбетов қазақстандық номенклатура тарихында болмаған істі жасады. Ол екі рет өңір басшысының орынтағына өз қамқорлығындағы ізбасары – Нұрлан НОҒАЕВТЫ отырғызды. Ол алдымен Батыс Қазақстан облысының, кейін Атырау облысының әкімі болып тағайындалды.


НОҒАЕВТЫҢ ОРАЛДЫҚ КОМАНДАСЫ


Ақтөбе облысының тумасы Нұрлан Ноғаев бізге Батыс Қазақстан облысының әкімі орынтағынан келді (оған дейін ол Ізмұхамбетовтың орынбасары болды).

Оның орынбасарлары: Серік ШАПКЕНОВ (бірінші орынбасары), Жасұлан СҮЙІНІШӘЛИЕВ. Әкімдер - Әлимұхаммед ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ (қала әкімі), Азамат БЕКЕТ (Жылыой ауданы), Марат МҰРЗИЕВ (Исатай ауданы) – барлығы БҚО-да жұмыс істеген. Ноғаевтың атыраулық жалғыз орынбасары Нұрсәуле САЙЛАУОВА, қазір жемқорлық бойынша сотталып жатыр.

БҚО-дан келген облыстық басқарма басшылары:  Алмагүл БАЙМАҒАМБЕТОВА (мемлекеттік сатып алулар), Мәншүк  АЙМҰРЗИЕВА (облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы, бірнеше дау-дамайлардан соң жұмыстан кетуге арыз берді), Асқар ЖАНАХМЕТ (жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар), Айдар НҰРАЛИЕВ (экономика және  бюджеттік жоспарлау), Мұрат ИҒАЛИЕВ (ТКШ).

«Оралдық команда» тұсында бірінші рет парламентке Атырау облысы тумалары өтпегенін атап өткен жөн. 2016 жылы Сенатқа Ғұмар Дүйсенбаев сайланды (Ізмұхамбетовтің екі облыстағы бірінші орынбасары). «Нұр Отанның» партиялық тізімі бойынша Бақтықожа Ізмұхамбетов, Атырау қаласындағы Қазіргі заманғы Каспий өңірі колледжінің директоры  Бақытгүл ХАМЕНОВА және Шығыс Қазақстан облысының тумасы, АМУ ректоры Бейбіт МАМЫРАЕВ мәжіліс депутаттары атанды.


ДОСМҰХАМБЕТОВ БҰРЫНҒЫ КОМАНДАМЕН ЖҰМЫС ІСТЕП КӨРМЕК


18 желтоқсанда Атырау облысының әкімі ауысты. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тоғызыншы өңір басшылығына бұрынғы энергетика вице-министрі, атыраулық құрметті мұнайшылар әулетінің өкілі  Махамбет ДОСМҰХАМБЕТОВ тағайындалды. Атыраулық сенатор Сәрсенбай Еңсегенов облыс әкімдігінен үмітті деген әңгіменің болғаны да белгілі, алайда Ақорданың таңдауы танымал бола қоймаған, тек мұнай саласындағы кабинеттік тәжірибесі ғана бар вице-министрге түсті.

Бейресми ақпарат бойынша, Досмұхамбетов Ноғаевтың кадрларына әзірше өз командасы жасақталғанша жұмыс істей тұруды өтінген екен. Оның алғашқы тағайындауларының бірі - денсаулық сақтау басқармасының басшылығына жергілікті кадрды отырғызды.


ҮЛКЕН САЯСАТТА АТЫРАУЛЫҚТАР ЖОҚ

Бұл шолу Атырау облысындағы және жалпы еліміздегі кадр саясаты мамандардың кәсіби біліктілігі мен құзыреттілігіне емес, тікелей кландық тиесілік бойынша жасалатынын көрсетіп берді.  Бұл өңіріміздің болашағы үшін өте қауіпті үрдіс, өйткені басшылардың командалық қозғалысы салдарынан қазір Атырау өңірінің тумалары тек еліміздің технократ элитасында (мұнай-газ және өнеркәсіп саласы) ғана танылып отыр. Сондықтан да осымен екінші әкімді салалық министрліктен әкеліп тағайындау таңғаларлық емес. 

Ел саясатындағы "алпауыттардың" бірі - Тасмағамбетовтің жақында зейнеткерлікке кетуінен кейін үлкен саясат пен атқарушы биліктің жоғары эшелонында атыраулықтар жоқ деп сенімді айтуға болады.

Әлия ҚАЙЫРОВА

8 қаңтар 2020, 11:44

Қате таптыңыз ба? Тінтуірмен белгілеп, Ctrl + Enter түймесін басыңыз.

Осы тақырыпқа қатысты бөлісетін жаңалық болса, бізге хабарласыңыз. Ақпарат пен видеоны Телеграм арнамызға және editor@azh.kz жіберіңіз.